Аймақтар • 08 Мамыр, 2021

Арыста ардагерлерге арналған орталық ашылды

650 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Арыс қаласында орналасқан бұрынғы тойхана ғимараты ардагерлерге арналған орталық ретінде пайдалануға берілді. Әсем ғимаратта қариялардың бас қосып, жиын өткізуіне, тынығып, шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған.

Арыста ардагерлерге арналған орталық ашылды

Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың бастамасына қолдау танытқан жергілікті кәсіпкер осылайша тойхана ғимаратын ардагерлер орталығына айналдырып отыр. Заманауи үлгіде қайта жабдықталған орталықтың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, қариялардың қуанышына ортақтасты. Ардагерлер орталығында қалалық ардагерлер кеңесі мен онда жұмыс істейтін азаматтарға арналған кабинеттер, шахмат-дойбы, бильярд, теннис үстелдері бар. Сонымен бірге тұзбен емдеу және сенсорлық бөлме, терапевт дәрігері мен массаж бөлімі барлық қажетті жабдықтармен қамтылған. Арыс қаласындағы 6200-ден астам ардагерлерге қызмет ететін, «белсенді өмір сүру ұзақтығы» қағидаты бойынша жұмыс істейтін орталықта кітапхана мен спорттық тренажерлар да бар.

Қала әкімі Гүлжан Мамытқызының айтуынша, мерекеге орай тарту етілген ғимараттағы үйлестіру жұмыстарын Арыс қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Асыл жүрек» әлеуметтік орталығы жүргізетін болады.

 

Түркістан облысы