Арандатушылар ма, оппозиция ма?
Таиландтағы билік пен оппозиция арасындағы қақтығыс жаңа сипат ала бастады. Бангкоктың іскер орталығында бірнеше жарылыстар болған. Онда гранатаметтер пайдаланылған көрінеді. Билік жағы әлі де парасаттылық танытып, оны оппозиция жасады деп отырған жоқ. Қалай болғанда да, мұның премьер-министр Абхисит Ветчачиваның үкіметіне қарсы әрекет екені анық. Соңғы екі аптадай уақытта елуге тарта диверсиялық әрекет жасалыпты.
Түріктермен түсініспеді
Армения президенті Серж Саргсян армян-түрік келісімінің қаулыларын парламентте мақұлдауды тоқтата тұру жөнінде шешім шығарды. Бұл қадамға Армения президенті түрік жағы айыпты деп есептейді. Жыл бойы олар түрлі шарттарды алға тосып, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнығуына кедергі жасап келген көрінеді. Олар 1915 жылғы 24 сәуірдегі армяндарға қарсы жасалған геноцидті мойындағысы жоқ. Сонда 1,5 миллиондай армян қырылғаны белгілі. Оны армяндардың жадынан өшіре алмайсың.
Бұрынғыдан да сорақы
Исландиядағы айтуға қиын Эйяфьятлайокудль жанартауының атқылауынан туындаған қиындық сірә ұзақ уақыт ұмытылмас. Оның экономикалық зардабы түрлі жер сілкіністерінен де, топан сулардан да зор болды. Тек Еуропаның авиа тасымалы миллиардтаған доллар шығынға батты. Ал адамдардың барар жеріне жете алмай, қиналғандары өз алдына. Зерттеуші ғалымдар зардап мұнымен бітпейтінін айтып, жұртты тағы да қорқытып отыр. Әдетте аталған жанартаудан кейін оның серігі Катла оянатын көрінеді. Бұрындары талай рет солай болыпты. Ғалымдардың айтуынша, оның күші серігінен он есе зор көрінеді. Ол жарылса, бір сойқан болмақ.
Лаңкестерге соққы
Ирактың арнаулы қызметі АҚШ-тың арнаулы қызметімен біріге отырып, атышулы “Әл-Каиданың” осы елдегі тобының екі басшысы Әбу Омар әл-Бағдади мен Әбу Айуби әл- Масридидің көзін жойғаны хабарланды. Олардың Тикрит қаласының маңында тығылып жүргені анықталған соң, бағытталатын зымыранмен атқыланыпты. Аталған лаңкестердің жойылғанын нақты анықтау үшін олардың денелері ДНК тестілеуімен зерттеліп, көз жеткізілген көрінеді. Сірә, лаңкестердің басар жер, барар тауы қусырылып бара жатса керек.
Қайырымды бай
Дүние сараңға бітеді, бай жомарт болмайды деген бар. Бірақ Қытай миллиардері Юй Пэннянь оны жоққа шығарды: қозғалмайтын мүлік магнаты өзінің бар байлығын – 1,2 миллиард доллар көлеміндегі дүниесін қайырымдылық қорына аударыпты. “Менің бұл қадамым елдің басқа да ауқатты адамдарына өнеге болар”, депті жомарт жан. Кім біледі.
Кіші ұлдан сақтан
Солтүстік Кореяның халқы алғаш рет Ким Чен Ирдің кіші баласы, болашақ билік тізгінін ұстайды деген Ким Чен Унның суретін көріп, “қуанышқа бөленді”. Оны елдің бас газеті “Нодон Синмун” жариялады. Бұған дейін ол жайында көп әңгіме айтылып, 27 жасар мұрагер ең жоғарғы орган – КХДР-дың Мемлекеттік қорғаныс комитетіне сайланса да, қандай себеппен екені белгісіз, оның суреті басылмаған екен. Күні кеше Қырғызстан президенті Бакиев кіші баласы Максимді билікке әкелгенде, оның ақыры әкесін биліктен қууға соқтырып еді, мұнда да солай болмас па екен деген әңгіме айтылып жүр.
40 жыл бойы өшпеген
Қарақұмның Түркіменстанға қарайтын аймағында Дарваз дейтін жерде 40 жыл бойы газ жанып жатыр. Аса құнды отынның бостан босқа жанып, ысырап болуы өз алдына, ол осы маңдағы байлықты игеруге мүмкіндік бермейтін көрінеді. Оны кезінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізгеннен кейін, қуыстарда қалған газды жағып жібермек оймен, өздері тұтатқан екен, енді 40 жыл бойы оны сөндіре алмай әлек.
Есірткімен елірген
Түріктің атақты әншісі Тарханға есірткіні сақтаған және оны пайдаланған деген айып тағылып отыр. Оның үйінен 12 грамм гашиш табылыпты. Бұл үлкен қылмыс саналады. Бұған 17 адамның қатысы бар көрінеді. Олардың 15-іне бес жылдан 23 жылға дейін жаза белгіленсе, Тарханның өзі бір-екі жылға бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін. Сірә, оған әлемге танымалдылығы көмектессе керек.
Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.