Ескі сырқаты қайталап қалған көрші кемпір келіні шақырған “Жедел жәрдем” көлігіне отырудан үзілді-кесілді бас тартты... Кейуананы тіксіндірген нәрсе – дәрігерлік көмек мәшинесінің қапталында жарқырап көзге ұрып тұрған қызыл крест белгісі болып шықты.
“Қанша ғұмырым қалғанын бір Алла ғана біледі. Төрімнен көрім жуық қалғанда мұндай көлікке мініп, кресіне кіріп жатқым келмейді. Екі дүниеде риза болсын десеңдер мені қыстамаңдар! Күнә арқалатпаңдар”, деп азар да безер болып, есінен танып тынғанша келген дәрігерлерге де, бала-шағасына да көнбей жатып алған екен. Басқа көлік тауып әкелгенше қарт ананың көзі жұмылып, жүріп кеткен...
Дәл осыған ұқсас жәйттің болғаны туралы көп жыл бұрын бір басылымнан оқыған да едім. Енді, міне, өз құлағыммен естіп, куәдүр болдым.
Бұл жерде дәрігерлерді айыптау жөн бола ма? Кемпірді ықтиярсыз әкетпедіңдер деп қалай айтпақпыз? Кімді кім күштеп емдемек? Науқасы меңдеген шешелеріне сөзі өтпеген бала-шағасына не деп болады? Онсыз да қайғыдан қамығып отырғанда. Бұл жерде біреуге кінә тағу орынсыз. Бірақ, бәрібір де байызсыз көңіл жауап іздеп, жай таппайды.
Жарықтықты “ит көрген ешкі көздендірген” осы қызыл креске біздің көзіміз бен бойымыз үйреніп кеткені сондай – назар да аудара бермейміз. Ол да өзіміз өмір бойы жұтып жүрген ауа секілді елеусіз, етене болып кеткелі қа-шан?!. Күнделікті тұтыну тауарларының қатарына сіңіп алған.
Мен осы оқиғадан кейін жан-жағыма бажайлап қарап бағып едім, қаладағы көшелердің тұс-тұсынан “менмұндалаған” қызыл-жасыл крестерді көре бастадым.
Алматыда жүйткіп жүрген “Жедел жәрдем” көліктерінің бәрінің де қабырғасында қызыл крест! Мәліметке қарағанда, мұндағы Жедел медициналық жәрдем стансасының дәрігерлері жылына 600 мың адамның шақыруына барып, көмек көрсетеді екен. Сонда Алматыдағы аурудан арашаланған сол 600 мың адам алғысын Аллаға қоса қызыл креске де айта ма? Ал бүкіл Қазақстан бойынша ше?
Сонау атеистік, құдайсыз Кеңес өкіметінің кезінде осы Қызыл Крестің қасында Қызыл Ай тұратын еді ғой? Біз сол мұсылмандық нышанымыздан тәуелсіздік тұсында қалайша айырылып қалдық?
Жалпы, қандай крест болса да ол қай-қашанғы ұғымда христиан дінінің белгісі болып саналады. Оның өзіндік терең тарихы бар. О баста көне Мысыр мен Бабылда, Ассирия мен Месопотамияда, т.б. жерлерде құдайлар рәмізі болып табылған крест кейінірек христиан конфессиясындағы елдердің көпшілігінің діни құлшылығының басты нышанына айналған. Христиан дінінде Иса пайғамбардың Понтий Пилаттың үкімімен креске шегеленіп, азапталып өлтірілуімен байланысты пайда болғаны белгілі.
Орыстың “крест” сөзі латынның “сrux” – яғни “дар ағашы, немесе ағаштан жасалған азаптау құралы” деген сөзінен шыққан. Осыдан латын тілінде “crucіare” – “азаптау, қинау” деген етістік пайда болған екен. Ал бұл орысша “крестить” – қазақ тілінде “шоқындыру” деген мағына беретінін әркім біледі. Орыс тіліндегі креске қатысты тұрақты сөз тіркестері де қазақы ұғыммен қарасаң, оңып тұрған жоқ: “поставить крест – сызып тастау, жоқ қылу”, “нести свой крест – өз азабыңды өзің арқалау” деген мағынада. Демек, азаптау, қинау, жоқ қылу, жою, азап арқалау, шоқыну сияқты ұғымдар беретін, ұлттық таным-түсінігімізге, салт-санамызға үйлеспек тұрмақ аса қайшы келетін крест белгісі бүгінгі егемен елімізді қалайша жаулап алған?
