Суретті түсірген автор
Қорасындағы аз-маз малын қай қырға өргізерін білмей, жайылымнан таршылық көріп отырған ел Шығыс Қазақстанда аз емес. Малдың аузы көкке тисе болды, жайылымның мәселесі жылда көтеріледі. Әр аудан бойынша жеке-жеке тоқталайық.
Ұлан ауданы. Қалба жотасынан басталған құйқалы жерінің етегі Ертіске малынып жатыр. Түгін тартсаң, май шығатындай өңір. Аудан аумағы кең болғанымен, Таврия ауылының тұрғындары жайылымның тарлығын айтады. Ауыл іргесіндегі бос жатқан жерлер болса, жеке шаруаның меншігінде.
– Маңайдың бәрі егін. «А.М.Плешков» шаруа қожалығының жері 300 гектардан астам. Қандастарға жалға беріп қойғаны болмаса, өзінде пайдаланатындай техникасы да жоқ. Жерге көк шықпай жатып, сиыр кіріп кеткені үшін айыппұл салғызды, міне. Ұлтарақтай жайылым бұйырмай тұр бізге. Бұрын бес-алты табын еді, қазір мал ұстағанды қойды ел, – дейді Таврия ауылының тұрғыны Қасым Әбілмәжінов.
Ауылдықтардың айтуынша, шабындық та жоқ. Бұрындары әкімдік тарапынан зейнеткерлер үшін деп Ертістің бойынан 20 гектар бөліпті. Оны бүгінде Александр Антонов деген тұрғын иемденіп алған көрінеді. Былайғы жұрт жыңғыл-жыңғылдың арасын шауып әуре, бірақ ол алты ай қыста малға жетпейді.
– Антонов деген зейнеткерлерге берілген жерді шауып алып, сатады. Біз тышқаншылап қуыс-қуыстан тасимыз. Не жайылым жоқ. «Плешковтың» жері ол – иен жатыр. Басқа қожалықтардың егіні ауылдың бүйірінен басталады. Бұрын көп-көрім алаң бар еді, ол да біреудің меншігіне өтті. Амал жоқ, мал көше-көшенің арасында, қаша-қашаның түбінде оттайды. Ол үшін ала жаздай айыппұл төлейміз. Содан соң кім сиыр асырағысы келеді?! – деп ашынады тавриялық Нұрлан Жуашев.
Ауылдықтардың ашынатын да жөні бар. Бос жатқан жерге тұяқ тисе болды, қожалық иелері полиция шақыртып күйкі тірлігін күйттеп отырғандарға айыппұл арқалатады. Ал Ұлан ауданының жер қатынастар бөлімінің басшысы Надежда Михейлистің айтуынша, Н.Плешкова кәсіпкерлік субъектісі болғандықтан, жерді пайдаланбау фактісін алға тартып, тексеру жүргізе алмайды. Демек тавриялықтар жерден таршылық көре бермек.
Глубокое ауданы. Мұнда да жер емген шаруалар көп. Сондықтан болса керек, бірлі-екілі сиыр ұстаудың өзі мұң. Айнала егістік, жайылым тар. Шаруалар шаруасын шалқытып отырғанымен, қарапайым жұрт тоқымдай жерде мал қайыратын секілді.
– Мыңғыртып мал баққымыз-ақ келеді. Бірақ оған мүмкіндік жоқ. Алақандай жерде жайылатын малдың күйі де болмайды. Қыстайғы жем-шөбін әзірлеудің өзі әуре. Қарағанның арасын шауып алып жүр едім, оны да тартып алды. Былтыр шөпті Шемонайха ауданы, Жоғарғы Үбінің аңғарынан жеткіздік. Шаруаларды айтам, мандытып егін алмаса да егіп қояды. Мемлекет жерді қайта үлестірсе дұрыс болар еді, – дейді Глубокое ауданы Перевальное ауылының тұрғыны Сержан Көбен.
Бұл Перевальное ауылындағы мәселе ғана емес, іргелес жатқан Веселовка ауылының тұрғындары да жерден таршылық көріп отырған көрінеді. Иә, өрістің тарлығын жергілікті әкімдіктің қызметкерлері растап отыр. Жалпы, Глубокое ауданында табын өргізуге 3 мың 54 гектар жер жетпейді екен. Бірақ мәселе алдағы уақытта шешімін табатын көрінеді. Ол үшін кейбір шаруалармен шарт бұзысып, жайылым кеңейтіледі.
– Пайдаланылмай жатқан жерлерді тиімді пайдалану үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жайылымды кеңейту мәселесі үнемі назарымызда. Шабындық жерлер де аз. Халықтың арыз-шағымын түсінеміз. Пайдаланылмай жатқан жерлер қайтарылады, – деді Глубокое ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Жігер Бүргенов.
Глубокое ауданында жерден тарыққан тұрғындар алдыңғы жылы да дабыл қаққан. Малоубинка ауылының тұрғындарына бағып отырған малы егістікке түсіп кеткені үшін 50 мың теңгеден айыппұл да салынған. «Малым – жанымның садағасы» деп отырған ауылдағы ағайын үшін аз сома емес еді.
