Аймақтар • 08 Мамыр, 2021

Қызылорда қаласында арық жүйелері жаңғыртылмақ

691 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласындағы саябақтар мен парктер арнайы ұңғымалар арқылы суарылуда, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылорда қаласында арық жүйелері жаңғыртылмақ

Мысалы, Қорқыт ата және Яссауи көшелерінің қиылысындағы 1 мың 123 шаршы метр аумақты алып жатқан «Келменбет батыр» саябағына ЭЦВ-6 насос қондырғысы арқылы 80 метр тереңдіктен су тартылып, аталған аумақтағы жасыл желекті сумен қамту мүмкін болып отыр.

Жер асты ұңғымасы арқылы суарылатын тағы бір нысан темір жол паркі. Мұнда да демеушілік есебінен 80 метр тереңдіктен су тартатын ЭЦВ-6 насос қондырғысы қойылып, 2 мың 450 шаршы метрді құрайтын парк аумағы аяқ сумен толық қамтылған.

Осы мәселеге байланысты облыс орталығын аралаған қала әкімі Ғанибек Қазантаев   өткен жылы қайта жаңғыртудан өткен парктің көркейту-көгалдандыруды жандандыруды тапсырды. Паркте субұрқақ, балалар ойын алаңы мен 2 спорт және жаттығу алаңы жұмыс істеуде.

Тағзым мемориалының аумағы да биылдан бастап жер асты ұңғымасы арқылы суарылып, толығымен көгалдандырылған. Қазіргі таңда мұнда гүл егу жұмыстары  жүргізілуде.

Аралау барысында қала әкімі арық жүйелерінің де жағдайын көріп, шаһар орталығындағы аяқ судың жайын түбегейлі шешу мәселесін сала мамандарымен бірге талқыға салды.

Қала негізгі арық жүйелері биылға дейін Жібек жолы және Сарқырама мангистральді каналдары арқылы сумен қамтылып келген. Сәуір айының аяғында Сарқырама каналына су жіберілгенімен дария деңгейінің төмендеуі арық жүйелерін аяқ сумен қамтуды қиындатып тұр. Осы мәселені шешу үшін қала әкімі Жібек жолы мен Сарқыраманы қалалық канал арқылы біріктіруді мамандармен ақылдасып, сала басшыларына тиісті жұмыстарды жүргізуге тапсырма берді. Ғанибек Қонысбекұлы «Екі каналды байланыстырып, Жібек жолы арқылы Сарқырама каналына су беру, қала орталығын аяқ сумен қамтудың тың тәсілі болмақ», деді.

Қала башысы шаһар орталығы немесе шет аймақ деп бөлмей, толық аяқ сумен қамтылуын өз қадағалуында ұстайтынын жеткізді.