Қазақстан • 12 Мамыр, 2021

Жаңа кәсіптер атласы мемлекеттік органдарға таныстырылды

375 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі онлайн-конференция барысында орталық мемлекеттік органдар өкілдеріне еліміздегі жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласын таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа кәсіптер атласы мемлекеттік органдарға таныстырылды

Баяндамашы ретінде Саясат Нұрбек сөз сөйледі, ол серіктес ретінде Атласты әзірлеу және енгізу бойынша жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде әдіснамалық, әкімшілік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді.

Өз сөзінде ол мемлекет тарапынан стейкхолдерлер әзірлеген Атласты қолдану перспективалары туралы әңгімеледі, сондай-ақ оны еңбек нарығын болжауды жақсарту, жоғары және ТжКБ бағдарламаларын жаңарту және кәсіптік стандарттарды жаңарту құралы ретінде пайдалану үшін негізгі бағыттар бойынша ұсынымдар берді.

«Жаңа кәсіптер атласының көмегімен экономиканың қаралып отырған әрбір саласы бойынша түрлі құзыреттіліктерге қажеттілікті болжауға болады, бұл болашақ стратегиялық даму бағдарламаларының дәлдігіне оң әсер етеді. Бұдан басқа, бұл халықтың біліктілігін арттыруға деген түсінігі мен қызығушылығына, өзекті дағдыларға немесе сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға тартылуына әсер етеді», деп хабарлады Саясат Нұрбек.

Бүгінгі таңда Атлас негізінде білім беру стандарттарына бірқатар жаңалықтар енгізілуде. Мысалы, Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің базасында «тау-кен өндіру өнеркәсібі мен пайдалы қазбаларды өндіруге арналған пилотсыз ұшу аппараттарының операторы» жаңа мамандығы бойынша оқыту басталды. Осы бағыттағы мамандарды даярлаудың өзектілігін Дон тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері растайды.

Бұдан басқа, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ТжКБ сыныптауышына мынадай мамандықтар мен біліктіліктер қосылды:

– «Робототехника және ендірілетін жүйелер (салалар бойынша)» мамандығы және «Робототехникалық жүйелер мен кешендерді монтаждаушы-реттеуші», «Мобильді робототехника технигі», «Өнеркәсіптік робототехника технигі» біліктілігі;

– «Наноматериалдар негізіндегі бұйымдар технологиясы» мамандығы және «Наноматериалдар негізіндегі бұйымдар өндірісінің операторы» біліктілігі;

– «Өндірістің аддитивті технологиялары» мамандығы және «Аддитивті қондырғылардың операторы» біліктілігі;

– «Қашықтықтан басқарылатын авиациялық жүйе» мамандығы және «Сыртқы ұшқыш», «Пилотсыз авиациялық жүйелерді техникалық пайдалану жөніндегі техник-механик» біліктілігі;

– «Ғимараттарды жобалау мен пайдаланудың автоматтандырылған жүйелері» мамандығы және «BIM-пайдаланушы», «BIM-техник», «Ғимаратты басқарудың зияткерлік жүйелеріне қызмет көрсету технигі» біліктілігі;

– «Жылжымайтын мүлікті басқару» мамандығы және «Көп пәтерлі тұрғын үйді басқарушы» біліктілігі;

– «Дестинацияны басқару» мамандығы және «Экологиялық туризм менеджері», «Туристік қызметтерді жылжыту жөніндегі менеджер», «Туристік ақпараттық орталықтың менеджері» біліктіліктері.

Естеріңізге сала кетейік, Атласты әзірлеу ҚР Президентінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 39-тармағын орындау үшін және ҚР Президентінің 2019 жылғы 19 маусымдағы Жарлығымен бекітілген «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында алынған ұсыныстар негізінде жүзеге асырылды.

Атласты әзірлеу әдістемесі халықаралық тәжірибеге және экономика салаларын дамытудың әлемдік трендтерін ескеруге негізделген. Ол рапид форсайты (rapid foresight) технологиясы бойынша салалық сарапшылардың қатысуымен өндіріс, мемлекеттік органдар, салалық қауымдастықтар және т. б. өкілдерінің қатысуымен болжамды сессиялар өткізуді қамтыды.

Атласта экономиканың басым 9 саласы: тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, АКТ, энергетика, туризм және құрылыс бойынша еңбек нарығын сыни түрде өзгертетін негізгі технологиялық трендтерге талдау жасалған. Құжатта кәсіптердегі таяудағы 5-10 жылға арналған өзгерістер болжанып, сондай-ақ 239 жаңа, 95 трансформацияланатын және 129 жойылып бара жатқан кәсіп айқындалды.