Аймақтар • 02 Мамыр, 2021

Жұрттың бәрі жұмыста

675 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше, Қазақстан халықтарының бірлігі  күні  жол түсіп СҚО Мамлют ауданындағы Бостандық ауылына бара қалған едік, қайнаған жұмыстың үстінен түстік.

Жұрттың бәрі жұмыста

Жұрттың бәрі мерекелеп, дем алып жатқанда сіздер не істеп жатырсыздар, деген сұраққа осы ауылдың белсенді азаматы Ерлік Мұхамеджанов асар әдісімен намазхана тұрғызып жатқандарын айтты. «Биылғы қыста болған «Менің туым - менің Отаным» деген челленджге жиналған аймақтың түрлі мекендерінен келген жастарымыз ауылға мешіт тұрғызып беруге келіскенбіз және оның жұмысын 1 мамырдан бастауға уағдаласқан едік. Бірақ мешіт салудың қазір түрлі талаптары бар екен, оларды орындауға артық уақыт кетеді, сондықтан біз намазхана тұрғызайық деп шештік.  Мына жиналған жастар қазір сол жұмысқа кірісіп кеткендерміз», деді ол.

Құрылыс материалдарын жергілікті ЖШС мен шаруа қожалықтары беріпті. Қол күшіне ауылдың сыртта жүрген жастары мен ауылда тұратындары жұмыла кірісіп жатқанын өз көзімізбен көрдік. Құрылыс басында біз келгенде 40-50 адам қатты қимылдап, жұмыс істеп жатты.

         Өсер елдің өрісін танытқан бостандықтарға қатты риза болдық. Ерлік пен Дидар деген азаматтардың бастауымен мұнда еліміздің оңтүстігінен көшіп келушілерге де бес үй тұрғызылған. Тағы бір-екеуінің іргетасы қаланып қойылыпты. Көшіп келушілер және олардың қыстан қалай шыққаны туралы «Егеменнің» жақындағы нөмірлерінің бірінен арнаулы мақаламыз да шығатын болады. 

Бостандық ауылының жастары