Кейде атажұрттың ол шеті мен бұл шетіне сапар шеккенде, арғы-бергіні еріксіз ойға алғаныңда, үнемі шымырлатып жүрек сыздататын да тұратын бір азалы күй бар. Ол – талайларға ризық болып жатқан осы бір шалқар құт мекенді заманалар бойы жатжұрттықтардан кеуделерін оққа тосып, жанын шүберекке түйіп жүріп найзаның ұшы, қылыштың жүзімен қорғап қалған батырлар азасы.
Әңгімеге арқау етіп отырған XVIII ғасырдағы жоңғар басқыншылығына қарсы жүргізілген қазақтың Отан соғысында оның қаһармандарының бірі болған Тоғанас батырдың туғанына биыл 350 жыл толғалы отыр.
Сабдалыұлы Тоғанас (1671 – 1764) қазақ халқының елдігі мен еркіндігін қорғау жолында жоңғар (қалмақ) шапқыншылығына қарсы жүргізілген қан майданда ерен ерліктер жасап, иісі қазаққа атағы жайылған батырлардың бірі. Тоғанас батырдың туып-өскен жері Түркістан өлкесіндегі шырайлы Шымкент. Ондағы қасиетті Қошқарата өзенінің бойы. Топырақ бұйырған жері де осы маң.
Тоғанас батырдың шыққан тегі Ұлы жүздің Сіргелі – Байжігіт руынан. Шежіре дерегі бойынша Байжігіттің Көшімбет атасынан. Әкесі Сабдалы адуынды да зор денелі, шаруаға ұқыпты жан болған екен. Сабдалы Сайрам мен Шымкенттің базарына жылқы, қой айдап, саудамен ерте айналысқан. Оның отырықшы өмірге бейімделуіне ескі қалашықтағы өзбек көршілері мен достары ықпал жасаған болуы керек. Тоғанас та әкесіне қолғабыс жасап, жәрдемші болады. Топқа түсіп сыналмай, жауға шауып шыңдалмай ел бастау, қол бастау мүмкін емес. Кезінде «ұлым ел танысын, жер танысын» деген әке Тоғанасты шаруамен сан тарау жолға жұмсайды, жақсының соңына «жаныңызда атқошысыңсыз болсын» деп ертіп жібереді.
Тоғанастың ерлік ісі алғаш рет Тәуке ханның тұсында көрінеді. 1697 жылы Себан Рабтан шеріктері қазаққа тағы да соғыс ашты. Жоңғар қоңтайшысы бұған үш жағдайды сылтау етті. Бұрын Тәуке бір ұлын жоңғарға кепілдікке беріп, кейін оны қоңтайшы Қалдан Бошоқты Далай Ламаға, Тибетке асырған еді.Себан Рабдан Тәукенің қолқа салуымен дінбасыдан сұлтанды қайтып алып, бес жүз адамды қосып беріп, Тәукеге қайтарған. Тәуке жоңғарларға өшігіп дипломатиялық қателік жібереді – баласына ере келгендерді жазалап, басшылары Үркедей тайшыны өлтіреді. Сонымен қатар қалмақ ауылдарына шабуылдап, тыныштық бермеген, әрі Еділ бойындағы қалмақ ханы Аюкенің қызын үшінші әйелдікке қоңтайшыға әкеле жатқандарға шабуыл жасаған, қоңтайшының қалыңдығын тұтқындаған. Міне осыларды Себан Рабдан желеу етті, яғни кек қайтаруды ойлады. Осы екі арадағы шайқас алдағы кескілескен, қазақты тоз-тоз еткен соғыстардың басы болып еді.
Осы сұрапыл шайқаста (1697) сіргелінің 500 адамынан тұратын қолын бастап барған Тоғанас шайқас, жекпе-жек алдында қалың сарбаздың алдына шығып, сұлтандар мен батырлардың батасын сұрайды. Ұрандаған, аруақтанған батырлар Тоғанасқа баталарын беріп, жеңіс тілеп, жекпе-жекке шығарады.
Жекпе-жекте қалмақ батырын найзамен шаншып өлтірген Тоғанас қаракер арғымағын арындатқан күйі «Бақтиярлап» ұрандата, жауға қарсы шабады. Жоңғарлар батыры өліп, енді өздеріне қарай ұмтылған қазақ батырын көргенде сескеніп, сыдырылып шегініп, артынан қаша жөнелді. Қазақ сарбаздары атойлап, соңдарынан түре қуып, олардың талайын жер жастандырды. Осынау шайқастағы ерліктің, батылдықтың, ерліктің нәтижесінде Тоғанас тұлға ретінде қалыптасады. Өмір белестерінің келесі кезеңдеріне шығады.
