27 Сәуір, 2010

ҚАЗАҚСТАН БАСТАМАСЫНА БЕЛСЕНДІ ҚОЛДАУ

497 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қытай тарабы жақында Жоғары мәртебелі Президент Н.Назарбаев­тың жарық көрген “Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік” мақаласына үлкен назар аударды. Мұқият танысып шыққаннан соң менің аталған мақаланы барлық әлемді ядролық қауіптен қорғауды дамыту үшін оның айтарлықтай маңызға ие, салиқалы саяси құжат екеніне көзім жетті. Жоғары мәртебелі Президент Н.Назарбаев өзінің мақаласында ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану мен ядролық қаруды таратудың алдын алудағы негізгі мәселелер жөнінде бірқатар баста­ма­лар көтерген, сондай-ақ осы мақ­саттарды жүзеге асыруда қазақ­стан­дық тараптың ұмтылысын ег­жей-тегжейлі тарқатқан және яд­ролық қарусыз әлем құруды үнемі ұстанатынын атап көрсеткен. Бұл Н.Назарбаевтың өзі мен қазақстан­дық тараптың ядролық қарусыз әлем құрылысының идеясын жыл­жы­тудағы  бағытты өзгертпейтінін және ядролық таратпау қағидат­та­рын құрметтеудегі берік позиция­сын кезекті рет айғақтап отыр. Біз, әлемдік қоғамдастық бұл құнды бастамаларды мұқият зерделеп, жоғары бағалайды деп сенеміз. Біз ұзақ уақыттан бері Жоғары мәртебелі Н.Назарбаев пен қазақ­стандық тараптың қолға алған ядро­лық қарусыздану және ядро­лық қаруды таратпаудың халық­ара­лық үдерісін жылжыту бағытын­да­ғы күш-жігеріне тәнтіміз. Қазақ­стандық тарап “Ядролық сынақ­тар­ға жан-жақты тыйым салу туралы келісімнің” ертерек күшіне енуі үшін белсенді күш салып келеді. 1991 жылы Президент Н.Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жар­лыққа қол қойды. Қазақстан­дық тарап сондай-ақ өзге Орталық Азия елдерімен бірлесіп, 2009 жылдың наурызында күшіне енген “Орталық Азия – ядролық қарусыз аймақ келісімін” ұсынып, Орталық Азия – ядролық қарусыз аймақты құруға белсенді бастамашы болды. Бұл аталған аймақтағы қауіпсіздік пен бейбітшілікті дамытуға, сон­дай-ақ ядролық қаруды таратпау және жаһандық ядролық қарусыз­да­нуды жылжыту үдерісіне қомақты үлес болып қосылды. Бұдан басқа, қазақстандық тарап барлық кезде ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану, ядролық терроризммен күрес, ядролық қауіпсіздікті нығай­ту және басқа да көптеген сала­ларда маңызды рөл атқарып келеді. Ядролық қарусыз әлем құруды сондай-ақ Қытай да үнемі ұстанып, бұл үшін қолдан келгеннің бәрін істеуде. Қытай әрқашанда ядролық қаруды толық жою мен тыйым салу позициясын ұстанады. Ядросыз мемлекеттер мен аймақтарға қа­тыс­ты ядролық қаруды қолданатын­дығымен қорқытпау, өзіне нақты міндеттемелер қабылдап, алдын алу ретінде ядролық қаруды ешқандай жағдайда да, қай уақытта да пай­да­ланбау ұстанымын ұстану керек. Қытай ядролық қарусыздануға қатысты БҰҰ Бас Ассамблеясының қабылдаған қарарын және ядролық қарулануды қысқарту бағытындағы халықаралық талпыныстарды, со­ның ішінде БҰҰ   Бас Ассам­блея­сының 65-сессиясында қазақстан­дық тарап ұсынған “Антиядролық сынақтардың халықаралық күні” бастамасын белсенді қолдайды. Қытай тарабы жаһандық бейбіт­шілік пен қауіпсіздікті тиімді дамы­туда және ядролық энергияны бей­біт мақсатта пайдаланудағы ха­лық­аралық ынтымақтастықты ны­ғай­туда, ядролық таратпау мен ядро­лық қарусызданудың халықаралық үдерістерін бірлесе жылжытуда халықаралық қоғамдастықпен, соның ішінде қазақстандық тараппен бірге жүруге дайын. Чэн ГОПИН, ҚХР сыртқы істер министрінің көмекшісі.