Өнер • 22 Наурыз, 2021

Наурыз - жыл басы

1326 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі күніміздің бүтін бір бөлігіне айналған Наурыз мерекесі тар жол, тайғақ кешуі көп қилы кезеңнен өткені баршамызға мәлім.

Наурыз - жыл басы

Қаз жайлауын саз деймін,

Наурыздан соң жаз деймін.

Көлден ұшқан қаздаймын,

Наурыздан соң жаздаймын («Қобыланды батыр» жырынан), – деген жолдар «наурыз» парсы сөзі болғанымен, көне түркілерге және қазақтарға ерте заманнан кірігіп, сіңіп кеткендігін дәлелдейді. Сондықтан да, қазақтар «Наурыздан соң жаздаймын» деп наурыздың көктем мезгілі екендігін айтқан, яғни көне түркілер, қазақтар Наурыз мерекесін жыл басы ретінде ғана емес, көктемнің, жылулықтық келуі, табиғаттың жаңаруы ретінде де тойлаған. Жыл сайын бұл мейрам әрбір аймақта жоғары деңгейде ұйымдастырылады.  

Соның ішінде «Айналаңды нұрландыр» жобасы аясында жетекшілеріміз Темирбаева К.А. және Құрбанова Л.С. ұйымдастыруымен  2021 жылдың 17 наурыз күні сағат 12:00 де ZOOM платформасында «Геоэкология және табиғатты басқаруды пайдалану» «7M05209» мамандығы 1 курс магистранты және «Экология» «6В05202» 2 курс студенттері арасында Наурыз мерекесіне орай «Наурыз – жыл басы!» тақырыбында ашық тәрбие сағаты өткізілді. Білім, білік, әрекет дағдыларын үйрету мен меңгерту процесі - өмір мен еңбекке бейімді етіп даярлаудың негізгі құралы. Оқыту процесінде білім мен тәрбие мақсаттары жүзеге асады. Тәрбие сағатын ұйымдастыру барысында, тәрбиелік іс-шараларды өткізу сценарийлерін жасауда, педагогикалық қарым-қатынас құралдарын, басқару стилдерін нәтижелі қолдануға Касымова Р.С. дәрістері негіз болды.

Көктемнің жарқын мерекесі – ағаш бүршіктеп, төрт түлік мал төлдейтін, аң-құстың тұқымы өрбіп, ұлы табиғат жаңаратын жыл басы. Халықтың ежелгі наным-сенімі бойынша бұл күні бүкіл табиғатқа, тіршілік иесіне ерекше сезім, қасиет, қуат нұры құйылады. Табиғат пен адам арасындағы үйлесімділік арта түседі. Жер-жерде әр ұлттың отауы тігіліп, ұлттық киімдері киілсе, ойындары ойналса, жастардың мерекені тойлауға деген қызығушылығы артатын болса, осы ортақ мереке арқылы еліміздің бір екендігін санасынан өткізуге ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Осы орайда студенттердің наурыз мерекесі жөніндегі білген-түйгендері толықтырылды. Мерекенің тарихынан басталып, қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы мәліметтер айтылды.

Тәрбие сағатымыздың басты идеясы: кезінде ұмытылған халықтық мейрамды қайта жандандыру, яғни мейрамның рухани қуатын тәрбие, тәлім арнасына айналдыру, жастардың Отанға, елге деген сүйіспеншілік сезімдерін құнарландыру.

Бұл күні жақсы тілек тілеу, кешірім сұрау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс алып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған. Сондықтан да Наурыздың айрықша үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, қадір-қасиеттілік, тәлім-тәрбиелік, нышан белгілері мен таным ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, бауырмалдыққа, өнегелікке, ізгілікке баурайды. Демек, қазіргі кезеңде ұлттық келбетімізді жоғалтып алмауымыз үшін, ұлттық мәдениетімізді әрі қарай табысты дамыту үшін дәстүрлі мәдениетіміздің рухани байлығын ұмытпай, оларды заманауи талаптарға сай сипатта насихаттай түсуге тиістіміз. Менің ойымша, ұлттық мерекені насихаттаудың тағы бір жолы бұл – бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жиі-жиі жазып, жастардың санасына мағынасын, салмағын жеткізе білу.

Қорыта айтқанда, Наурыз мерекесінің келуі бәрімізге ерекше күш-жігер сыйлап, болашаққа деген сенімді нығайтады. Еліміздің татулығын, бірлігін нығайтатын  мереке. Бұл Наурыз мерекесін асыға күтетініміз де содан болса керек.

 

РАХИМБАЕВ А.Р.

Әл-Фaрaби aтындaғы ҚaзҰУ-ң Тұрaқты дaму бойыншa және ЮНЕСКО кaфедрaсының 1 курс мaгистрaнты