Жер бетіндегі ислам дінінің тұқымын тұздай құртпақ болған Рим папасы Урбан ІІ 1095 жылы өзі мұрындық болып, сауын айтып, бүкіл батыс-шығыс Еуропаның қылыш ұстауға жарайтын еркек кіндіктісінің бәрін тік көтеріп, қаруландырып, атқа қондырып, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбеттеріне қарсы алғашқы крест жорығын ұйымдастырған. Содан бастап 1270 жылға дейін ислам дінін өмірден өшіруге, күллі мұсылмандарды қырып-жоюға бағытталған 8 крест жорығы жасалған. Оған қатысқан бүкіл жауынгерлер күллі сауыттарының, киімдерінің өңірі мен сауырына, кеудесі мен арқасына, қалқаны мен тоқымына дейін крест белгісін салғызып соғысқандықтан солай аталған. Адамзат тарихында біздің діндестерімізді қанға бояған бұл сегіз крест жорығы – сол замандағы сегіз дүниежүзілік соғыспен парапар болған! Және барлығы да мұсылмандарға қарсы жойқын соғыстар еді. Біздің мақтанышымыз қыпшақ Бейбарыс сұлтан осы дүниежүзілік соғыстардың қаһарман жеңімпазы екенін айта кету артық болмас. Сол Бейбарыс бабамыз бүгін тіріліп келсе, не бетімізді айтар едік?
Жалпы, Скандинавия мен Еуропа ғана емес, бүкіл дүние жүзіндегі христиан дініндегі елдердің көпшілігінің тулары мен гербтерінде осы крест белгісі бар.
Ал қазіргі қызыл крест Швейцарияның туынан алынған. 1859 жылы француздар мен итальяндар бірігіп, австриялықтармен соғысқанда екі жақтан 40 мың адам қырылған. Сол қанқұйлы соғыстың зардаптарын, ұрыс даласында қансырап өліп жатқан мыңдаған сарбаздардың жағдайын өз көзімен көріп, жаны түршіккен швейцариялық іскер азамат Жан Анри Дюнан “Сольферино шайқасы туралы естеліктер” атты кітап жазып, соғыстан жапа шеккендерге қолұшын созып, жәрдем беретін бейтарап ұйым құру туралы ұсыныс айтқан. Және сол ұсынысының іске асуына өзі бел шешіп кіріскен. Бұл игілікті іске заңгер Гюстав Муаньені және басқа достарын тартып, 1863 жылы Женевада Халықаралық Қызыл Крест ұйымын құрған. Негізгі міндеті соғыста бүліншілікке ұшыраған, жер сілкінуден, тасқын-сел, қар көшкінінен апатқа ұшыраған адамдарға медициналық, әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ халықты індет ауруларынан сақтандыру, емдеу шараларын ұйымдастыру болған... Және осы игілікті де өнегелі ісі үшін Анри Дюнан 1901 жылы бейбітшілік үшін берілген тұңғыш Нобель сыйлығын алған. Ал ол ашқан Халықаралық Қызыл Крест ұйымына жүз жылдың ішінде екі мәрте Нобель сыйлығы берілгені де тегін емес. Бір назар аударар жәйт, бағзы замандарда өмір қозғалысының, күннің, жарықтың, игіліктің нышаны болып келген свастика белгісін қанқұйлы Гитлер фашистік, нацистік рәмізге айналдырып, адамзат алдында қарабет қылып, өшпес күйе жақса, керісінше адамгершіл Анри Дюнан крестің қырғын-жойқын мағынасын халықтар алдында ақтауға үлес қосты.
Біз бұл жерде Қызыл Крест сынды аса беделді халықаралық ұйымға топырақ шашудан аулақпыз. Мәселе – басқада. Мәселе, осы салада да крест атаулы омыраулап алға шығып, біздің Қызыл Айымыздың кенжелеп қалуында.
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Меккеден Мединеге хижрет еткен түнгі көкте ерекше жарқыраған асыл Ай соңыра күллі мұсылман қауымының қасиетті рәмізіне айналғаны аян. “Аспанда Ай болмаса адасады” дейтін өлең жолы осындайда еске түседі. Сонымен қоса, жарты әлемді жаулаған жаһангер түрік Осман паша түсінде жердің бір шетінен екінші шетіне дейін ұзынынан ұзақ жарқырай созылып жатқан шалқақ Айды көріп, сол түсін жақсылыққа жорып, мұсылмандық сара жолға балап, Ай бейнесін өз туына жапсырыпты деген де әфсана бар.
Атам қазақтың жаңа Ай туғанда:
Ай көрдім, аман көрдім,
Әлдеқандай заман көрдім.
