Аймақтар • 12 Мамыр, 2021

Батыс Қазақстанда киіктің кесірінен шаруалар шығынға батып отыр

408 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстанда шаруалар киіктің кесірінен шығынға батуда. «Жерімізді отап, шөбімізді таптап жатыр» деп шу көтерген шаруалар ақбөкендерді көшіруді немесе резерват құрып, киік санын шектеуді ұсынды. Себебі, киік саны облыстың сыйымдылық деңгейінен әлдеқашан асып кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.

Батыс Қазақстанда киіктің кесірінен шаруалар шығынға батып отыр

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданыны аумағындағы шаруалар киіктің көптігінен зардап шегіп отырған көрінеді.

Былтыр пандемияның кесірінен киік санағы жүргізілмеді. 2019 жылғы ресми дерек бойынша, елімізде 334 мың бөкен бар. Соның 80 пайызы батысты мекендейді. Соңғы 5 жылда дала еркесінің саны 10 есеге артқан.

Ашынған шаруалар ресми дерекпен келіспейді. Олардың айтуынша бөкеннің басы жарты миллионнан асқан. Киіктің көбейгені кесір болды дейді олар. Мыңдаған бөкен жүріп өткенде жайылым жерлерді жаппай отап, шөпті таптап кетеді, ақырында шаруалар мал баға алмай отыр.

«Табиғатқа қарсы емеспіз, киіктер болсын. Әр зат мөлшерінен көбейсе, бәрі де зиян. Былтыр қуаңшылыққа қоса, осы киік болды, шөп жинай алмай отырмыз. Бізге үкімет осыған көмектесе ме, киіктен келген зардаптарымызды субсидиялай ма?»,  дейді жергілікті шаруа қожалығының басшысы Алик Досқалиев.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, заңда субсидия қарастырлмаған. Киікті көшіру де мүмкін емес. Айдағанның өзінде осы мекенге қайта оралады. Ал басын шектеу үшін халықаралық келісім керек екен.

«Халықаралық CITIS конвенциясына сәйкес, Қазақстан киікті заңды түрде болса да атып, оның мүйізін, етін өндіріске қолдана алмайды. Себебі бізде нөлдік квота берілген. 2022 жылы Еуропада CITIS жиналысы өтеді. Сонда Қазақстан үкіметі мемлекеттік реттеуге квота бекітіп алуы керек», дейді эколог Сәкен Ділдахмет.

Құзырлы орган киіктің облыстың сыйымдылық деңгейінен асып отырғанын растаған. Осыған байланысты, 7 жыл бұрын «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын және «Ащыөзек» табиғи қорығын құру жоспарланған еді, бірақ мәселе қағаз күйінде қалған.