Қоғам • 05 Мамыр, 2021

Адамдар неге жоғалады?

3940 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жыл сайын елімізде мыңға жуық адам із-түзсіз жоғалып кетеді екен. Қазақстанда соңғы бес жылда 17 мыңнан астам адамға іздеу жарияланса, соның 6 мыңнан астамының тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Айдың-күннің аманында адамдар неге жоғалады?

Адамдар неге жоғалады?

Жыл басталған үш айдың ішінде ішкі істер органдарының аймақтық бөлімшелері 1422 адамның жоғалып кеткені туралы өтініш қабылдаған. Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде оның 500-ге жуығы табылып, аман-есен отбасыларына оралған. Алайда 900-ден астам адамның қайда кеткені әлі күнге дейін анықталмаған.

Байланыстың алуан түрі дамыған бүгінгідей уақытта адамның жоғалып кетуі миға сыймайтын жайт болса да, бұл дерек – ақиқат. Бас прокуратураның Құ­қықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметтеріне сенсек, 2016 жылдан бері елімізде із-түзсіз жоғалғандар саны 1551-ден 934-ке дейін азайған. Десек те, елімізде хабар-ошарсыз кеткендер тізімі ортайған емес.

Күні кеше Шымкентте 3 жастағы сәбидің жоғалып, ата-анасы, әжесімен қайта табысқан бей­нежазбасы ешкімді бейжай қал­дыр­мады. Түскі бірлерде үйден шығып, белгісіз жаққа кетіп қалған баланы іздеуге 500-ге жуық полиция қызметкері, кинологиялық қызметтің иттері қатысып, Әл-Фараби ауданының бұл жайында естіген тұрғынының барлығы жұмыла кіріскен болатын. Жедел әрі жан-жақты жүргізілген іздеу жұмыстарының нәтижесінде учаскелік полиция қызметкерлері 10 сағаттан кейін үйінен тым алысқа ұзап кеткен балдырғанды аман-есен тауып, көз алдында жүрген сәбиінен қас қағым сәтте көз жазып қалып, өзін қоярға жер таппай жүрген анасына табыстады.

1

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Сәуірдің соңғы күндерінде ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 6 жасар Әлтаирдың жоғалып кеткені туралы мәлімет тарады. Қызылорда облысының Титов ауылында тұратын ойын баласы үйінен таңертең шығып кетіп, сол күйі оралмаған. Алғашында әке-шешесі балаларын өздері іздеп көрген, ал полицияға тек 9 сағат өткеннен кейін хабар берген. Өңірдің бүкіл күш құрылымы мен ауыл тұрғындары баланы адам аяғы жетер барлық жерден іздестірді. Көп қабатты үйдің жертөлелері мен тұралап қалған құрылыс алаңдары, тіпті Сырдария өзенінің жағалауын да сүзіп шыққан іздестіру тобы екі күн бойы ұшты-күйлі жоқ болып кеткен Әлтаирдың аман-есен табылуынан үміттерін үзбей келген еді. Алайда екі күн өткеннен кейін баланың жансыз денесі жеке тұрғын үйдің кәріз құдығынан табылды...

Бір апта бұрын Жамбыл полицейлері жоғалып кеткен 9 және 11 жастағы екі баланы келесі көшеде тұратын туыстарының үйінен тапқан. Қос немересінен көз жазып қалған әжесі бұл кезде Мойынқұм ауданының бүкіл полиция қызметкерін дабылмен көтеріп, Құмөзек ауылының халқын әуре-сарсаңға салған еді. Сөйтсе, балалар ойынның қызығына беріліп, кеш қарая туыстарының үйінде теледидар көріп, сол жақта қонып қалған көрінеді. Ал туыстары үйлерінде алаңсыз пысылдап ұйықтап жатқан қос жеткіншекті бүкіл ауыл болып іздеп жүргенін полиция келіп есіктерін қаққанда бір-ақ білген.

ІІМ Криминалдық полиция департа­менті Қылмыскерлерді іздестіруді ұйым­дастыру басқармасының басшысы Абай Ерғалиев: «Адам жоғалғаны туралы поли­цияға түскен өтініш бірден сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тір­кеуге алынады. Осы сәттен бастап іздестіру жұмыстары дереу қолға алынады», дейді.

Кешенді жедел шара барысында ең бірінші адамның үйден кету себептері, жоғалған адаммен соңғы байланыста болғандар анықталады. Сондай-ақ іздеу жарияланған адамның соңғы болған жеріне тексеру жүргізіледі. Көбіне жедел-іздестіру операцияларына қызметтік іздестіру иттері, қажет деп табылса, ТЖМ қызметкерлері, құтқарушылар да жұмылдырылады. Қалың орман, таулы жерлерге, су айдындары мен адам аяғы жетуі қиын орындарға арнайы тікұшақ тартылады. Басқарма басшысы жоғалған адамды табу үшін көбіне үйлердің шатырына шығып, кәріз құдығына түсуге де тура келетінін айтып, адам өмірін аман сақтап қалуға бағытталған жедел шара кезінде әр минуттың құнды екенін ескертіп өтті.

