Қазақстан • 13 Мамыр, 2021

Мемлекеттер атаулары қашан түпнұсқа тілдің негізінде жазылады?

2373 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан 100 жылға жуық уақыт бұрын Алаш ардақтысы Сәкен Сейфуллин «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген еді. Бұл қатені түзету күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Манап Шамиль деген бүркеншік атпен жазған мақаласында Сәкен Сейфуллин «Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» деген есімді жойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек» деген болатын.

Мемлекеттер атаулары қашан түпнұсқа тілдің негізінде жазылады?

Қазіргі кезде өз елімізбен қатар өзге елдің атын дұрыс жазу да үлкен мәселеге айналып отыр. Әлем тіл­де­рінде Хондурас пен Хаити деп ата­латын мемлекеттер қазақ тілінде не­ліктен Гондурас, Гаити болып жазы­лады?

Әдетте бір елдің атауы басқа тілге арнайы аудармасыз, транслитерация тәсілімен, яғни мәтінді еш өзгеріссіз жазу арқылы беріледі. Бірқатар тілге шолу жасап, Haiti мемлекеті тек орыс, украин, беларусь тілдерінде ғана «Гаити» деп жазылатынын байқадық. Біз де «Гаити» деп жазамыз. Өйткені мемлекет атауларының жазылуы мен аудармасы Сыртқы істер министрлігі дайындаған «Қазақша-ағылшынша-орысша дипломатиялық сөздікте» бекі­тіледі. Сөздік жұмысына Абы­лай хан атындағы Қазақ халық­ара­лық қатынастар және әлем тіл­де­рі университетінің оқытушы-ғалымдары, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының терминолог-ғалымдары, Әділет министрлігі жанындағы Заң институты Лингвистикалық орталығының мамандары атсалысқан көрінеді. Соңғы сөздік 2013 жылы 2004, 2006 жылдары құрас­ты­рылған сөздіктер негізінде да­йын­­далған.

Редакция алқасы алғысөзде шет елдер мен олардың бас қа­ла­ларының қазақ тіліндегі атау­ларын бір ізге түсіру және оның ортақ нормасын қа­лып­тастыру маңызды еке­нін атап өтеді. Осылайша, шетел­дер­де­гі дипломатиялық және кон­сул­дық мекемелерде жұмыс істей­тін қазақстандық дипло­мат­тар­дың жан-жақты зерт­теуі­нің нәтижесінде сөздік әзірленгенін жазады. Деген­мен қандай тілдік нормаға не ережеге сүйенгені туралы айтылмаған. Сыртқы істер министрлігі сөз еткен топонимиканы бір ізге түсіру ойына толықтай қосыламыз. Алайда басқа мемлекеттердің атауын жазуда әлі де бірізділік жоқ.

Ауызекі тілде біразы «Вен­гр­ия» деп атап үйренген Мажарс­танның қазақшалануына тоқ­та­­лайық. Рес­публиканың жаңа Кон­с­ти­туциясында 2012 жыл­­дың 1 қаң­та­ры­нан бас­тап «Мемлекет атауы «Мадья­рор­саг» болып жазылады» деп көрсетілген. Сөздік авторлары «Түркі тілдеріне тән тарихи-линг­вистикалық факторларды ескере отырып, қазақ тілінде «Мажарстан» этнополитонимін пайдалану ұсынылды» деп жаза­ды. Осы сынды Еуропа, Аус­трия, Аустралия, Ыстанбұл, Мысыр, Үндістан сияқты «қазақ­шаланған» бірқатар топоним­дер­ді мысалға келтіреді. Әйтсе де олардан басқа мемлекет­тер атауы орыс тіліндегі нұс­қа­­сымен бірдей. Босния және Герцеговина, Гондурас, Гаваи деп атап, жазып жүрміз. Әде­биет­­тен қазақ ұғымына лайық­тал­ған Шам қаласы туралы жиі оқыдық емес пе? Алайда Сирия астанасын бәрібір де Дамаск деп жазамыз.

Француздардың өздері «Пағи» деп атайтын бас қаласын біз тағы да «Па­риж» дегенге жүгінеміз. Lingua franca деп белгіленген ағылшын тілінде – Paris. Бауырлас тү­рік халқы дәл осы нұсқаны қолда­на­ды.

Жалпы, бұл мәселе мемлекет атауларымен шектелмейді. Мысалы, біз неміс­тің Хитлерін «Гитлер», ал Харвард университетін «Гарвард» деп атап жүрміз. «Х» әріпінің «г» ретінде транс­ли­тера­циялануы осы сала­дағы жалғыз мәселе емес. Өйт­кені бәріміз «Эйнштейн» деп тани­тын ғалымның аты асылында «Айн­штейн». 

