Жоба авторларының бірі әлеуметтік желіде «барлық кінәрат төлемді дұрыс жүргізбеуімізден» деп жазды.
«Абоненттік төлемді уақытылы жүргіздік. Бірақ басқа адамның атынан төлеппіз. Осыған байланысты мобильді қосымшаны платформадан алып тастаған. Биылдан бастап төлем тәртібі өзгергенін естен шығарып алдық. Жақын уақытта барлығын қалпына келтіреміз», деді «Ashyq» мобильді қосымшасын әзірлеуші Виталий Пустовойтенко.
iOS платформасына мобильді қосымшаны орнату үшін бұрын басқа адамның атынан ақы аударуға рұқсат еді. Алайда соңғы өзгерістер бойынша жоба иесі енді тек өз атынан төлеуі керек. Сондықтан iOS жүйесіндегілер «Ashyq» мобильді қосымшасын көп ұзамай смартфондарына қайта жүктей алады.
Ал Android қолданушылары үшін қазірдің өзінде қолжетімді. Айта кеткен жөн, бағдарламаны 720 мыңнан астам азамат жүктеген. Қосымшаны 1 тәулік ішінде шамамен 126 мың адам пайдаланады.