Әлем • 11 Мамыр, 2021

Қазандағы атыс

862 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Татарстанның Қазан қаласындағы мектептердің бірінде атыс болып, он шақты адам қаза тапты. Түрлі деректерге сүйенсек, қаза болғандар саны әртүрлі.

Қазандағы атыс

Бұқаралық ақпарат құралдарына сүйенсек, Татарстан Президенті Рустам Минниханов сегіз адамның, ал Қазан қаласының әкімшілігі 11 адамның көз жұмғанын мәлімдеді.

Р.Миннихановтың айтуынша, атыс кезінде мұғалім және жеті бала ажал құшты. Қала әкімшілігінің дерегіне қарағанда, барлығы он бір адам, соның ішінде екі оқушы үшінші қабаттан секіріп, көз жұмған.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, оннан астам оқушы ауруханаға түскен. Барлығы 30 адам зардап шеккен.

Соңғы мәлімет бойынша, оқ жаудырған қаскөй шабуылды жалғыз өзі ұйымдастырған. Ол – 19 жастағы Ильназ Галявиев есімді жасөспірім. Тәртіп сақшылары оны қамауға алды. Ол бұрын осы мектепте оқыған, бірақ қазір техникумда білім алып жүрген. Ол полицияға үйіне бомба қойылғанын хабарлаған.

Оқиға орнына барған Президент Рустам Минниханов ұсталған адамның 19 жаста екенін растаған. Мектепке сабақ кезінде шабуыл жасалған. Онда мыңнан астам бала оқиды.

Куәгерлер мектепте атыстан бөлек, жарылыс та болғанын айтады. Baza сайты мектептен түсірілген делінген бейнежазба жариялады. Онда «жарылыстан кейінгі» қираған мектеп көрінеді.

Осы оқиғадан кейін Ресей президенті Владимир Путин азаматтық қару айналымы ережелерін шұғыл түрде қатаңдатуды тапсырды. Ұсталған Галявиевке психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындалды. Мектеп әкімшілігінің дерегі бойынша, ол осы мектепті төрт жыл бұрын бітірген. Қазір оқиға орнында контртеррористік операция жүріп жатыр.

Бастапқыда шабуылды бір адам жасағаны айтылған еді. Бірақ кейіннен «РИА Новости» Қазанда арнайы операция кезінде балаларға оқ жаудырған екінші күдіктінің көзі жойылғанын хабарлады.

«360» телеарнасының дереккөзі шабуыл сабақ кезінде басталғанын айтады. Балалар сигнал алған бойда жерге жата қалған. Мектепте мылтық даусы естіліп тұрған. Оқушылар мен мұғалімдерді эвакуациялауға құтқарушылар мен ОМОН көмектескен.

Осы қанды оқиғадан кейін Татарстанда 12 мамыр аза тұту күні болып жарияланды. Сондай-ақ бұл күні мектептерде сабақ болмайды. Татарстан президенті Рустам Миннихановтың тапсырмасы бойынша республика үкіметі №175 Қазан гимназиясында болған қайғылы жағдайдан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына өтемақы тағайындайды. Бұл туралы Татарстан Республикасының Президенті баспасөз қызметінің жетекшісі Лилия Галимова хабарлады.