Қоғам • 06 Мамыр, 2021

Қалдық – көкеміздің лақап аты

887 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жыл сайын Саяси қуғын-сүргін және ашар­шылық құрбандарын еске алу күні қар­саңында бір қария ойыма оралады. Жасы сексенге қара­ған шағында дүниеден өткен көкемізді ауыл-аймақ түгел Қалдық деп атайтын. Тек өмірден өткен соң ғана өзінің ата-анасы азан шақы­рып қойған аты мәлім болды.

Қалдық – көкеміздің лақап аты

Ол көкеміздің оң самайында бармақ басындай қалы болатын. Балалық шағы отызыншы жылдың басындағы ел ішін аштық жайлаған қиын-қыстау кезге тап келіп, ашқұрсақ өмір кешіп, қалдық ас ішуге дағдыланған әдетінен кейін де арыла алмай, жақын жеңгелері Қалдық деп атап кетсе керек. Берідегі тоқшылық кезде де балалық әдетімен жиын-тойда табақтас болған қатарластарының қас-қабағына қарап: «Алыңдар, ішіп-жеңдер!» деп өзі тартыншақтап, қасындағылар тояттаған соң ғана табаққа қол салады екен. Сол Қалдық көкенің айтқан мына бір әңгімесі есімнен шықпайды.

«Отыз бірдің қара күзінде Мойынқұм­ның қойнауындағы қыстауға көшіп кел­дік. Қолдағы союға жарамды мал біткенді ауыл белсенділері сыпырып алып, өңшең кәрі-құртаң, ауру-ақсақтары қалған. Ауыл балалары топтанып жүріп, қай үйдің мұр­жасынан түтін шықса, солай қарай жылыстап баратынбыз. Шық бермес Шығайбайлар ол кезде де болған, ел ұйқыға жатқанда қазан көтеріп, қаптағы азығын үнемдеп жұмсап, қарнын тойдырып, күндіз түк көрмегендей елмен араласып жүре беретін. Үстімізде – жыртық шекпен, әр жері ойылып, жүні шыққан жарғақ тонның қойын қалтасында әбден қажалған ағаш қасық жүреді. Балалық шақтағы ойын қызығымен шапқылап жүру деген жоқ, есіл-дертіміз тойып та­мақ ішу болатын. Әр үйде бала бар, соларды сылтауратып, мұржадан шыққан тү­тін басыла бергенде топтанып кіріп бара­мыз. Алдарына ас алған жандар біз­ді көріп ұялғаннан: «Келіңдер, астан дәм та­тыңдар!» десе, кейбірі ләм-лим демес­тен, астарын апыл-ғұпыл тауысуға асығатын.

Ортаңғы үйдің мұржасынан түтін сейіл­ген кезде бір топ бала киіз үйдің есігін түріп, іркес-тіркес кіріп келдік. Үйдегі еркек кіндік, үлкен-кіші бір тегенені ортаға алып, қыз-қырқын мен әйелдер екіншісіне бас қойып жатқанда сырттан келген бізді көрген төрдегі қария үлкендік жолымен: «Ой, бәрекелді, астың үстінен түстіңдер, енелерің сүйеді екен!» дегенде өзгелері ығысып орын беріп, төменге отыра қалып, қойнымыздағы қажалған қасықты алып, тегенедегі асқа қол создық. Ұн шылаған, әр жерінде арық малдың қарайған еті бар аталаны апыл-құпыл асап жатқанда бармақтай қара қоңыздың бетіне қалқып шыға келмесі бар ма? Қасығымызды көтерген күйі сілейіп отырып қалыппыз. Қара көлеңкелі үйде түңліктен қазанға түсті ме, атың өшкір қоңыздың қайдан пайда болғаны белгісіз еді. Аңтарылып отырған бізді көрген қария үн қатып: «О, жарықтық, бұл береке ғой!» деді де қасығымен қоңызды іліп алып, аузына салып, толғап-толғап жұтып жіберді. Қарияның аузына қараған біздер қайтадан тегенеге сатыр-сұтыр қасық салып, жалап-жұлап, тегененің түбін тақырлап тастадық. Осылайша, аузы асқа тиген үй иелерінің несібесіне ортақтасып, құрсағымызға азын-аулақ ас қондырып, сыртқа шығып кеттік. Көпке дейін үйдегі қарияның әрекеті көз алдыма елестеп, есімнен шықпай қойды. Өткен өмірінде аштықты да, тоқтықты да көрген қария балалар жеркенбесін деген оймен қоңызды аузына салып, жұтып қойғаны – ақылдылығы еді» деп аяқтаған Қалдық қария әңгімесін.   

Қазіргі кезде нарық қанша алқымнан қысса да аштан өліп, көштен қалып жатқан ешкім жоқ. «Елде болса ерінге тиеді» дегендей, тоқшылықтың белгісі әр үйдің дастар­қанынан сезіліп тұрады. Ауылды қай­дам, қаладағы қалдық ас қисапсыз қоқыс­қа төгіліп жатады. Тойханаларда тонналаған астың қалдығы қоқыс жәшігін толтырады. Қазекеңнің ысырапшылдығы асқынып кеткені сонша, алдына жан салар емес. Өзбектер бір қоймен қатте той жасаса, қазекеңнің тойына ту биенің еті жетпей қалады. Бар тапқан-таянғанын тойына шашатын қазекең сол баяғы Абай зама­­нындағыдай жалған намыс пен даңғой­­лықтан арыла алмай келеді.

Әр күні ас ішіп отырып, табақ түбінде қал­ған асты көргенде Қалдық көкем есіме түседі.

 

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,

жазушы, журналист