Ескі айда есірке,
Жаңа айда жарылқа, – деп Айға бата жасау салты, сүйікті қызына Айман, Айгүл деп ат қою ғұрпы, сұлулықты Айға теңеу дәстүрі әлмисақтан бері келе жатыр.
Егер Еуропа тарихшыларына бақсақ, сонау ықылым заманнан жеткен мұсылмандық Ай бейнесін түріктер өздері жаулаған Византиядан алып, 1453 жылы Осман империясына рәміз етіпті-міс. Олардың жазуынша, Ай Константинополь қаласының таңбасы көрінеді. Бұл жерде мұны өз бидайыңды өзіңе бұйыртқысы келмеудің айқын мысалына балап, осы бір еуропоцентистік озбырлар қыл аяғы Айдың бейнесін де бізге қиғысы келмейді-ау деп күйікті кесім жасауға да болар еді. Бірақ тарихи факт, артефакт дейтін бұлтармайтын да бұлтартпайтын, бұлжымайтын да бұлжытпайтын жәйттер бар ғой. Оны жоққа шығару қиын. Тарихтың арбасынан түсіп қалуға болар, бірақ түссең – тарихтың дөңгелегінің астына түсесің.
Адамзат тарихын зерделейтін археологиялық қазбалардан табылған аса құнды жәдігерлер қатарындағы – кәдімгі Айдың таңбаларынан оның Күнмен, Жұлдызбен, Креспен қатар рәміз ретінде біздің дәуірімізге дейінгі ежелгі өркениеттер кезінде қолданыста болғанын байқаймыз. Қазіргі басты діндер жаратылмастан бұрынғы замандарда ежелгі Месопотамия кезеңінен табылған атақты бір таңбада: шалқалаған Айдың аясында – дөңгелек Күн, ал оның ортасында – Крест бейнеленген. Осы таңбаны зерттеуші ғалымдар мұндағы Ай белгісі – Ай құдайы – Синаның бейнесі, ал Күн – Күн құдайы Ашшур деп санаған. Дәл осындай Айлы таңбалар ежелгі Ассирия мен Бабыл жерінен де табылғаны мәлім. Осы аталған символдар түгелімен (оның ішінде свастика да бар!) біздің Түркістандағы Кожа Ахмет Ясауи кесенесінің өрнектерінен де кездеседі. Қалай болғанда да әлемдегі ең жас дін – исламның темірқазығына айналған Ай рәмізінің тарихы жер серігі жаралғалы келе жатқандай тым әріде екені сөзсіз. өйткені түріктер иеленген Византия мәдениеті – Месопотамия, Бабыл мәдениетінің жалғасы, Шығыс Рим өркениетінің жемісі. Саяси билікті алғанымен түріктер бұл елдің мәдени-тарихи мұралары мен жәдігерлерін бүліншілікке ұшыратпай, қиратпай, аман сақтап қалды. Бүгін соның арқасында еліндегі туризмді дамытып, жүрек жалғап отырған жайы бар.
Шәкәрім атамыз Ыстамбұл шаһарының аты “Ислам бол” дегеннен шыққан десе, кеңестік атақты түрколог, академик Андрей Кононов Константинополь сөзінің бұрмаланып айтылуынан шыққан деп жазады. Қалай болғанда да кезінде православие дінінің ордасы әрі Шығыс Рим империясының орталығына айналған Византия мен оның астанасы Константинополь түріктер басып алмай тұрып-ақ шығыс өркениетінің ошағы, мәдениетінің ұстыны болғанын тарихи мұралар дәлелдейді. Сондықтан Түркия туындағы Ай мен жұлдыздың тарихы тым тереңде деп айтуға толық негіз бар. Кешегі Қытай мен Кеңес өкіметінің ортасынан ойып орын алып, тәуелсіздікке қол созған Шығыс Түркістан республикасының туында да Ай мен жұлдыз болған.
Ал біздің жас мемлекетіміз тым еуропашыл боламыз деп, киелі де аяулы Айымыздан айни бастаған жоқпыз ба?
1876-1878 жылдардағы орыс-түрік соғысы кезінде Түрік елі қорғаныс рәмізі ретінде Қызыл Айды қабылдайтынын, дегенмен, дұшпандары пайдаланатын Қызыл Кресті де құрмет тұтатынын мәлімдеген. Сол тұста Парсы елі де Қызыл Крестен бас тартып, Қызыл арыстан мен Күн белгісін қабылдайтынын жариялаған. Бұл ұсыныстар кейін Женевадағы дипломатиялық конференцияда мақұлданып, бекітілген. Сондай-ақ, Иран Ислам Республикасы 1980 жылғы АҚШ-пен соғыс кезінде бұрынғы рәмізді тәрк етіп, Қызыл Ай белгісін қабылдаған.