«Әсіресе, оң-солын ажыратып үлгерме­ген балалардың жоғалып кетуі өте қиын. Мұн­дай кездері жеткіншектердің ата-анасына психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету бір бөлек те, буыны қатпаған баланы аман-есен тапқанша жедел әрі сауатты іздеу жүргізудің жауапкершілігі мүлде бөлек», деген Абай Оңғарұлы туған ұясынан безіп, үйінен қашып кететін жеткіншектердің дені тұрмысы төмен отбасында өмір сүретінін де жасырмады. «Күн сайын ішімдік ішіп, үйінен айқай-шу мен ұрыс-керіс арылмаған жерде кімнің тұрғысы келсін, әрине?! Ата-анасының дау-жанжалы мен баспанасындағы бере­кетсіздіктен қажыған бала ет жақын­дары­мен бірге тұрғысы келмейді. Сол себепті де әлеуметтік жағдайы нашар, тұрмысы қиын отбасылардан шыққан балалар жиі жоғалып кетеді. Олардың көбі өз бетінше өмір сүргісі келеді», деген басқарма басшысы ересектерден гөрі жеткіншектерді іздеп табудың қиын екенін де айтып қалды. «Қазір жасөспірім балаларды іздеуді қиындатып отырған фактордың бірі – әлеуметтік желідегі оңды-солды, бақылаусыз таныстық. Түрлі желіге тіркеліп алған бала сол жерде біреулермен танысып, виртуалды әлемдегі таныстығын шынайы өмірде жалғастырғысы келіп кездесу белгілейді. Ата-аналары мен туыс­тарының рұқсатынсыз бірнеше күн бойы жаңа танысқан адамымен бірге жоқ болып кететін жеткіншектер аз емес. Сол себепті әр ата-ана баласының қандай желіде, кім­мен сөйлесіп, байланысып жүргенінен хабар­дар болып отыруы қажет», дейді ол.

Мектеп-интернат пен Балалар үй­лерінен кетіп қалып, хабарсыз жоғалған, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мен кәмелетке толмағандарға арналған маман­дан­дырылған мектептерден қашып шығып, «ізін суытқан» жеткіншектердің тағдыры да көбіне белгісіз болып жатады.

Біздің «Хабарсыз кететіндердің арасында кімдер көп?» деген сұрағымызға А.Ерғалиев: «Көбінесе іссапарға, мау­сымдық жұмыстарға шығатын немесе вахталық режімде жұмыс істейтін, содан кейін ішімдікке салынып кеткен, қаң­ғыбастыққа бейім және психикалық ауруға шалдыққан ересектер жоғалып кетеді. Соңғы екі фактор әйелдерге де қатысты, бірақ олар ерлерге қарағанда аз жоғалады», деп жауап берді.

«Бүгінгі күні хабар-ошарсыз жоғалған адамдарды іздеуге полицияның ресурс­тары жеткілікті. Алайда  біз еріктілер мен басқа да қоғамдық ұйымдардың көмегінен ешқашан бас тартпаймыз. Өйткені, жоғалған адамды іздеуге неғұрлым көп адам жұмылдырылса, оның орналасқан жерін анықтау, көмек қолын созу мүмкіндігіміз артады», дейді департамент өкілі.

Қазіргі таңда еліміз бойынша 200-ден астам волонтерлік ұйым тіркелген болса, олардың 30-дан астамы хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру бойынша ішкі істер органдарымен тізе қосып, белсенді көмек көрсетіп жүр. Іздестіру операциясы кезінде волонтерлердің тигізер пайдасы мен берер көмегі көп екенін полиция қызметкерлері де жоққа шығармайды.

«Волонтерлік қызмет туралы» заңға сәйкес волонтерлер соңғы жылдары әрбір із-түзсіз жоғалу бойынша іздеу операциясына қатысып келеді. Олар көбінесе техника бара алмайтын, қиын-қыстау жерлерді тексеріп шығу кезінде көп көмектеседі. Өт­кен жылы волонтерлік ұйымдардың қаты­суымен барлығы 290-нан астам аза­мат­тың орналасқан жері анықталса, биыл 70-тен астам хабар-ошарсыз кеткен адам табылған.

Мәселен, өткен жылы Алматы қала­сында жоғалып кеткен 9 жастағы жеткін­шекті іздеу жұмыстарына ішкі істер орган­дарының 300-ге жуық қызметкері, 50 әс­кери қызметші, сондай-ақ 30-дан астам ерікті мен мектеп мұғалімі қатысқан болатын. Бір күннен кейін бала сол қала­дағы досының үйінен табылған. «Бұл – тәжіри­бемізде ең көп кездесетін мысалдың бірі. Жиі қайталанатын қателіктер де ортақ. Ол – ата-аналардың полицияға кеш хабар беруі. Өз беттерінше іздейміз деп көп адам уақыт­ты өлтіріп алады», дейді басқарма қызметкері.