Тарихи сана арқылы тарихымыздың тереңдігін, осы күнге тынымсыз еңбек пен ізгі мұраттарға ұмтылған ерлікке толы күрес жеткізсе, алдағы күндегі көксеген биіктерімізге көтерілу үшін де дәл солай еңбектену қажеттігін түсінеміз.
Ол үшін өткенге үңіле қарап, байқағанымыз бен тапқандарымызды ортаға салу, аңыз, жыр, тарих айту дәстүрі арқылы жеткен мұраларымызды заманауи көзқарас тұрғысынан байыптау қажет. Тарихымыздың бізге жеткен ең басты дерегі атадан балаға мұра болып қалған шежірелі әңгімелер. Тоғанас батыр туралы да қария сөздер, оның іс-әрекетіне байланысты туған дүниелер аз емес.
Нақты тарихи деректерге жетелер мәліметтегі баға жетпес мәдени асыл мұрамыз, Ұлы дала көшпелілерінің архиві іспетті ел аузынан тараған аңыз әңгімелерден, жыр-дастандардан табамыз. Онда айтылған оқиғаларда адам аттары мен жер-су атаулары, оқиғалар көптеген деректерге, деректер ғылыми жаңалықтардың ашылуына сілтейтін сүрлеуге салмақ.
1715 жылы Тәуке хан қайтыс болған соң билік тізгінін шын мәнінде Қайып сұлтан алады. Бас сардарлыққа «қарт Әбілқайыр сұлтан» сайланады. Бұл тұста Ұлы жүздің сіргелі мыңдығын Тоғанас батыр басқарады.
...Қарақалпақ тарихын зерттеген этнограф ғалым Т.А.Жданконың мәлімдеуі бойынша, XVII ғасырдың екінші жартысында қарақалпақтың (бұлар шанышқылы руының бір атасы) 40 шақты ел ағалары, яғни ру басшылары, Тәуекел ханға (1598 ж. қайтыс болған) өтініш жасап, өздеріне Ұлытау маңынан жер беруді сұраған. Тәуекел хан өтінішті қанағаттандырып, оларға жер беріп, бір баласын оларға басшылыққа жіберген. Бірнеше жылдан соң олар билеуші сұлтанды өлтіріп қойып, хан алдында жазықты болған. Тәуекел сыйға берілген жерді қайтарып алып, қарақалпақтарды жазалаған. Олар жан-жаққа тарап, бұл жерден кетуге мәжбүр болған.
Тәуекелдің бұл ісін енді Тәуке хан жалғастырып, елдің бетке ұстар ардагерлері мен батырларына Арқадан қонысқа жер берген. Оның кезінде Әлібек би (атақты Төле бидің әкесі) және немересі Ақбота би Ұлытау өңірінде жазиралы жерге иелік жасаған. Тәуке хан өзінің сардары болған Тоғанас батырға Есіл, Нұрадан сыйға жер берген. Бұл жер «Тоғанастың тоқсан екі көлі» атанған екен. Бұл атау кейінгі кезге дейін сақталып келген. Бұл аймаққа Тоғанас бірнеше үй Байжігіттерді бастап 1747 жылдың шамасында қайта қайырылған. Біраз жыл сонда қоныстанып ғұмыр кешкен. Қария сөздерге қарағанда Тоғанас елге 1760 жылдары келген. Онымен бірге барған «Тоғанас ауылының» бірнеше шаңырағы сонда орнығып, арғын, найман ағайындармен құда-жекжат боп, сол өңірге үйренісіп сонда қалған.
...Тәуке хан өмірден өткен соң және жоңғардың шапқыншылығы үдей түсіп, байырғы күнгейдегі өз елінің тыныштығы кете бастаған соң, Тоғанас батыр өзінің ата қонысына көшеді. Атамекенге келген соң 6-7 жылдан кейін бұрынғы өзбек досының қарындасын әйелдікке алады. Жазда Шымкент шаһары жанындағы Айкөлде жылқы басын көбейтіп, көкпарға ат баптайды. Ол тақымы мықты шабандоз, ауылының белдеуінен ат үзілмеген кісі болған екен. Көне көздерден жеткен аңыз-әпсаналарға құлақ түрсек, Тоғанас әкесі сияқты ауқатты, қарымды, қонақжай адам болған. Кәрі құлақ ұрпақтарының айтуынша,ол кісі ұзын бойлы, қарулы, бір қарағанда сұсты келбетті болған.