Шекспирдің «Хамлетін» қазақ тіліне Мәжит Дәулетбаев пен Хамит Ерғалиев аударды. Түпнұсқадан емес, орыс тілінен аударылғандықтан әйгілі кейіп­кер қазақ оқырмандарына «Гам­лет» болып жеткен.

Джоан Роулингтің фэнтези жанрындағы 7 кітаптан тұратын Harry Potter романдар желісі жақында «қазақша сөйледі». Steppe & World Publishing баспа үйінің бастама­с­ы­мен аударылған кітап­тар­да туынды кейіпкерлерінің аты түпнұсқадағыдай, қазақ тіліне транс­литерациямен берілген. Бұл әлеумет­тік желіде талқы­ла­нып та үлгерді. «Біткен іске сыншы көп» демекші, «Оны аударудың не қажеті бар?» деген пікір де айтылды. Дегенмен орыс тілінен бізге «Гермиона» болып жеткен Хәрридің досы жақында шыққан аудармада «Хәрмиона» болып көрсетілген. Ал ол түпнұсқада, яғни ағыл­шын тілінде Хәрмайони еді.

Гаити демекші, гаитилиіктер креол тілінде сөйлейді. Нақты­сын айтқанда, француз тілінің негізінде «қолдан жасалған» тіл. Креол тілі белгілі бір тіл­дің грамматикасын негізге алып, өз тілінің лексикасын қол­­да­нады. Ал ағылшынның «h» әр­пінің орыс тіліне «г» болып тәржімалануы ресейлік линг­вис­терлің өздеріне де қызық. Олар мұны орыс тілінде атал­ған әріпке сай дыбыс табылмаудан деп түсіндіреді.

Жер-су атаулары орыс тілі ар­қы­лы аударылады дейміз. Қазақс­тан­ның өзге тілдерде «Казахстан» болып айтылып, жазылып кетті.  Өйткені КСРО құрамында рес­пуб­ликамыз «Казахская ССР» деп аталды. Еліміз егемен­дік­ке қол жеткізгеннен кейін қазақс­тан­дық спортшылар ең алғаш рет 1996 жылы Атлантадағы жазғы Олимпия ойындарына аттанды. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында ел спортшылары «Kazakstan» деген атауды алға ұстады. Ал 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиаданың ашылу салтанатында Ермахан Ыбраимов бастаған спортшы­лар бүгінде ресми деп саналатын «Kazakhstan» деген айшық­ты атаумен төрткүл дүниеге та­ныл­ды. Төрт жыл ішінде мұн­дай өзгеріске қандай ереже себеп болғанына жауап таба алған жоқ­пыз. Өйткені «Қазақстан» латын графикасына «Kazakstan» болып транслитерацияланады.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2016 жылы Сенат Төрағасы кезінде ағылшын тіліндегі «Kazakhstan» орнына «Qazaqstan» деп жазуды ұсынды. «Qazaqstan Kazakhstan-ға қа­рағанда мем­ле­кетіміздің түп мақ­са­тын ай­шық­тай түседі» деп жазды ол Twitter-дегі парақшасында. Осы пікір айтылғаннан кейін бірқатар құрылым өз атауын осы негізге салып, ребрендинг жасап та үлгерді. Содан бері бұл жазуға халықтың да көзі үйреніп қалғандай. Өзге елдердің атауын дұрыс жазбас бұрын өз еліміздің де басқа тіл­дегі атауына мән беретін кез кел­ген шығар. Ендеше әлемге «Qazaqstan» атауымен танылатын уақыт әлдеқашан жетті!

Ал шет елдердің атауын жа­зуда негізге алып отырған «Дип­­ло­матиялық сөздіктің» құ­­расты­ру­шы­лары ұсыныс пен ескертулерді қуана қабыл­дай­мыз деп көрсеткен мекен жайға хабарласқанымызда, Сыртқы істер министрлігіндегі Мем­ле­кет­тік тіл саясаты бас­қар­масы бұл мәселенің барлығы назарда, тіпті жұмыс тобы іске кірісіп жатқанын айтады. Дегенмен тіл мамандары емес дипломаттар дайындап жатқан жаңа сөздіктің қашан дайын болатынына нақты жауап ала алмадық. Әзірге өзге тілдің ықпалынан ажырау оңай болмай тұр...