Үкімет • 30 Сәуір, 2021

Асқар Мамин: ЕАЭО пандемиядан кейінгі қалпына келу кезеңіне өтуде

32 рет көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңес (ЕҮАК) отырысына төраға ретінде қатысып, онда ЕАЭО-ны пандемиядан кейінгі дамытудың күн тәртібін қалыптастыру қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

«Біздің елдеріміз дағдарыстан кейінгі қалпына келу кезеңіне біртіндеп көшіп жатыр. Елдеріміз жүзеге асырып жатқан жаппай вакциналау қарқынын дәйекті түрде арттыру қысқа мерзімді перспективада ЕАЭО-ның қазіргі дағдарыстан шығуы туралы айтуға мүмкіндік береді», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы өзара сауда көрсеткіштерінің жақсарғанын, өндірістік саладағы өсімнің қалпына келуін және қызмет көрсету секторындағы іскерлік белсенділіктің артқанын атап өтті. Биылғы қаңтар-ақпан айларында ЕАЭО-ның өзара саудасы $9 млрд құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8%-ға артық.

Премьер-Министр ортақ өндірістік жүйелерді қалыптастыру қарқынын едәуір жеделдету, өнеркәсіптік кооперацияны, ЕАЭО-ның қайта өңдеу әлеуетін арттыру және шоғырландыру қажеттігін атап өтті.

«Біздің елдеріміз электромобильдерге арналған батареяларды, сирек кездесетін металдарды, «жаңа материалдарды», қосылған құны жоғары АӨК өнімдерін және т. б. қоса алғанда, өнімдер мен қызметтердің барлық дерлік стратегиялық маңызды түрлері бойынша өндірістерді қалыптастыруда күшейіп келе жатқан бәсекелестікке қосылу тұрғысынан адами да, ресурстық та әлеуетке ие», деді А. Мамин.

Қазақстан Үкіметінің басшысы өнеркәсіптік кооперация жобаларын, оның ішінде мемлекеттік және квазимемлекеттік қаражаттың қатысуымен қаржыландырудың қосымша көздерін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Биыл 28 сәуірде қол қойылған Қазақстан, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктерінің тікелей инвестициялар қорлары арасындағы тең инвестициялау туралы келісімді мысал ретінде келтірді.

Премьер-Министр тауарлар мен қызметтердің өзара саудасына жасанды кедергілер жасауға жол бермеу, шекаралардан өту рәсімдерінің тиімділігін арттыру, мониторинг және бақылау жүйелерінің деректерімен алмасу жұмысын күшейтуге шақырды.

1

ЕАЭО аясында инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігін арттыру жұмысын жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді. Үкімет басшысы қалыптасқан бағыттардың сенімділігіне және жекелеген өңірлердің транзиттік әлеуетіне қатысты белгісіздікке байланысты алаңдаушылықтың өсуіне орай халықаралық көлік ағындарын ауқымды қайта бөлуді ескере отырып, ЕАЭО-ның халықаралық тасымалдау нарығындағы өз үлесін ұлғайтуға және бұған дейін қолжетімсіз болған сыртқы өндірістік тізбектерге қосылуға мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

«Аталған қарқын біздің транзиттік көрсеткіштеріміз арқылы көрініс беруде. 2020 жылы пандемияға қарамастан, ЕАЭО аумағы арқылы Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша контейнерлік тасымалдардың өсуі 64%-ды (511,8 мың ЖФЭ) құрады. Осы жылдың алғашқы үш айында өсім 133%-ды (147 мың ДЭФ) құрады», деді А.Мамин.

Отырыс барысында өнеркәсіптік ынтымақтастықтың 2025 жылға дейінгі негізгі бағыттары бекітілді. Құжат ортақ нарықтың әлеуеті негізінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік өндірісінің озық өсуін ынталандыруға, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, бірлесіп өндірілген тауарлардың сыртқы нарықтарда экспортын ілгерілетуге, инновацияларды және өнеркәсіптің цифрлық трансформациясын бірлесіп ынталандыру жолымен өнеркәсіптік өндірісті технологиялық дамытудың жаңа деңгейіне өтуге бағытталған.

Жерді қашықтан зондтаудың интеграцияланған ғарыш жүйесін қалыптастыру, өзара саудадағы кедергілерді одан әрі жою, үшінші елдермен электрондық сауданы реттеу тәртібі, ЕАЭО ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарығын өсімдіктердің қауіпті вирустарының таралуынан қорғау мәселелері және басқа да мәселелер қаралды.

Еуразиялық экономикалық комиссия мен Өзбекстан Үкіметі өзара іс-қимыл туралы меморандумға және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойды.

Сондай-ақ отырысқа Армения Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян, Беларусь Үкіметінің басшысы Роман Головченко, Қырғызстан Үкіметінің басшысы Улукбек Марипов, Ресей Үкіметінің басшысы Михаил Мишустин, Тәжікстан Үкіметінің басшысы Кохир Расулзода, Өзбекстан Үкіметінің басшысы Абдулла Арипов, Молдова Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Аурелий Чокой (онлайн-режимде), Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Сердар Бердымухамедов қатысты. Куба Премьер-Министрі Крус Мануэль Марреро бейне мәлімдеме жасады.

Соңғы жаңалықтар

«Егеменге» жазылыңыз – сыйлық ұтып алыңыз!

Егемен Қазақстан • Бүгін, 19:08

Курчатовта АЭС салынуы мүмкін

Қазақстан • Бүгін, 18:02

Вакцина салдырғандар саны артты

Коронавирус • Бүгін, 09:35

905 адамнан коронавирус анықталды

Коронавирус • Бүгін, 09:08

Ұқсас жаңалықтар