Батырдың жаз жайлаған жері Тоғанассай аталыпты. Бұл жерден ол Алатау мен Қазығұртқа жайлауға шығып отырған. Оны мына архив құжаты нақтылай түседі: «Айкөлде Мырзакелдінің құдығы болған. Онда «Мырзакелдісай», «Тоғанассай» атты жер атаулары Ұлы Отан соғысына дейін байырғы атымен аталып келген.
Бұл жер атаулары мен құдықтар тарихы туралы шежірелік аңыздарды 1970 жылдары төлебилік шежіреші қарт Пошатай Бишымырұлы және еңбек ардагері Таңсық Жүгінісұлы айтып отыратын. «Мырзакелді менің бесінші бабам, ол жоңғарларға қарсы соғыстарда талай ерлік жасаған батыр. Ол Тұрбатта қайтыс болып, сонда жерленген», дейтін Пошатай қария. Бұл әңгімеден біз Мырзакелді де, оның замандасы Тоғанас та, сол жоңғар жаугершілігі кезінде өмір сүріп, бірге қимылдағандарын білеміз.
Тоғанастың тағы бір ерлігі – қилы-зарлы заманда жауға шабар жігіттерді тәрбиелеуі. Олардың ат құлағында ойнап, бес-алты жасынан жасындай жай тартып, ыстық-суыққа төзімді, баршылық пен жоқшылыққа мойымайтын төзімді де қайратты болып өсулеріне жол ашты. Атақты Төле би сынды бұл да «Тоғанас әскери мектебін» қалыптастыруға ден қойды.
Төл тарихымыздың жадымыздан ешқашан өшпейтін зұлмат бір кезеңі – жоңғар шапқыншылары тудырған, халқымызға алапат қырғын әкелген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретті жылдары.
Тоғанас батыр соғыстың алғашқы күндерінен бастап «егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып», ел қорғау ісіне белсенді араласады. Өз қолын өзі жасақтап, шұбырған елге қорған болады. Соғыс ісіне жарамсыз қарттар мен бала-шағаны ыңғайлы, қауіпсіз жерге көшірген. Өздері шапқыншы жауды қарсы алып Боралдай мен Арыстың арасын қан майдан соғыс алаңына айналдырады. Тоғанас Қаратау алабын қорғайды. Біртұтас соғыс қолы ретінде бастары бірігіп болмаған, әр аймақта асығыс құралған жасақтар әуелде өзара байланыссыз, әрқайсысы өз бетінше әрекет етіп жатты. Осындай жағдайда Тоғанас батыр әскерін қорғанысқа көшірді.
Қаратаудың кең құшағынан, малға жайлы қойнауларынан пана тауып, шаруасын түзеп отырған жұрт тұтқиылдан мұндай алапат соғыс болатынын білмеген еді. Енді олардың бірқатары тау сағалап, жан сақтауға ден қойса, дені Ташкент, Сыр бойына жөңкілді, көш-керуенін шұбатты. Сіргелі, Ысты елінің Қаратау бойында, жау өтінде отырған ауыл-аймағы, міне, сол жойқынға маңдайын соғып, әжептәуір күйзелді. Ал ержүрек батырлары қол бастап, жаумен жағаласуға аттанды. Қаратау өңіріндегі айқасқа Дулат қолын есептемегенде, сіргелі, ысты, қоңырат қазақтарынан төрт мыңдай қол қатысады. Осы үлкен топқа басшылық еткендердің бірі – сіргелі даңқын аспанға көтерген Тоғанас батыр. Қазақ жасақтары қанжығалы Бөгенбай, найман Алдияр, ысты Төлек, сіргелі Тоғанас батырлар қалмақ қосындарының қабырғасын қақырата сөкті. Бұл бағытқа 30 мыңға жуық қалмақ қосыны қару асынып жеткен болатын. Мұндағы қалмақ қосынының қаққан қазығы – Боқтишар талайды жасқап, жер жастандырған қайсар қолбасшылардың бірі еді. Тоғанас сарбаздары Боқтишардың шеріктерімен тегеурінді айқастар