Есеп беру кездесуінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой саладағы негізгі проблемаларға тоқталды.
«Денсаулық сақтау саласында назар аудару қажет көптеген мәселе бар. Саланың бірқатар маңызды көрсеткіші төмендеді. Бұл ең алдымен ана өліміне қатысты. Сондай-ақ жүрек-қантамыр жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің 15 пайызға өскені байқалды. Мұның бәрі коронавирус инфекциясымен байланысты. Осы проблемаларды шешу үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданды. Қысқа мерзім ішінде азаматтардың денсаулығын сақтауға бағытталған айтарлықтай күш пен қаражат жұмылдырылды», деді министр.
Оның айтуынша, қазір денсаулық сақтау жүйесі үшін негізгі бағыт – алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда халыққа медициналық қызметтерді 7 мыңнан астам амбулаторлық-емханалық ұйым көрсетеді, оның ішінде мемлекеттік – 59%, жекеменшік – 41%. Учаскелік дәрігердің жүктемесін азайту үшін 2020 жылы қосымша жалпы практика дәрігерлерінің 480 учаскесі ашылды. Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ел өңірлерінде 63 амбулаториялық-емханалық нысан салынып, пайдалануға берілді. Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қаржыландыру өткен жылы денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінің 52,4%-ына дейін жеткізілді. Бұл ретте дәрілік заттарға жазып берілген жеңілдікті рецептілер саны 13,7 миллионға жетті.
Сондай-ақ ел халқы скринингтік зерттеулермен қамтамасыз етілген, олардың саны 2020 жылы 12 млн зерттеп-қарауды құрады. Нәтижесінде, 600 мыңнан астам ауру анықталды. Қант диабеті, гипертония және жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі сияқты ауруларға қатысты бағдарламаны іске асыру жалғасуда. 2020 жылы динамикалық бақылаудағы пациенттердің 55 пайызы осы бағдарламаға қатысты. Үйде медициналық көмек көрсету үшін мобильдік бригадалардың саны 3 700-ге жетті, оның 49%-ы – ауылда. Бұл ретте 2020 жылы олар 750 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетті. Бұл үйде КВИ жұқтырған науқастарға медициналық көмек көрсетуде маңызды рөл атқарды.
«Біз үшін ең басым бағыттардың бірі ана мен баланы қорғау болып қала береді. Статистикалық деректер бойынша 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде бала туатын жастағы 4 млн 645 мың әйел өмір сүріп жатыр, бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткіштерінен 26 мыңға артық. Жүкті әйелдердің саны 436 мыңға жуық болды, олардың саны 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 21 мыңға артты. Сонымен қатар 2020 жылы босану саны өткен жылмен салыстырғанда 22 мыңға артты. Өткен жылы тірі туған балалар саны 427 мыңнан астам адамды құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 24 мыңға жоғары. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында біз экстракорпоралды ұрықтандыруға квоталар санын 1 105-тен 2021 жылы 7 мыңға дейін ұлғайттық. Жыл сайын халыққа 7 мың квота берілетінін айта кету керек. Республиканың 8 қаласында қазіргі уақытта қосалқы репродуктивті технологиялар қызметін орындайтын 27 клиника жұмыс істейді, олардың 19-ы МӘМС аясында қызмет көрсетеді», деді А. Цой.
Есеп беру барысында биыл медицина саласындағы енгізілетін бірегей технологиялар жөнінде сөз болды. Денсаулық сақтау жүйесінің мамандары жаңа медициналық технологияларды іздестіру мен енгізуді тұрақты негізде жүргізеді. Қазақстанда медицинаның бірқатар бағыты халықаралық деңгейде табысты бәсекелесе бастады. Біздің елде жоғары технологиялы медициналық көмектің (ЖТМК) 78 түрі бойынша халыққа қолжетімділік қамтамасыз етілген. Бұл ретте 2020 жылы 10 мыңға жуық ЖТМК қызметі көрсетілді. 2011 жылдан бастап елімізде органдарды трансплантациялау технологиялары белсенді енгізілуде. 2020 жылы 112 транспланттау жасалды. 2020 жылы мынадай бірегей технологиялар енгізілді. Бұл – 3D басып шығару технологиясы бойынша жеке үлгіленген жасанды омыртқалы протезді орнату, бассүйек нервтерінің микроваскулярлық декомпрессиясы кезіндегі эндоскопиялық ассистенция.
«2021 жылы біз тағы бірқатар технологияны игеруді және енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – гамма-пышақ аппаратын қолданумен орталық жүйке жүйесі ауруларын емдеудің радиохирургиялық әдісі, жүрекішілік стимуляторды транскатетерлік импланттау. Сонымен қатар Семей қаласында Ядролық медицина орталығының құрылысы аяқталды. Орталықтың толық қызмет спектрі осы жылдың маусым айынан бастап көрсетіледі. Назарбаев Университеті жанынан Балалар кардиохирургиялық орталығын ашу жоспарлануда», деді министр.
Баяндама барысында министр биыл Қазақстанда оңалту қызметтерінің саны 800 мыңға дейін артатынын алға тартты. Республикада 610 медициналық оңалту ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде мемлекеттік – 377, жеке – 233, республикалық – 7. Тұңғыш Президент қорының бастамасымен 8 жаңа оңалту орталығы ашылды. Қазіргі уақытта медициналық ұйымдарда 695 мың мүмкіндігі шектеулі адам динамикалық бақылауда тұр, оның ішінде 95 мыңы – балалар. Министрдің мәліметінше, бұл адамдарға 2020 жылы 638 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесін енгізу арқылы оңалту қызметтерін қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 1,2 есеге ұлғайды және 55,7 млрд теңгені құрады. 2021 жылы МӘМС жүйесіне түсетін түсімдер есебінен оңалту қызметтерінің санын 800 мыңға жеткізу, сондай-ақ осы қызметтерді қаржыландыруды 62 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр.
«Дәрімен қамтамасыз етуде іркілістерді болдырмау үшін бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында Сovid-19-ды емдеуге арналған дәрілік заттардың 38 позициясы бойынша 6 млрд теңгеден астам сомаға препараттардың 2 айлық қоры айына 60 мың пациентті қамту үшін қалыптастырылды. Қазір зертханалық ПТР-тестілеудің қуаты тәулігіне 123 мыңға дейін жеткізілді. Қалаларда уақтылы медициналық көмек көрсету үшін 16 модульдік инфекциялық аурухана салынды. 36 мыңға жуық төсектік орын оттегімен қамтамасыз етілген. Медициналық ұйымдардың өкпені жасанды тыныстандыру аппараттарына қажеттілігі толық қамтамасыз етілді. Коронавирус инфекциясының таралуының барлық тәуекелін ескере отырып, біз ауруханалардағы орын қорының дайындығын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдадық. Еліміз бойынша орындардың ең жоғары ықтимал саны 62 мыңды құрады, оның ішінде 36 мыңы – жұмыс істеп тұрған инфекциялық орын, 3 мыңнан астамы – реанимациялық, 23 мыңы – резервтік төсек. Инфекциялық орындардың жүктемесі 42 пайызды, реанимациялық орындардың жүктемесі 29 пайызды құрады», деді ведомство басшысы.