Хоккей • 04 Мамыр, 2021

Мықтылар Балтық жағалауында бас қосады

283 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

21 мамырда Латвияның бас шаһары – Ригада шайбалы хоккейден әлем чемпио­натының шымылдығы түріледі. 6 маусымға дейін созылатын дүбірлі додада 16 команда бақ сы­найды. Бұл жарысқа Еуро­паның Финляндия, Швеция, Ресей, Чехия, Швейцария, Нор­вегия, Дания, Германия, Ұлы­британия, Беларусь, Латвия, Италия және Словакия елдері қатыс­са, Америкадан Канада мен АҚШ келгелі отыр. Ал Азия құрлығынан жал­ғыз Қазақстан құрамасы ғана өнер көрсету құрметіне ие болды.

Мықтылар Балтық жағалауында бас қосады

Негізі айтулы жарысты Беларусь пен Латвия бірігіп ұйымдастыруға тиіс еді. Бұл шешім 2017 жылы Гер­манияның Кельн қаласында өт­кен Халықаралық шайбалы хоккей фе­дерациясының конгресінде қабыл­данды. Алайда осы спорт түрі­­нің тізгінін ұстаған азаматтар Бела­русь еліндегі саяси жағдай­ды еске­ре отырып, бастапқы ұстаны­мы­нан бас тартты. Осылайша, әлем чем­пионатының жалауы Балтық жаға­лауында желбірейтін болды. Бәсе­келер 10 226 көрерменді сыйдыра алатын «Рига Арена» және 6 мың адамға есептелген Олимпиадалық спорт орталығында өтеді.

Қазақстанның хоккейшілері В тобында өнер көрсетеді. Қарсы­лас­тарымыз – Канада, Финляндия, АҚШ, Германия, Латвия, Норвегия, және Италия құрамалары. Бұл командалар арасындағы фавориттер алғашқы үшеуі екені даусыз. Жасыратыны жоқ, Үйеңкі жапырақтар мен Суоми елінің өкілдері және америкалықтарға қарсылық көрсете алмайтынымыз анық. Уақыт озған сайын қарқыны күшейіп келе жатқан немістермен де тіресу қиын болады. Ал Латвия, Норвегия және Италиямен тең дәрежеде айқасуға біздің жігіттердің шама-шарқы жетеді деп ойлаймыз.

А тобында Ресей, Швеция, Чехия, Швейцария, Словакия, Дания, Ұлы­британия және Беларусь күш сынасады. Әр топтың үздік төрт командасы ширек финалға жолдама алады. Одан кейін әдеттегідей жартылай финал, қола медаль үшін тартыс және ақтық сайыс.

Тарихқа зер салсақ, әлем чемпионаты сонау 1920 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқанын аңға­рамыз. Бір ғасырлық тарихы бар жарыста ең көп жүлдені Кана­да құрамасы олжалады. Үйеңкі жапы­рақтар елінің жігіттері 26 мәрте тең­дессіз деп танылды. Келмеске кеткен КСРО-ның хоккейшілері 1954-1991 жылдары атой салды. Сол аралықта 35 мәрте ұйымдастырылған дүниежүзілік доданың 22-сі Кеңес Одағы ойыншыларының жеңісімен аяқталды. Сондай-ақ Чехия (Чехословакияны қоса алғанда) – 12, Швеция – 11, Ресей – 5, Финляндия – 3, АҚШ – 2 және Словакия мен Ұлыбритания –1 реттен бас жүлдені иеленді.

Санаулы күндерден кейін 84 мәр­те жалауын желбіреткелі отырған жауапты жарыста осал қарсылас жоқ. Жоғарыда біздің жігіттерге Ка­нада, Финляндия және АҚШ-тың қар­қынына шыдас беру өте қиын бо­латынын ашық айттық. Өйткені бұл елдердің жеңіспен өрілген тамаша дәстүр, талай жылдар бойы қалыптасқан керемет жүйе, мық­ты бапкерлік мектебі бар. Қазіргі кезде де олардың ойыншылары мұз айдындарында жасындай жарқылдауда. Германия әлем чем­пионаттарында төрт рет (2 күміс+2 қола) жеңіс тұғырына көтерілсе, Еуропа біріншіліктерінде сегіз жүлде (2 алтын+4 күміс+2 қола) алды. Бұл табыстарға немістер ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қол жеткізген. Соңғы рет олар 1953 жылы күміс медальды еншіледі. Бірақ соған қарап, қазіргі уақытта Германияны «қалпақпен ұрып аламыз» деген ой туындамауға тиіс. Өйткені 2018 жылы Пхенчханда алауы тұтанған Олимпия ойындарында немістердің күллі жанкүйерлерді ауыздарына қаратып, күміс жүлдені олжалағаны есімізде. Осы жайттың өзі-ақ, Германия хоккейшілерінің мықтылығын айқын аңғартса керек.