Қазақстан аумағында Қызыл Крест ұйымы 1877 жылы алғаш рет Қапалда құрылып, 1896 жылы Алматыда ауруханасы ашылған.
Ал Кеңес өкіметі болса сонау 1923 жылы-ақ Қызыл Крест пен Қызыл Ай қоғамдарының одағын құрып, таразы басын тең ұстауға тырысқан. Осы тақылеттес ұйым Алматыда 1936 жылы құрылған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін осы аттас қоғам да өзгеріске ұшырады. Ол 2002 жылы жаңадан Қазақстан Республикасының Қызыл Ай қоғамы болып қайта құрылып, келесі жылы Халықаралық Қызыл Крест пен Қызыл Ай қоғамдарының Халықаралық федерациясына мүше болды.
Меніңше, біздегі бұл ұйымның аты дардай да, заты болмашы сияқты. Ғаламтордағы екі сайтында да бір қайырымдылық концертін өткізгеннен басқа тындырған істері туралы ештеңе айта алмапты. Шекесіндегі “Қазақстан Республикасының Қызыл Ай қоғамы. 1938 жыл құылған” деген (“ ...жылы құрылған” деп жазғандағы түрі) қате жазылған шала мәліметтен басқа қазақша ештеңе көре алмадық. Бұл қоғамда жақсы психолог мамандар бар сияқты, өйткені, психология жөнінен қызықты электронды кітапхана жабдықтаған екен және әр облыстағы үздік психолог мамандардың аты-жөні, мекен-жайларын көрсетіпті. Бірақ қоғам басшылары зардап шеккен жұрттың жүйкесін емдегеннен басқа да медициналық-әлеуметтік көмектер керек екенін естен шығарып алған ба дейсің.
Кеңес заманында Зайсан зілзаласы кезінде зардап шеккен жұртқа зор қолғабыс жасаған ардақты ұйымның бүгін үні өшкен. Бүгінгі Қызылағаш трагедиясы мен Тарбағатай тасқыны кезінде де төбе көрсеткенін байқамадық. Сонда осындайда апатқа ұшырағандарға атсалыспай, мойын бұрмай, қайрат қылмай Қазақстанның “Қызыл Айы” айға бата қылып отыр ма? Әлде қолынан түк келмейтін қауқарсыз, қаржысыз, болымсыз ұйымға айналғаны ма?
Біз Қызыл Айды қадірлеп, қасиеттеп, қастерлеуді ұрпақтар санасына балабақшадан, мектеп қабырғасынан сіңдіре беруіміз қажет. Бәлкім, Қызыл Ай қоғамын жұрт болып жұмыла қолға алып, мемлекеттік деңгейде қолдау керек болар. Бұл тұста Түркия, Мысыр, Иран, Сауд Арабиясы сияқты елдерден үйренсек артық емес. Анкара қаласындағы ең орталық үлкен аудан Қызыл Ай деп аталады. Жауынгер ер түрік Қызыл Айды бағалай біледі.
Бұл күнде Қазақстанның қай қаласына барсаңыз да дәріхана, аптека, фармация дүкені дегендердің қай тұста екенін алыстан-ақ бағамдауға болады: бәрінің белдеуі мен дөдегесінде Қызыл немесе Жасыл крестер андыздап, жарқылдап, лапылдап тұр!
Біздің елімізде бұрын болмаған осы бір Жасыл крестер соңғы кезде қайдан қаптап кетті? Бақсақ, мұны шығарған басқа емес, өзіміздің нысаналы Михаил Горбачевіміз болып шықты. Ол Нобель сыйлығын алғаннан кейін 1993 жылы Рио де-Жанейрода өткен Әлемдік саммитті пайдаланып, “Халықаралық Жасыл крест” атты экологиялық ұйым құрып, оған жасыл кресті рәміз етіп алған. Ұйымға дүние жүзінің жиырмадан астам елі мүше болған. Содан келесі жылы алдымен Мәскеу, артынша бүкіл Ресей үкіметі Горбачевтің сол жасыл кресін сәл өзгертіп, ортасына ақ түсті жылан оратылған көзені бейнелеп, дәріханалардың сыртына эмблема-белгі ретінде ілу туралы шешім қабылдады. 2005 жылы Украина Денсаулық сақтау министрлігі де осыған ұқсас шешім шығарды. Көршілерден не жаңалық көрсе соны қайталап, көшіріп үйренген біздің шенеуніктер қалыссын ба – ортасындағы жыланы бар көзені оймыштап жатуды артық жұмыс көріп, сылып тастап, жасыл креске бас салып жармаса кетті! Міне, содан бері біздің дәріханаларымыздың бәрі жасыл крестің аясына көше бастады.
