«Қазақ күресінің даму тарихы тереңде жатыр. Кейінгі он жылда қазақ күресі Үкімет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың арқасында қанатын кеңге жайып, халықаралық аренаға шығып үлгерді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Төл спортымыз – қазақ күресін олимпиялық ойындар деңгейіне дейін көтеруге күш салуымыз керек», деген тапсырмасы аясында қарқынды жұмыс жүргізіліп, бүгінде ұлттық күресіміз әлемнің 50-60 мемлекетінде тамыр жайып, дамып отыр», деді қала әкімінің орынбасары Бақтияр Макен жарыс алдында.
Шілде айында елорда төрінде өтетін дүбірлі дода - «Қазақстан Барысы» туриниріне жолдаманы бабы келіскен 26 балуан сарапқа салды. Тартысқа толы белдесулер нәтижесінде Олжас Шынкеев топ жарып, алтын белбеуді иеленді. Екінші орын Айбат Сейтенге бұйырса, үздік үштікті Нұрбек Досмұханбетов қорытындылады.
Жарыстың алтын және күміс жүлдесіне ие болған қос балуан «Қазақстан Барысында» елорданың намысын қорғайтын болады.