Ал қалғандарын қапы қалдыруға болады. Мәселен, Норвегия хоккейі өзінің өрлеу кезеңін өткен ғасырдың бел ортасында басынан кешірді. 1951 жылы олар Францияда өткен әлем чемпионатында төртінші орынға табан тіреді. Сол кездері тәп-тәуір нәтижелерге қол жеткізді. Көп ұзамай ел хоккейі тоқырауға ұшырады. Тек тоқсаныншы жылдары ғана нор­вегиялықтар қайта еңсе тіктей бастады. 2006 жылдан бері Скандинавия тү­бе­гінің түлектері элиталық топта үзд­іксіз өнер көрсетуде. 2011 жылы Сло­вакияда шымылдығы түрілген жа­рыста алтыншы орынға жайғасты. Әзірге норвегтердің ең үздік нәтижесі осы.

Италия құрамасын мықтылар санатына қоса алмаймыз. 1953 жылғы әлем чемпионатында олар төртінші орын алды. Олар одан басқа елеулі нәтижелерге қол жеткізе алған жоқ. Апеннин түбегінің түлектері соңғы уақытта бірде А дивизонында, енді бірде В дивизионында бақ сынауда. 2019 жылы Словакияда өткен жарыс­та италиялықтар 14-орынды қанағат тұтты.

Латвия хоккейшілеріне де осы күнге дейін биік белестер бағынған емес. Олимпия ойындарына бес мәрте қатысқан олар 2014 жылы Сочиде ширек финалға дейін жетіп, үздік сегіз ұжымның қатарына қосылды. Әлемдік додада 31 мәрте бой көрсетіп, бес рет ширек финалда ойнады. Ең үздік көрсеткіші – 7 орын (1997, 2004, 2009 жылдары). Осыдан екі жыл бұрын Словакияда Балтық жағалауының өкілдері 10 сатыға жайғасты. Десек те латыштардың жарыс қожайындары екенін естен шығармаған абзал. Ал өз елінде өтетін жарыстарда әрбір команда өз жанкүйерлерін қуанту үшін барын салатыны анық.

Қазақстанның өрендері әлем чемпионатында сегіз рет шеберлік байқасты. Өкінішке қарай, сол жарыстардың бірде-біреуінде елеу­лі нәтижеге қолымыз жетпеді. Төрт­күл дүниенің мықтылары бас қос­қан жа­рыста жерлестеріміз мына­дай орын­дарды иеленді: 1998 жыл – 15-орын, 2004 жыл – 13-орын, 2005 жыл – 12-орын, 2006 – 15-орын, 2010 жыл – 16-орын, 2012 жыл – 16-орын. 2014 жыл – 16-орын және 2016 жыл – 16-орын.

Ресейде өткен жарыста соңғы сатыда қалып қойғаннан кейін отандастарымыз біразға дейін элиталық топқа қосыла алмай жүрді. 2017 жылы Украинада Аустрия мен Оңтүстік Кореяға есе жіберіп, үшінші орында қалып қойдық. 2018 жылы Мажарстанда дәл сол межеден аса алмадық. Бұл жолы Ұлы­британия мен Италия алдымызды орады. Тек 2019 жылы Нұр-Сұл­танда ұйымдастырылған жарыста біздің жігіттер Беларусь, Оңтүстік Корея, Словения, Мажарстан және Литваны артқа тастап, мықтылар тобына қосылды. Сол табыстың арқасында 2020 жылы Швейцарияда шымылдығы түрілетін дүбірлі додада күш сынасуға тиіс едік. Алайда жер-жаһанды жайлаған коронавирустың кесірінен айтулы бәсеке өтпей қалды. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы 1998 жылы Наганода алауы тұтанған Олим­пия ойындарында ширек финалға жетіп, 2006 жылы Туринде тоғызыншы орынды еншілегенін айта кетсек, еш артықтығы жоқ.

Соңғы әлем чемпионаты осыдан екі жыл бұрын Словакияның Бра­тислава мен Кошице қалаларында өтті. Бұл жарыста Финляндия құра­масының қарқынына ешкім шыдай алмады. Суоми елінің сайыпқырандары финалда Канаданы 3:1 есебімен қапы қалдырды. Үшінші орын үшін тар­тыста Ресейдің бағы жанды. Буллит соғу барысында олар Чехиядан басым түсті – 3:2. Жарыс қорытындысы бо­йынша мергендер көшін Швецияның саңлағы Вильям Нюландер бастады. 22 жастағы дарынды жас қарсыластар қақ­пасын 8 мәрте дәл көздеп, 13 рет нәтижелі пас берді. Сондай-ақ ре­сейлік Андрей Василевский (қақ­па­шы) мен Никита Кучеров (шабуылшы) және чехиялық Филип Гронек (қорғаушы) түрлі аталым бо­йынша арнайы сыйлықтарды иеленді. Ал ең құнды ойыншы атағы 26 жастағы Канаданың мықтысы Марк Стоунға бұйырды.

Ең соңында айта кететін бір жайт – биыл І дивизионда әлем чемпионаты ұйымдастырылмағандықтан, ең соңғы орын алған команда да жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалады, яғни төменге сырғымайды.