Тіпті жауын-шашын, қатты жел тұрған күндері жарық жиі сөнеді. Электр желілері ескірген. Ол аздай аудандағы Алтай, Сарыжайлау, Ақжелкен, Болашақ көшелерінде көше шамдары атымен жоқ. Соның салдарынан аталған ауданда ұрлық-қарлық, тонаушылық тыйылмауда. Былтыр ұйымдасқан қылмыстық топ бір тәулік ішінде осы аудандағы Жамауов, Ақбаев, Ақжелкен көшелеріндегі жеке тұрғын үйлерді тонап, тұрғындардың дүние-мүлкіне зиян келтірген.
«Көше шамдарының жоқтығынан жол бойындағы дүкен алдында маскүнемдердің де қарасы көбейе түскен. Кішкентай балаларымызды дүкенге не сыртқа шығаруға қорқатын болдық», дейді аудан тұрғыны Айымгүл апа.
Иә, шынымен де аталған аудан мегаполис әкімдігі орналасқан Нұрсәт шағын ауданына тиіп тұрғанымен мұндағы инфрақұрылым мен коммуналдық қызмет сапасы сын көтермейді. Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, аудандағы қоғамдық көлік қызметінің сапасы да өте төмен. Таңғы және кешкі уақыттарда ескі қытай автобустарының қатынау жиілігі 30-40 минут, тіпті сағатқа созылады екен. Жұмысынан кешігіп қалмауға тырысқан жұртшылық көбіне такси қызметіне жүгінуге мәжбүр.
Аудан тұрғындары арыз-шағымын жергілікті аудан әкімдігіне жеткізген. Алайда әлі нақты шешім жоқ.
Былтыр сәуір айында шаһар басшысы Мұрат Әйтенов Қайтпас 1 шағын ауданын аралау барысында тұрғындар сапасы төмен жекеменшік жарық жүйесіне шағымданған еді. Бұдан бөлек қайтпастықтар жол, ауыз су, газ, қоғамдық көлік мәселесі де өзекті екенін айтқан. Өз кезегінде Мұрат Дүйсенбекұлы тұрғындар көтерген мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізген.
«Сіздердің қуаты әлсіз жекеменшік электр энергиясын тұтынып отырғандарыңыздан хабардармын. Кезінде осындағы 416 үйге жарық жүйесі жетпей қалған екен. Соны ескеріп, қуат жүйесін жүргізуге байқау өткізіп, мердігер мекемені анықтадық. Жуырда олар жұмысын бастайды. Құрылыс жұмыстарын күзге дейін бітіруге әрекет жасаймыз. Сонда сіздерде сапалы энергия болады. Ал су, газ тарту мәселесіне келсек, жуырда жобалық-сметасын жасаймыз. Биыл жұмыстарды бастауға тырысамыз», деген еді қала әкімі.
Алайда жыл өтсе де аудандағы жарықтандыру жұмыстары жабулы қазан күйінде қалып отыр. Амалы таусылған тұрғындар өз үйлерінің тұсына өз күштерімен жарық шамдар орнатуға көшкен...
ШЫМКЕНТ