Тарбағатай ауданы. Жайылымдық жер дауы Тарбағатай өңірінде де ушығып тұр. Жаңалық ауылының төңірегіндегі жайылымды жеке кәсіпкерлер Қаден, Қайрат Нәбиевтер меншігіне алып, белгі ретінде ұзыннан ұзақ ор қазған. Малмен ғана күнін көріп отырған ауыл тұрғындары әлбетте бұған қарсылық білдіріп, бейнежазбаны әлеуметтік желіге жүктеген. Бейнежазбада ауыл тұрғындары қолдарындағы азын-аулақ малдың жайылатын жері жоқтығын алға тартқан. Жеке кәсіпкерлер маңайдағы жерді картаға түсіріп заңдастырып алған деседі. Оның үстіне жерді қазып, табиғатқа нұқсан келтіргені үшін де ел ашынған.
Ал Ақжар ауылдық округінің әкімі Дәуітбек Қорғауұлының айтуынша, ағайынды Қаден мен Қайрат Нәбиевтер 69 гектар жерді 2002 жылы рәсімдеген.
– Ауылшаруашылық жері 5-6 шақырымнан кейін елді мекенмен шектесіп жатыр. Тұрғындарға жайылым жетпей жатқан жалғыз себебі – мал басы көбейіп келеді. Алдағы уақытта жайылымды 6 мың гектарға кеңейтуді ұсынып отырмын. Ал қазылған жер қайта қалпына келтірілді, – дейді округ әкімі Дәуітбек Қорғауұлы.
Дейтұрғанмен, Тарбағатай өңіріндегі жайылым мен шабындық мәселесіне нүкте қойылмаған секілді.
Зайсан ауданы. Бір ауданның шаруалары халыққа қиқым жер қалдырмай құжатын рәсімдеп алса, зайсандық «Көшпес» шаруа қожалығының жетекшісі Асан Жангунов шаруасын дөңгелету мақсатында жер сұрап ашпаған есігі, аттамаған табалдырығы қалмаған. Жер алғанымен, тиісті жерінің жартысын су қорғау аймағы деп берілмей қалған екен.
– Ауданда шаруашылық жерлерін конкурссыз беріп отыр. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып жатыр дегенді мүлдем естімедім. Жазда шығатын жайлауым жоқ. Иесіз жерлерді картадан көрсетіп отырмын. Алайда сөзіме құлақ асқан басшы жоқ. Керек десеңіз, жалған құжат жасап отыр. Соның бәрін «Антикор» тексерсе екен. Қысқасы, жер мәселесі бойынша Президенттің тапсырмасы Зайсан ауданында орындалып жатқан жоқ, – дейді қожалық иесі Асан Жангунов.
Зайсанда жер ала алмай жүрген А.Жангунов қана емес. Өзге аудандардағыдай жайылым мен шабындықтың проблемасы мұнда да бар. Жоғарыда аталған мәселені Зайсан аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Қайрақпаевқа айтып едік, мәселенің мән-жайын түсіндіргендей болды. Оның айтуынша, шаруалар өз еркімен қайтарған жерді конкурсқа ұсынған. Кейін шаруашылықтың басқа да мүшелері шығып, жерді қайтаруға қарсылық білдірген. Жергілікті әкімдік істің дауға ұласып бара жатқанын түсініп, сот құзырына қалдырған еді.
– Жердің дауы сотқа жетпей өзара шешілді. Қайтарылған аумақты конкурсқа ұсынып, 260 гектар жер «Көшпес» шаруа қожалығының жетекшісі Асан Жангуновқа берілді. Ал Үйдене су қоймасына жақын жерді бере алмаймыз. Ауылшаруашылық жер су жағасынан 500 метр қашық болуы керек. Облыс әкімінің қаулысымен бекітілмей, беруге болмайды. «Көшпестің» қосымша 400 гектар жері бар, – дейді Еркін Қайрақпаев.
Ал Зайсан ауданында пайдаланылмай жатқан жерді қайтару үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда шағын кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жарияланғандықтан, кедергілердің де барын алға тартады әкімдік қызметкерлері.
– Пайдаланылмай жатқан жерді қайтару жұмыстары сот арқылы жүзеге асады. Оның үстіне соңғы екі жылда жерге не егін егілмегендігін, не мал жайылмағандығын дәлелдеуің керек. Жерді қайтарып алғанның өзінде шаруаның шығынын өтеп беруің керек. Иә, Зайсанның екі-үш ауылы жерден таршылық көріп отырғаны рас. Елде мал көбейді. Жайылымды кеңейту үшін қолдан келгенін істейміз, – дейді жер бөлімінің басшысы.
Міне, Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр алқап қазақтың атамекен туған жері деп кеуде соққанымызбен, ауылдағы қоңыр тірлікті халыққа тоқымдай жердің бұйырмай тұрғаны өкінішті. Шығыс Қазақстандағы әр ауданда табындық пен шабындық жер аздық етеді. Қарапайым тұрғындар айтпақшы, бір кәсіпкер жүздеген гектарды рәсімдеп алады да, ауылдықтарға тулақтай жер бұйырса бұйырды, әйтпесе ол да жоқ.
Шығыс Қазақстан облысы