Қазақстан • 06 Мамыр, 2021

Ресей мен Қазақстан арасындағы мал тасымалдауға қатысты шектеулер жойылды

787 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті мен Россельхознадзор мал шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізуге байланысты бұрын енгізілген уақытша шектеулерді алып тастау бойынша жұмыс жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz министрлікке сілтеме жасап.

Ресей мен Қазақстан арасындағы мал тасымалдауға қатысты шектеулер жойылды

ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті мен Россельхознадзордың жемісті келіссөздерінің нәтижесінде мал мен мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуге бұрын енгізілген өзара шектеулерді алып тастау бойынша бірқатар мәселелер шешілді.

Қазақстандық кәсіпкерлер мен ветеринарлық қызметтердің назарына жоғары патогенді құс тұмауы бойынша жағдайдың тұрақтануына байланысты еліміздің Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар және Қостанай облыстарынан Ресей Федерациясына мына өнімдерді жеткізуге рұқсат етілгенін хабарлаймыз:

- тірі құстарды;

- инкубациялық жұмыртқаны;

- құс етін;

- Халықаралық эпизотиялық бюроның Жер үсті жануарларының денсаулығы кодексінің ережелеріне сәйкес, құс тұмауы вирусына қарсы өңделген тауарлардан бөлек, құстан жасалған дайын ет өнімдерін және құрамында құстың қайта өңделген өнімдері бар Құс шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлерін;

- құстардың азығы және оның қоспаларына;

- құстарды күтіп-бағуға, союға және мүшелеуге арналған бұрын пайдаланылған жабдықтарды жеткізуге рұқсат берілді.

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар және Қостанай облыстарынан жөнелтілген тірі құстарды Ресей Федерациясының аумағы арқылы тасымалдауға да рұқсат етілді.

Ньюкасл ауруы бойынша Қарағанды облысынан Ресей Федерациясына тірі құс және инкубациялық жұмыртқа, құс еті және термиялық өңдеуден өтпеген, құстарға арналған азық пен оның қоспаларын, бұрын құстарды күтіп-бағуға пайдаланылған, союға және мүшелеуге арналған жабдықтарды, құс өнімдерінің барлық түрлерін жеткізуге қатысты бұрын енгізілген шектеулер жойылды.

Бұл аймақтан да Ресей Федерациясының аумағы арқылы тірі құс тасымалдауға рұқсат етілді.

Пастереллез бойынша жағдайдың тұрақтануына байланысты Ресей Федерациясына Қарағанды облысынан күйіс қайыратын жануарлардың барлық түрлерін, шошқаны, сондай-ақ 72°С температурада 30 және одан да көп минут ішінде термиялық өңдеуден өтпеген жануарлардың көрсетілген түрлерінен алынған олардың генетикалық материалдары мен мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуге қойылған шектеулер алынып тасталды.

Атырау мен Маңғыстау облыстарынан Ресей Федерациясының аумағына жеткізуге рұқсат етілген өнімдер:

- тірі қой мен ешкілер;

- қой мен ешкінің етінен дайындалған өнім

- сүт және сүт өнімдері;

- мал азығы;

- сойылған қой мен ешкіден алынған басқа да шикізаттар мен бұйымдар;

- ұсақ малды ұстауға, союға және өңдеуге арналған қолданыстағы жабдықтар.

Сонымен қатар, Атырау және Маңғыстау облыстарынан жөнелтілген тірі қойлар мен ешкілерді Ресей Федерациясының аумағы арқылы тасымалдауға рұқсат етілді.

Нодулярлық дерматит бойынша жағдайдың тұрақтануына байланысты Атырау облысынан Ресей Федерациясына жеткізуге рұқсат етілген өнімдер:

- жануарлардың нодулярлық дерматитіне бейім ірі қара мал;

- нодулярлық дерматит вирусының бұзылуын қамтамасыз ететін тиісті өңдеусіз ІҚМ-дан, сондай-ақ жануарлардың сезімтал түрлерінен алынған өнім;

- ірі қара малдың өңделмеген терісі;

- ІҚМ-дың генетикалық материалы;

- ІҚМ ұстауға және тасымалдауға арналған қолданыстағы жабдық.

Шошқаның африкалық обасы бойынша эпизоотиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты Қазақстан Республикасына тірі шошқаларды Алтай Республикасынан, Алтай және Красноярск аймақтарынан, Новосибирск, Қорған, Челябі және Түмен облыстарынан жеткізуге және Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауға рұқсат етіледі.

Бұған дейін құс тұмауы бойынша күрделі жағдайға байланысты Қазақстанға Курск, Орлов, Воронеж, Челябі, Омбы, Түмен, Қорған және Томск облыстарынан, сондай-ақ Татарстан Республикасынан тірі құс пен құс шаруашылығы өнімдерін әкелуге енгізілген шектеу шаралары алынып тасталды.

Бұдан бөлек, тірі құсты, инкубациялық жұмыртқаны, мамық пен қауырсынды, құс етін және құс шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлерін, құстарға арналған азық пен оның қоспаларын, сондай-ақ Саратов облысынан құстарды күтіп-бағуға, союға және мүшелеуге арналған қолданыстағы жабдықтарды Қазақстан Республикасына экспорттауға рұқсат етілді. Айта кетейік, бұрын аймақтағы Ньюкасл ауруының эпизоотиялық жағдайына байланысты шектеу шаралары енгізілген болатын.