Аймақтар • 13 Мамыр, 2021

Елордалық құтқарушылар өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салды

821 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көктемгі-жазғы өрт қаупі кезеңінде өрттің алдын алу және болдырмау мақсатында елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындар арасында рейдтік тексерулер мен профилактикалық, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Елордалық құтқарушылар өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салды

Көктемгі-жазғы өрт қаупі кезеңінің басталысымен департаменттің 12 өрт сөндіру бөлімі, жеке құрамның 1700 адамы, негізгі, арнайы және қосалқы техниканың 150 бірлігі өрттің алдын алу және жою мақсатында дайын тұр.

Сонымен қатар өрт сөндіру қызметі көктемгі өрт гидранттарын тексеруді толық қарқынмен жүргізуде, бұл Нұр-Сұлтан қаласының аумағында өртті уақытылы сөндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Азаматтық қорғау органдарының бірінші кезектегі міндеті төтенше жағдайлардың алдын алу болып саналады, осыған байланысты "Өрттің алдын алу оңай!" атты Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментімен осы жылдың сәуір айынан бастап жеке аулаларда кең ауқымда жұмыс жүргізілуде. Онда әр демалыс сайын азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері жергілікті полиция қызметімен, волонтерлермен, әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп, азаматтарға үй жанындағы учаскелерді жинау кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын және құрғақ өсімдіктерді өртеуге тыйым салуды, электр желілерін үйлерде жарамды күйде ұстауды түсіндіре отырып, рейдтік аралау жүргізеді. Осыған ұқсас жұмыс 1 мамырдан бастап елорданың саяжай алқаптарында да басталуда. Ол қауіпті кезең бойы жүргізілетін болады.

Орман шаруашылығы мекемелерімен жасыл белдеуді және іргелес елді мекендерді патрульдеу бойынша жүргізіліп жатқан бірлескен жұмысты да назардан тыс қалдырмаймыз. Бұл дереу ден қоюға және өртті сөндіру бойынша жұмысты жедел жүргізуге мүмкіндік береді.

Құтқарушылар қураған шөптерді уақытылы жинау және шабу, саяжай қоғамдарында жырту, өндірістік нысандардың айналасында өрттің таралу және оның пайда болу қаупін азайтатынын еске салады.

Өрт пен оның алдын алу мақсатында әрбір азамат мына қағидаларды есте сақтауы қажет:

Өз учаскесінің айналасында өткен жылдан қалған құрғақ шөпті өртеуге болмайды;

Қалдықтар мен ыдыстарды өртеуді ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 м қашықтықта жүзеге асыру қажет;

Қалдықтар мен ыдыстарды өртеуді арнайы бөлінген орындарда және қызмет көрсетуші персоналдың бақылауымен жүргізу қажет;

Жанып тұрған сіріңке мен темекі тұқылын жерге лақтырмаңыз;

Әр тұрғын үйдің жанына су ыдысын орнатыңыз (саяжай қоғамдары, жеке тұрғын үйлер);

Балаларға өрт қаупі бар заттармен ойнауға рұқсат бермеңіз.