Медицина • 06 Мамыр, 2021

Вакциналауға сенім артып келеді

130 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде 420 мыңнан астам адам вакцинаның 2 дозасын алғанын мәлімдеді.

Вакциналауға сенім артып келеді

«Елімізде вакциналау осы жылдың ақпанында басталды. Бүгінде 2,3 млн доза вакцинаға қолжетімділік қамтамасыз етілген. 1 сәуірден бастап вакциналау қарқынын 12 есеге арттырып, яғни тәулігіне 11 мыңнан 135 мыңға жеткізіп отырмыз. Қазіргі уақытта бізде үш вакцина бар және азаматтарға таңдау мүмкіндігі беріліп отыр. Олар – Спутник-V, QazVac және Hayat-Vaх. Вакциналар Қазақстанның барлық өңірінде қолжетімді», деді А.Цой.

Министрдің сөзінше, бүгінге дейін 1 507 389 азамат вакцинаның I-компонентін, 422 279 адам II-компонентін алды. Соны­мен қатар ол еліміздің барлық медици­налық ұйымын қажетті температура режімімен қамтамасыз ету, мұздатқыш жабдықтарын сатып алу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті.

«Ең маңыздысы мобильді екпе жасау бригадасы оқытылды. Қазір шамамен 11 мың медицина қызметкері вакциналау процесін қамтамасыз етуде. Елімізде 1,4 мың егу пункті құрылды. Оның ішінде 400-і – көшпелі пункт. Олар еңбек ұжымдарына, сауда үйлеріне, ірі сауда орталықтарына барып екпе жасайды. Сондықтан вакциналау барысы қарқынды жүргізіліп жатыр деп айта аламыз. Ел тұрғындарының вакцинаға деген сенімі де артып келеді», деді А.Цой.

Сонымен қатар ведомство басшысы елімізде коронавирус вакцинасын алған азаматтардың 0,02 пайызы ғана вирусты қайта жұқтырып алғанын алға тартты.

«Жалпы алғанда вакциналау проце­сінің бүгінде өте белсенді жүріп жатқанын көріп отырмыз. Азаматтарымыз вакцинаға үлкен сенім арта бастады. Вакцина алған азаматтардың ішінде тек шамамен 0,02 пайызы ғана ауырып қалды», деді министр.

Оның пайымдауынша, мұндай көрсеткіш вакцинаның тиімді екенін көрсетеді. «Ол айқын көрініп тұр. Әрине, вакциналаудың мұнан арғы қарқыны денсаулық сақтау жүйесінің үйлесімді жұмысына, сонымен қатар азаматтардың түсінігіне, жақындары үшін дұрыс таңдау жасауына және ұжымдық иммунитеттің дамуына байланысты екенін атап өткім келеді», деді А.Цой.

Коронавирустан қайтыс болған адамды жуындыру рәсіміне туған-туыстарынан екі адам ғана қатыса алады. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят айтты.

«Бүгінде жерлеу рәсімі республиканың Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес реттеліп, жүргізіледі. Коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адамның мәйіті арнайы орында, яғни паталогоанатомиялық моргтарда, бөлімшелерде жуындырылуы керек. Осы жуындыру рәсіміне туған-туыстарынан екі адам қатыса алады. Туыстары кіргізбес бұрын қорғаныш киімдермен, құралдармен қамтамасыз етіледі. Мәйіт жуындырылғаннан кейін жерлеу үшін туған-туыстарына беріледі», деді вице-министр.

Оның айтуынша, жаназа рәсіміне марқұмның тек туған-туыстары қатысып, арақашықты сақтауы, маска тағуы қажет. «Қазіргі уақытта жуындырылып берілген мәйітті діни қызметшілерге немесе туған-туыстарына ұстауға болмайды. Барлық мәйіт жалпы зиратқа жерленіп жатыр. Бүгінгі жерлеу әдісі осындай», деді Ажар Ғинаят.