Қоғам • 12 Мамыр, 2021

Ардагердің ауласында оркестр әуеледі

543 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыстағы әйгілі Пан­филов диви­зиясының көзі тірі соңғы жауын­гері Қайырлы Жонқабаев Алма­тыда тұрады. Ғасыр ғұмыр жа­са­ған қа­рияны Жеңіс күнімен құт­тық­таған Ұлттық ұланның әскери қыз­мет­­шілері ардагер тұратын үйдің ау­ласында айрықша іс-шара ұйым­дас­тырды.

Ардагердің ауласында оркестр әуеледі

Генерал Панфиловтың жиені Алуа Байқадамова атайдың шаңырағына арнайы келіп құттықтаған болса, Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің оркестрі соғыс жылдарындағы әндерді тамылжыта орындады. Өткенге салауат айтқан ерік­тілер қауымы да игі шарадан қалыс қалмай, жастық жалынын сұрапыл соғыс­қа берген жауынгерге құрмет көрсетті. Өз кезегінде Қайырлы Уатайұлы көпшілік қауымға алғысын білдіріп, майдан даласындағы естеліктерін бөлісті.

«Мен соғысқа аттанғанда 20 жас­та едім. Біз жау әскерін Мәскеуге 30 ша­қырым қал­ғанда тоқтаттық. Қарашаның аяғы, жел­тоқсанның басында қайта қарсы шабуыл­ға шықтық. Содан фашист армиясын Мәскеуден 150 шақырым қашықтыққа қуып тастадық. Біздің жеңіске жетуге деген рухымыз күшті болды. Мұндай зобалаңды енді ешкімнің басына бермесін», деген ардагер жастарымыз осынау бейбіт өмірдің қадірін білсе екен деген тілегін жеткізді.

«Соғыс салған қанды қасірет талай­лар­дың арманын тұншықтырды. Талай боздақ түтінін де түтетіп үлгере алмастан, өмірімен қош айтысты. Шүкір, ұрпағымыз мамыражай заманда тіршілік кешіп жатыр. Бұл үлкен бақыт. Басымыздағы бейбіт таңды бағалайық. Ел іргесі берік, тәуелсіздігіміз баянды болсын», деді қария.

Қайырлы Уатайұлы 1921 жылы 10 қыр­күйекте Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы Шығыс Қазақстан облысының Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған ол 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне қызыл әскер ретінде алынды. Ардагер соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан. Ол құрамында болған 316-атқыштар дивизиясы 1941 жылы Алма­тыда құрылды. Алдымен 1941 жылы 16-армия құра­мында Мәскеуді қорғау соғысына қатысты. Пан­филов басқарған дивизия соғыстағы ерлігі үшін 8-атқыштар гвардиясы атағын алды. Қызыл Ту, «Ленин» ордендерімен марапатталды. Соғыстан кейін Самар аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет істеген Қа­йыр­лы қария әрі қарай аудандық тұтыну­шылар одағында басшылық лауазым­дарда болған. 1970-1983 жылдары Алматыдағы қо­ғамдық тамақтандыру жүйесінде шаруа­шылық есеп директоры қызметін атқарды. 1983 жылы құрмет демалысына шыққан ардагер бес бала тәрбиелеп өсірді.