жүргізді. Тоғанас ата қонысы болған Қаратау қойнауында қорғаныс шебін ұйымдастырып, ұсталар шеберханасын аштырады. Бұл ашылған шеберханаға өзінің бауыры Бодырды басшылыққа қояды. Демек Бодыр атаның да осы жерде жеңіс үшін қосқан үлесі аз емес. Тау қойнауларының сай-салалары мен шығар жолдарын жақсы білетін қазақтар қалмақтарға тұтқиылдан тиіп естерін шығарады. Жау шеріктері жан сауғалап бас амандықтарын ойлап кері шегінуге мәжбүр болады. Бұл қазақ жерін қорғап, толарсақтан саз кешкен сарбаздардың мерейін көтеріп тастады. Қаратаудың биік шатқал, құз-жартастары да сарбаздарға үлкен қорған болды. Сондай шатқалдардың бірін сарбаздар Тоғанас шатқалы атандырған. Ол бүгінге дейін сол атауын сақтап келеді. Бәйдібек ауданына қарасты Майбұлақ ауылының бас жағында «Қызыл сан» тау жотасы бар. Онда биік жартасты шатқал – қорғантас бар. Оның алдыңғы жағында үлкен үңгір бар. Бұл жер Тоғанас шатқалы атанады. Бұл шатқал жөнінде ғылыми сөздікте: «Тоғанас – ур. Названо по имени родоначальника племени сиргелинцев Большого казахского жуза» деген мәлімет берілген.
Қаратау өңірінде болған шайқастардың барлығында Тоғанас батырдың сарбаздарымен ата-қоныстан алысқа ұзай қоймағанын аңғарамыз.
Жоңғар шапқыншылығының бірқатар қатерлі тұстары Шу – Талас, Аңырақай, Түркістан өңірлеріндегі шабуыл оқиғаларымен өзектес өрбиді. Мұндағы ұрыстардың ұрымтал тұстары көбінесе Абылай хан, Қанжығалы Бөгенбай, жаныс Өтеген, албан Қангелді, сіргелі Тілеуке, байжігіт Тоғанас, ошақты Саңырақ, шымыр Қойгелді, Қонай тәрізді бас батырлардың ерлік қимылдарын еске салады. Олар жалаң қылыш жалаңдатып, жауға жалғыз шапқан жоқ. Үш жасақталған қолдың басын біріктіріп, негізгі күшті ұрымтал тұстарға бағыттай білді. Аз қолмен жоңғардың азуын айға білеген көп жасағы мен қосындарын жойып жіберу тәсілдерін сәтті ұйымдастырды. Бұл тұста да Тоғанас батыр асқан ерлік көрсетеді.
Жауға бірігіп тойтарыс беру жолдарын кеңеске салған 1726 жылғы ұлы жиынға қазақтың барлық хан-сұлтандары, билері мен қолбасшы батырлары шақырылды. Ұлы жиынға Тоғанас, Тілеуке, Аралбай сынды Сіргелінің сарбаздары да шақыру алады. Ақ боз ат құрбандыққа шалынды. Бас қолбасшылыққа Әбілқайыр тағайындалды. Қатардағы сарбаздан қолбасшы сардарға дейін барша жан Отан азаттығы үшін күреске құлшынды 1727 жылы Бұланты өзенінің маңында қазақтар алғашқы рет үлкен жеңіске жетті. Бұл жылы оңтүстікте сарбаздар аруаққа сиынып киелі Қазығұртты теңселтті, атамекенді тебірентті. Арыс, Боралдай, Бадам өзендерінің бойында жоңғар жасақтарының ту-талақайы шықты. Үлкен шығынға ұшыраған қалмақтар Аңырақайда бас жиып, жойқын соғысқа дайындалған. Бірақ бұл жерде де жау қырғынға ұшырады. Жекпе-жекке шыққан қазақ батырларына жау жағынан шақ келер жан болмаған дейді. Бұл сұрапыл шайқаста Тоғанастың орнын басқан Тілеуке батыр болатын.
Ел әңгімелерінде Тоғанас батырдың аттың құлағында ойнайтыны, Қамбар атаны басқа ешбір жануарға теңемейтіні де дәріптеледі. «Тоғанастың иесі атта білем» деген сөз де осы орайдан айтылған ау, сірә.
