Қоғам • 12 Мамыр, 2021

Әлсізді қолдай беру – әділдік емес

303 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еңбек өнімділігі қай жерде де, қай кезде де ерекше маңызға ие. Елдің экономикалық тұрғыда шырқай жетістікке жетуі, халық әл-ауқатының жақсаруы осы еңбек өнімділігіне тікелей тәуелді. Ал еңбек өнімділігі жоғары деңгейде болу үшін нарықта еңбекке қабілетті азаматтар саны жеткілікті болуы шарт. Кәсіпорындардың адал, әділ жұмыс істеуі, мемлекеттің сондай мекемелерді бағалай білуі де ерекше маңызға ие.

Әлсізді қолдай беру – әділдік емес

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжауынша, Қа­зақ­станда 2021-2025 жылдар ара­лығында жалдамалы еңбекке 1 млн адамға сұраныс туады екен. Осы орайда Дүниежүзілік банк те Қазақстандағы еңбек өнімділігіне қатысты арнайы баяндама әзірлеп, мәселенің әр қырына үңіледі. Банк сарап­шы­ларының жазуынша, 2050 жылға таман Қазақстан табысы жо­ғары әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін еңбек өнім­ді­лігі деңгейін арттыруы тиіс.

«Осы мақсатта қазақстандық кәсіпорындар ішкі тұтыну мен экспортқа сапалы тауарлар мен қызметтерді шығару үшін еңбек дағдыларын қаржылық және физикалық ресурстармен үйлестіру процесін жетілдіруі керек. Еңбек өнімділігінің өсуі Қазақ­станның экономикалық стратегиясында, оның ішінде 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында басты орынға ие болғанына қарамастан, ел еңбек өнімділігі тұрғысынан кез келген нәтижеге қол жеткізу үшін өндіруші өнеркәсіпке ба­сым­дық береді. 2015-2018 жылдар аралығында өңдеуші өндіріс пен қызмет саласында небәрі 1,1 және 0,4 пайызды құрайтын аз ғана өндіріс өсімі байқалды. 2014 жылғы экономикалық дағ­­дарысқа дейін елдегі еңбек өнім­ділігі 2,3 пайыз деңгейінде құ­былып тұрды», деп жазады Дүниежүзілік банк.

Сарапшылардың айтуынша, еңбек өнімділігінің негізгі үш факторы бар.

«Біріншіден, кәсіпорынның инновациялық технологияларды енгізіп, басқару процесін жетілдіру арқылы қаншалықты өз жұмысын жаңғырта алатыны маңызды. Қызметкерлерді олардың еңбек өнімділігіне қарай жоғарылату, қайталана беретін проблемалардың ше­ші­мін табу үшін мониторинг жасау, қызметке сай емес жұмыс­шы­ларды қайта даярлау және оларды жұмыстан шығару – екінші айтқан басқару процесін жетілдіруге жатады. Екіншіден, мейлінше өнімді кәсіпорынның қажетті ресурстарды – қаржы­лан­дыру, білікті кадрлар, қажетті жер учаскесін ала білуі өнім сапасы мен оның көлемінің өсуіне ықпал етеді. Үшіншісі – тым қара­пайым логика: Жұмысы өнімді емес кәсіпорындар жабылып, өнімді кәсіпорындар өсуді жалғастыруы керек. Сон­да олардың адамдық және қар­жылық ресурстарын басқа кәсіпорында өнімді пайдалану мүмкін болады. Қазақстанның еңбек өнімділігіне талдау жасай келе соңғы онжылдықта аталған үш аспекті бойынша да жағдайдың мәз емес екенін бағамдауға болады», делінеді зерттеуде.

Дүниежүзілік банк сарапшысы Қазақстанда банктердің кәсіпорындарға несие бер­мей­тінін, сол себепті елеулі түрде эко­­номикалық өсімді тежеп отыр­­ғанын жазады.

«Қазақстандағы кә­сіп­орын­дар қаржы жетіс­пеушілігін сезі­ніп отыр. Несие­леу­дің қол­да­ныстағы шағын көлемі бар­ған сайын ақтал­майтын кәсіп­орындарға ба­ғыт­талуда, осы­лайша ең­бек өнімділігі төмен­дей­ді. Мем­ле­кеттік несиелеу бағ­дар­ла­малары банктердің өнімді жоба­лар іздеуін ынталан­дыр­­­майды, керісінше тиімсіз «зомби-кәсіпорындардың» ілі­­ніп-салынып жұмыс істей бе­руіне себеп болуда. 2018 жыл­дың соңында әрбір сегізінші корпоративтік займ мемлекеттік бағдарлама аясында берілген, ал әрбір бесінші корпоративті қарыз алушы субсидияға ие болған» деп жазады банк.

Қысқасы, мемлекеттік бағ­дар­­ла­малар заманға бе­йім­дел­гіш, цифрлы, эко­ло­гиялық, эко­но­ми­калық тұрғыда берік кә­сіпорын­дар мүддесіне жұ­мыс істемей жағдай оңал­май­ды. Ал осындай мешел халде экономикалық өсім жасау үшін не істеу керек? Сарап­шы­лар­дың жазуынша, алдымен мем­ле­кеттік қар­жы­лан­ды­ру бағ­дар­ла­маларын реформалау қа­жет.

«Өнімділікті жақсарту­ үшін ­Қазақстан­ бірқатар сала­да реформа жүргізіп, айқын емес инвестициялық ереже­лер, инвесторлардың жеткі­лік­­­сіз қорғалуы және ауыр са­лық салу ережелері сияқты іс­кер­­­лік ортадағы кедергілерді жо­юы керек. Кәсіпорынның эко­номикалық әлеуетін арттыру жолында мемлекет түрлі мәсе­лелер бойынша кон­суль­та­ция­­лық қолдау жасауы керек. Қазіргі уақыт – Қазақстандағы кәсіпорындарды қолдап, банк операциялары мен стратегияларына нақты өзгерістер жасайтын кезең. Бұл өзгеріс – ел­дің дағдарыстан соң жедел қал­пына келіп, экономикалық сер­пі­ліс жасауына ықпал етеді», де­лінеді Дүниежүзілік банк мә­лімдемесінде.