Медицина • 04 Мамыр, 2021

Медициналық қызметтің сапасын арттыру – басым бағыт

296 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халық алдында есеп беру кездесуінде 2020 жылғы қызметі және ведомствоның 2021 жылға арналған жоспарлары туралы жан-жақты мәлімет берді.

Медициналық қызметтің сапасын арттыру – басым бағыт

Есеп беру кездесуінде Ден­саулық сақтау министрі Алек­сей Цой саладағы негізгі про­блемаларға тоқталды.

«Денсаулық сақтау сала­сында назар аудару қажет көп­теген мәселе бар. Саланың бір­қатар маңызды көрсеткіші тө­мендеді. Бұл ең алдымен ана өліміне қатысты. Сондай-ақ жү­рек-қантамыр жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің 15 пайызға өскені байқалды. Мұның бәрі коронавирус инфекциясымен байланысты. Осы проблемаларды шешу үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданды. Қысқа мерзім ішінде азаматтардың денсаулығын сақтауға бағыт­талған айтарлықтай күш пен қаражат жұмылдырылды», деді министр.

Оның айтуынша, қазір ден­сау­лық сақтау жүйесі үшін негізгі бағыт – алғашқы ме­ди­ци­­налық-санитарлық көмек­тің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету. Бүгінгі таң­да халыққа медициналық қыз­меттерді 7 мыңнан астам амбу­латорлық-емханалық ұйым көрсетеді, оның ішінде мем­лекеттік – 59%, жекеменшік – 41%. Учаскелік дәрігердің жүк­­темесін азайту үшін 2020 жылы қосымша жалпы практика дәрігерлерінің 480 учаскесі ашылды. Медициналық көмек­тің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ел өңірлерінде 63 амбулаториялық-емханалық нысан салынып, пайдалануға беріл­ді. Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қаржыландыру өткен жылы денсаулық сақ­тауды қаржыландырудың жалпы көлемінің 52,4%-ына дейін жеткізілді. Бұл ретте дәрілік заттарға жазып берілген жеңіл­дікті рецептілер саны 13,7 мил­лион­ға жетті.

Сондай-ақ ел халқы скри­нингтік зерттеулермен қам­тамасыз етілген, олардың са­ны 2020 жылы 12 млн зерт­теп-қарауды құрады. Нәти­жесінде, 600 мыңнан астам ауру анықталды. Қант диабеті, гипер­тония және жүрек функ­циясының созылмалы жеткі­ліксіздігі сияқты ауруларға қа­тысты бағдарламаны іске асыру жалғасуда. 2020 жылы динамикалық бақылаудағы пациенттердің 55 пайызы осы бағдарламаға қатысты. Үйде ме­дициналық көмек көрсету үшін мобильдік бригадалардың саны 3 700-ге жетті, оның 49%-ы – ауылда. Бұл ретте 2020 жылы олар 750 мыңнан астам меди­циналық қызмет көрсетті. Бұл үйде КВИ жұқтырған нау­қастарға медициналық көмек көрсетуде маңызды рөл атқарды.

«Біз үшін ең басым бағыт­тардың бірі ана мен баланы қор­ғау болып қала береді. Ста­тистикалық деректер бойынша 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде бала туатын жастағы 4 млн 645 мың әйел өмір сүріп жатыр, бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткіштерінен 26 мыңға артық. Жүкті әйелдердің саны 436 мыңға жуық болды, олардың саны 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 21 мыңға артты. Сонымен қатар 2020 жылы босану саны өткен жылмен салыстырғанда 22 мыңға артты. Өткен жылы тірі туған балалар саны 427 мыңнан астам адамды құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 24 мыңға жоғары. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында біз экстракорпоралды ұрықтандыруға квоталар санын 1 105-тен 2021 жылы 7 мыңға дейін ұлғайттық. Жыл сайын халыққа 7 мың квота берілетінін айта кету керек. Республиканың 8 қаласында қазіргі уақытта қосалқы репродуктивті технологиялар қызметін орындайтын 27 клиника жұмыс істейді, олардың 19-ы МӘМС аясында қызмет көрсетеді», деді А. Цой.