Тоғанас батырдың туған халқының бостандығын қорғап, елдің іргесін нығайту жолындағы жорықтары мен ақылмандық істері әлі толық зерттелмей келеді. Соның салдарынан Тоғанас батырдың жоңғарлармен шайқастары, сертте тұрып, айбын асырған сәттері қайсыбірде шатастырып, басқа біреулерге телініп жүр. Тоғанастың бітімі мен тұлғасы қандай болған? Тарих тереңінен сыр тартатындар оның ұзын бойлы, ат жақты, қайратты да балуан денелі болғанын айтады.
Тоғанастың аты өзінің тірі кезінде Сіргеліге ұран болған. Алғаш рет баба атын ұран етіп көтерген Аралбай, Елшібек батырлар еді. Олар: «Аруақ, аруақ. Тоғанас, Тоғанас деп Сіргелі қолын бастап жауға шапқан. Содан Тоғанас батыр аты XIX ғасырдың 80-ші жылдарына дейін ұранға айналған.
Тоғанас батырдың Сіргеліге ұран болғандығын қазақ, орыс зерттеушілері анықтап жазып кеткен. «Жалайыр мен Дулаттың ұраны – Бақтияр. Сіргелінің ұраны – Тоғанас», деп көрсетеді Н.Аристов.
Шымкент уезінен 1921 – 1922 жылдары көптеген шежірелік материалдар жинақтаған орыс зерттеуші ғалымы Э.А.Шмидт те Сіргелінің ұраны Тоғанас болғандығын, Шалдар руы бәйгеде «Тоғанас» атын ұрандатқанын жазады.
М.Тынышбаевтың 1925 жылы Ташкент қаласында жарық көрген «Қазақ халқының тарихына байланысты материалдар» атты еңбегі ғылыми дәйектілігі мен әдіснамалық тиянақтылығы жағынан әлі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ол кісі де Сіргелінің ұраны Тоғанас болғандығын өз еңбегінде нақтылайды.
Жоғарыдағы дәйектемелерді этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбек те қазақ шежіресін жүйелей отырып дәйектей түседі. Сіргелінің ұраны – Тоғанас, Тутаңбалының ұраны – Ақшабдар (бәйгеде) болған дейді.
Тоғанастың ел қорғаны боғанын ақындар да арындап жырға қосқан.
Ақкөңірдек Елшібек Сырымбеттен,
Кім асқан Малай, Матай,
Құлымбеттен,
Байжігітте Тоғанас пен
Сиқымбай тұр,
Қозыкемді айтайын Келімбетпен, –
деп Төлеш Баймырзаұлы 1922 жылы жаныс Досалы болыстың алдында ағытыла төгілткен екен. Ал жыр сүлейі Сүйінбай Қатағанмен айтысқанда :
«...одан да әрі Сіргелі,
Ол да бір жұртым іргелі.
Батырлары шетінен
Текежаумыт мінгені, –
деп Сіргелінің ерлерін мадақтаған.
Атақты халық ақыны Айнабектің (руы Батыр) :
Руымыз – Сіргелі,
Ұранымыз – Тоғанас.
Ауылымыз іргелі,
Түлегіміз қоралас – деп Сіргелінің барлық атасының қоныстас, ұранының Тоғанас екенін ұлағат етіп қалдырғанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Демек Тоғанас сияқты батыр бабаларымыз қасық қаны қалғанша жан аямай күресіп, сыртқы жаулардан қорғап, сақтап, аманат етіп қалдырған қойнауы қазына-байлыққа толы атамекенді және мәдени-рухани мұраларды қастерлей бағалап, барынша байытып, дамытып ізбасар ұрпаққа табыстау біздің парыз бен қарызымыз.
Біріншіден, ата-баба аруағы қасиетті нәрсе. Ұлылар бір ауылдың, бір рудың еншісі емес. Оларды жеке иеленсек – ол ұлттың өскені емес,өшкені.
Екіншіден, ұлылар, олардың мұрасы, ерлік, қаһармандық істері тәрбие ісінде үздіксіз жүруі үшін, оларға деген ықылас та, үздіксіз, үзіліссіз болуы керек. Ұлттық ұрпақтар сабақтастығы біздің күшіміз, тұрақтылығымыз, бізді мәңгілік сақтайды.
Үстіміздегі жылы, яғни – 2021 жыл Тоғанас батырдың туғанына 350 жыл, қайтыс болғанына 257 жыл толғалы отыр. Батыр мерейтойын өткізуді ойластырған да абзал болар.
Мұхитхан МИРАЗОВ,
«Қазақтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,
Қалыбек қажы ЕЛЕБАЙҰЛЫ,
өлкетанушы, зейнеткер