Сәтті  аяқталған іздестіру жұмыс­тары­ның бірі – Қостанай об­лысының Амангелді
ауда­­нын­да ақтүтек боранда адасып кеткен малшы­ның оқиғасы. Жеті күн бойы жапан далада күнелтіп жүрген Қарасу ауылының тұрғынын табуға тікұшақтың көмегі көп болған. Апта бойы өлместің күнін кешіп, нәр татпай әлсіреп қалған малшыны ТЖД қызметкерлері «Қазавиақұтқару» ММ-мен бірлесіп, Қарағанды облысы Ұлытау ауданы бағытында орналасқан Бірәлі қыстағынан 32 шақырым қашықтықтағы қамыс қопасының қасынан тауып, бірден аурухана жеткізген еді. Көрер жарығы бар жігіт ағасының қазіргі жағдайын дәрігерлер жақсы деп бағалап отыр.

Хабар-ошарсыз жоғалған адам табылмаса да іздестіру жұмыстары тоқтатылмайды. «Себебі, хабарсыз кеткендерді іздестірудің мер­зімі жоқ», деген А.Ерғалиев егер жоғал­ған адам үйіне оралса, бұл туралы бір­ден полицияға хабар беру керектігін де ес­кертті. Егер бұлай жасалмаса, іздеу ресми түрде тоқтатылмай, адам іздеуде жүре береді.

Елімізде жоғалған адамдарды іздеуге ерекше үлес қосып жүрген ұйымның бірі – LIDER.KZ еріктілер қозғалысы. Қазіргі таңда бұл ұйымның мүшелері Қазақстанның 17 қаласында жұмыс істейді. LIDER.KZ көрші Өзбекстан мен Ресей волонтерлерімен өзара байланысты нығайтып, Birgemiz: Umit бағыты бо­йынша төтенше жағдайлардың зардабын жоюға да белсенді атсалысып жүр.

Қызылорда облысының «Волонтерлер фронт-офисі» жетекшісі Болатбек Айтбен­бетов бұрындары жоғалғандарды іздеуге жеке адамдар өз еріктерімен қатысқан бол­са, қазір еліміз бойынша жасақталған арнайы еріктілер қозғалысы барын жет­кізді. Оның мәлімдеуінше, тәжірибеде ең көп ізделетіндер – ересек адамдар екен. «Ел-жұрт көбіне буыны қатпаған ойын балалары жиі жоғалып кетеді деп ойлайды. Алайда тәжірибеде басқаша. Көбіне кәмелеттік жасқа толған, ересек адамдар жоғалып кетіп жатады. Ал олардың жоғалу себептері әртүрлі. Балдырғандардың басым бөлігі ойынның қызығына батып, үйле­рінен алыстап кетіп, адасып қалады. Ал үлкендер отбасындағы жанжалдан «қашып», бас сауғалағысы келеді. Есте сақтау қабілеттері нашар қарттар да тұрған үйін таппай қалып жатады», дейді ол.

«Адамды іздеудің оңайы болмайды. Себебі, іздеу жұмыстары әдетте бір алго­ритммен жүргізілсе де әр адамның өмірі, тағдыры мен денсаулығына жа­уапты болу – ауыр міндет» деген еріктілер жетекшісі жоғарыда біз айтып өткен алты жасар Әлтаирды іздеу операциясына да қатысқан. «Шынымды айтсам, 2-3 күн бойы баланың фотосын қолымызда ұстап жүріп-ақ оған қатты бауыр басып кетіп едік. Әлтаирды аман-есен табамыз деген үмітімізді соңғы секундқа дейін үзген жоқпыз. Іздеу жұмыстарын таңғы 5-тен бас­­тап түнгі 3-ке дейін тоқтаусыз жалғастыра бердік. Алайда періштенің қазасы туралы қаралы хабар іздестіру жұмысына қатысқан барша жұрттың, соның ішінде еріктілердің де қабырғасын қайыстырып кетті. Бейкүнә сәбидің төтелеп келген ажалы бәріміздің жанымызға батты, көзімізге жас алдыртты. «Бала тірі, табамыз» деген сеніміміз мол еді...», деген ол егер аймақта бейнебақылау камералары көп орнатылған болса, қайғылы оқиғаның алдын алуға болар ма еді деген өкінішін де жеткізді.

Түйін: Адамдар неге жоғалады? Із-түзсіз кетудің жолы да, себебі де сан түрлі. Бірі қарттық жеңіп, ауруына қарсы тұра алмай, басы ауған жаққа босып кетеді. Енді бірі үйінен береке таппай, ет жақынынан баз кешіп кетеді. Үшіншілері ішімдікке салынғаны соншалық, «бастарын жазу үшін» қаңғырып кетеді. Тіпті несиесін жаба алмай, қарызынан құтыла алмай қаңғыбастыққа салынып кеткендер де бар. Әкесінің соққысынан қашып, отбасындағы ұрыстан зәрезап болған бала да ұясынан безінеді. Ал үйде үлгі көрмеген түзде қандай түрен салмақ? Бұл, әрине, басқа мәселе.