Есеп беру барысында биыл медицина саласындағы енгізі­летін бірегей технологиялар жөнінде сөз болды. Денсаулық сақтау жүйесінің мамандары жаңа медициналық технология­ларды іздестіру мен енгізуді тұрақты негізде жүргізеді. Қазақ­станда медицинаның бір­қатар бағыты халықаралық дең­гейде табыс­ты бәсекелесе бас­тады. Біздің елде жоғары технологиялы медициналық көмектің (ЖТМК) 78 түрі бойынша халыққа қолжетімділік қамтамасыз етілген. Бұл ретте 2020 жылы 10 мыңға жуық ЖТМК қызметі көрсетілді. 2011 жылдан бастап елімізде органдарды трансплантациялау технологиялары белсенді енгізілуде. 2020 жылы 112 транспланттау жасалды. 2020 жылы мынадай бірегей технологиялар енгізілді. Бұл – 3D басып шығару технологиясы бойынша жеке үлгіленген жасанды омыртқалы протезді орнату, бассүйек нервтерінің ми­кроваскулярлық декомпрессиясы кезіндегі эндоскопиялық ассис­тенция.

«2021 жылы біз тағы бір­қатар технологияны игеруді және енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – гамма-пышақ аппа­ратын қолданумен орталық жү­йке жүйесі ауруларын ем­деудің радиохирургиялық әдісі, жүрекішілік стимуляторды транскатетерлік импланттау. Сонымен қатар Семей қа­ла­сында Ядролық медицина орталығының құрылысы аяқтал­ды. Орталықтың толық қызмет спек­трі осы жылдың маусым айы­нан бастап көрсетіледі. Назар­баев Университеті жанынан Балалар кардиохирургиялық орта­лығын ашу жоспарлануда», деді министр.

Баяндама барысында министр биыл Қазақстанда оңалту қызметтерінің саны 800 мыңға дейін артатынын алға тартты. Республикада 610 медициналық оңалту ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде мемлекеттік – 377, жеке – 233, республикалық – 7. Тұң­ғыш Президент қоры­ның бастамасымен 8 жаңа оңал­ту орталығы ашылды. Қазір­гі уақытта медициналық ұйым­дарда 695 мың мүмкіндігі шек­теулі адам динамикалық бақы­лауда тұр, оның ішінде 95 мы­ңы – балалар. Министрдің мәлі­метінше, бұл адамдарға 2020 жылы 638 мыңнан астам меди­циналық қызмет көрсетілді. 2020 жылғы 1 қаңтардан бас­тап МӘМС жүйесін енгізу арқылы  оңалту қызметтерін қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 1,2 есеге ұлғайды және 55,7 млрд теңгені құрады. 2021 жылы МӘМС жүйесіне түсетін түсімдер есебінен оңал­ту қызметтерінің санын 800 мың­ға жеткізу, сондай-ақ осы қыз­меттерді қаржыландыруды 62 млрд теңгеге дейін арттыру жос­парланып отыр.

«Дәрімен қамтамасыз етуде іркілістерді болдырмау үшін бірыңғай дистрибьютордың қой­маларында Сovid-19-ды ем­деуге арналған дәрілік зат­тардың 38 позициясы бойынша 6 млрд теңгеден астам сомаға препараттардың 2 айлық қоры айына 60 мың пациентті қамту үшін қалыптастырылды. Қазір зертханалық ПТР-тестілеудің қуаты тәулігіне 123 мыңға дейін жеткізілді. Қалаларда уақтылы медициналық көмек көрсету үшін 16 модульдік инфекциялық аурухана салынды. 36 мыңға жуық төсектік орын оттегі­мен қамтамасыз етілген. Медици­налық ұйымдардың өкпені жа­сан­ды тыныстандыру аппараттарына қажеттілігі толық қамта­масыз етілді. Коронавирус ин­фек­циясының таралуының бар­лық тәуекелін ескере отырып, біз ауруханалардағы орын қорының дайындығын қам­тамасыз ету бойынша шаралар қабылдадық. Еліміз бо­йынша орындардың ең жоғары ықтимал саны 62 мыңды құрады, оның ішінде 36 мыңы – жұмыс істеп тұрған инфекциялық орын, 3 мыңнан астамы – реа­ни­­­­­­мациялық, 23 мыңы – резерв­­тік төсек. Инфекциялық орын­дар­дың жүктемесі 42 пайызды, реанимациялық орындардың жүк­темесі 29 пайызды құрады», деді ведомство басшысы.