Аймақтар • 30 Сәуір, 2021

Қызылжар қыстан қысылмай шықты

311 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Солтүстік Қазақстанда қыс өте суық болды, оның үстіне қар да қалың түсті, деп хабарлайды Еgemen.kz.

Қызылжар қыстан қысылмай шықты

Ауаның температурасы -40 градустан асқан кездер басқа жылдарға қарағанда жиі болды. Міне, осы қыс та аяқталып, жылыту маусымы тоқтатылды.

Қала әкімі Болат Жұмабековтың айтуына қарағанда қаланың жылу жүйесіне қарайтын 4,5 мың ғимараттың, оның ішінде әлеуметтік саланың 188 үйінің бірде-бірінде суы қатқан немесе құбыры жарылған сияқты шектен шыққан апатты жағдай болған жоқ. Бұған қысқа дайындықтың мұқият жүргізілгендігінің арқасында қол жеткізілген. Жылу жүйелерінде 51 зақымдану жөнделіп, 230 шақырымдық бітелген құбырлар ауыстырылған.

Бірақ тұрғын үйлердің суықтығына шағым айтылған 167 арыз түскен. Олардың бәрі де өз уақытында тексеріліп, тиісті шаралар қолданылған. Мәселен, Жамбыл көшесіндегі 123 үйдің тұрғындары ақпан айында үйлерінің суықтығын айтып шағымданған. Тексеріс барысында ПИК жылыту құбырларын тазаламағаны, қысқа дайындық паспортын алмағандығы анықталған. Соның кесірінен үйге ыстық су толық жетпеген. ПИК-тің төрағасы тұрғындардың өздеріне кінә артып, пәтер ақысын төлемей, 1,5 млн теңге қарыз болып отырғандарын айтқан.

Қаланың коммуналдық қызметтері жарты күннің ішінде бойы таттанып, жылу өткізбей жатқан құбырларды ауыстырған.

Бұл жұмысты ПИК төрағасы атқаруы тиіс болғанымен, өз кәсіптеріне салғырттық танытқан.

Үйлердің жылу жүйелерінен ыстық судың өтуіне кедергі болатын тағы бір себеп – құбырларды ауыстырғанда баланстық талаптың сақталмайтындығы көрінеді. Атап айтқанда, жертөлелерді жөндегенде ПИК-тер үлкенірек диаметрлі құбырдың орнына бағасы арзан деп жіңішкесін орнатқан. Ал бұдан  баланс сақталмай, сырттан келген ыстық су еркін жүре алмай қалады. Соның кесірінен үйлерге де ыстық күйінде жетпейді екен. Негізінен осындай жауапсыздықтардың салдарынан үйлердің температурасы суықтау болған.

«Жалпы алғанда Петропавлдың жылумен қамтылуы биылғы қыста штаттық режімде болды», деген қала әкімі Болат Серікұлы жаңа маусымға дайындық бойынша атқарылатын жұмыстар туралы да айтты.

Соның ішінде «Жас өркен», «Солнечный» сияқты жаңа шағынаудандарда жылу жүйелері күшейтілетінін жеткізді. 

ПЕТРОПАВЛ