Жасыл түстің экологиялық және мұсылмандық екі астары бар. Бірақ сол жасыл түс креске айналған соң мұсылмандық мән-мағынасынан жұрдай болады. Осының астарында біздің дінімізді аяқ асты ету ғана емес, әжуалау да жатқан жоқ па?
Крестің аты – крест, оны мейлі қандай түске боясаң да өзінің о бастағы діни мазмұнын, христиандық мән-мағынасын жоғалтпайды. Сөйтіп, біз біреудің тотияйын басқан мыс кресін жерден жеті қоян тапқандай жарнамалап жүргенде өзіміздің алтындай айымыз жетімсіреп, айдалада адыра қалды.
Соңғы халық санағы бойынша, Қазақстан халқының 74 пайызға жуығы мұсылман екені анықталды. Ал мұхиттың арғы бетіндегілер бұл пайызды да төмендетіп көрсеткісі келеді. Мысалға, АҚШ Үкіметінің Пью зерттеу орталығының мәліметіне сүйеніп, дайындаған жаһандық мұсылман елдері жөніндегі баяндамасында 2009 жылғы 8 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстан халқының 56,4 пайызын ғана мұсылман деп көрсеткен. Ал көршілес қырғыз елінде бұл көрсеткіш 86,3 пайыз делінген. Біздегі соңғы санақта ұлтымыздың саны 64 пайызды құрап отыр, ал бізден басқа татар, ұйғыр, әзірбайжан, чешен, ингуш, курд, т.б. мұсылман діндес жұрттар мен ұлыстардың өкілдерін қоссақ, жамағаттарымыз туралы көрсеткіш одан да өсе түспей ме? Алаш көсемі Ахмет Байтұрсыновша: “Алхамдулиллах... 11 миллион мұсылман еліміз” деп ауыз толтырып айтуға болар еді. Әттең, бірақ... тіліміз бармайды, ахуалымыз әлгіндей.
Ендеше, сонда 11 млн. мұсылман өмір сүріп жатқан елімізде, төрімізге қызыл-жасыл кресті қаптатып қойып, біздікі не талтаң?
Конфуций: “Дүниені рәміздер мен белгілер билейді” деген. “Түбінде Қазақстан Хазар қағанатының кебін киіп қалмасын” деген қауіпті академик Рахманқұл Бердібаев бекер айтпаған. Хазар тарихының індеті қазақ тарихына жұға бастаған сияқты. Осыдан сақтанбай отырмыз, сақтанғымыз да келмейді. Сақтанбағанды кім сақтайды?
Мақаламыздың басында айтып өткендей, азаптау, қинау, жоқ қылу, жою, азап арқалау, шоқыну сияқты ұғымдар беретін, ұлттық таным-түсінігімізге үйлеспек тұрмақ аса қайшы келетін крест белгісінен бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның құтылар күні бола ма? Онсыз да Иеһова куәгерлері, баптистер, кришнаиттер, т.б. сияқты қаптаған жат діндердің жастарымыздың санасын улап, жан-жүрегін шырмап жатқаны мынау. Онсыз да исламит, қоранит, ахмедит... және басқа да түрлі ұхит-сұхит деп, жалқы ұлтымыз, жалғыз нанымымызды, дініміз бен ділімізді бөлшектеп бара жатқан сыртқы күштер анау! Осынау бір қарағанда елеусіз көрінгенімен, күрмеуі күрделі мәселеге Парламент депутаттары мен Денсаулық сақтау министрлігі, мұсылмандардың діни басқармасы, Қызыл Ай қоғамы қалай қарап, не деп жауап берер, қандай шешім қабылдар екен? Әлде, әдеттегідей, жауырды жаба тоқи сала ма?
Адамзатқа біткен ойшыл қаламгерлердің маңдай алдындағы Лев Толстойдың өзі: “Түбінде бүкіл әлем исламға келеді”, дегенді бекер жазбаған. Біз де осы көріпкелдік сөздің тереңіне бойлап, түкпіріне үңіліп, өзіміз үшін, еліміз үшін, ұрпақтар үшін қорытынды жасай алсақ қанеки?!
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.