Аймақтар • 14 Мамыр, 2021

Кәсіпке баулу – қасиетті борыш

535 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде мемлекет техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына, кәсіптік және техникалық мекемелерде оқытылатын кәсіптер мен мамандықтардың түрленуіне аса көңіл аударып отыр. Осы орайда Жетісудағы кәсіптік білім беретін маңдайалды оқу орнының бірі – Талдықорған сервис және технология колледжінің директоры, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Ләззат БАЗАРҚҰЛОВАМЕН аз-кем әңгімелескен едік.

Кәсіпке баулу – қасиетті борыш

– Ләззат Тілеубайқызы, қа­зіргі ғы­лыми-техникалық үрдістің қар­қын­ды дамуына байланысты білім беру жүйе­сінің алдына жаңа талаптар қойылып отыр. Колледждегі білім беруде қандай бағыт­тарға басымдық беріледі?

– Әрине, кәсіби мамандарды даярлаудағы жалпыға бірдей міндетті мемлекеттік стандартын жүзеге асырудың негізгі мін­деті – ғылым мен білімді тәжірибемен ұштас­тыру. Тәжірибе барысында болашақ маман өзінің кәсіби мамандығы бойынша алғашқы тәжірибесін жинақтай бастайды. Қазіргі таңда кәсіптік салада жан-жақты білімді, білікті, іскер, бәсекеге қабілетті маман даярлауда әрбір білім алушыны жан-жақты ізденуге, өздігінен тың жаңалықтар ашуға, қай салада болсын, ғылыми жұмысқа деген бейімділігін қалыптастыру көзделуде. Бүгінде егеменді еліміздің дамыған отыз елдің қатарынан көрінуі үшін жастарымыз білімді және бәсекеге қабілетті болуы керек.

– Талдықорған сервис және технология колледжі – облыстағы кәсіптік-тех­ни­калық білім беруде көш бастап келе жатқан, білімді де білікті ұстаздар қыз­мет атқаратын, кәсіби маман даяр­­лау­да тәжірибесі мол, іргелі оқу орын­дарының бірі. Жалпы, білімгерлер қан­дай мамандықты меңгеруде?

– Оқу орнында студенттер тігін өнді­рісі және киімдерді үлгілеу, дизайн, шаш­тараз өнері және сәндік косметика, та­мақтандыруды ұйымдастыру, есептеу тех­никасы және бағ­дарламалық қам­та­масыз ету, ақпараттық жүйелер, дәне­керлеу ісі мамандықтары бойынша білім алуда. Колледж қабырғасында бәсекеге қа­білетті, білікті маман даярлау үшін қажетті материалдық-техникалық база құрылып, кабинеттер, зертханалық бөлмелері, оқу-өндірістік шеберханалары талапқа сай жасақталған. Оқу ошағының өткен жылдағы үлкен жетістігі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде алғаш рет жүзеге асып жатқан республикалық «Жас маман» жобасына енуі. Жобаның негізгі мақсаты – 100 сұранысқа ие мамандық бойынша 180 колледж бен 20 ЖОО-ның модернизациялау, білікті мамандар даярлаудағы халықаралық тәжірибесін енгізу. Соның нә­тижесінде колледждің Аспаз-кондитер біліктіліктері бойынша оқу-өндірістік шеберханалары мен арнайы технология кабинеттері Еуропа, Италия, Франция, Швеция сынды елдердің соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарымен жабдықталды.

– Кәсіптік білім беру ұйымдарында материалдық-техникалық базаның мық­ты болуы – басты көрсеткіш. Өйткені заман талабына сай техникалық жабдықтар күн сайын өзгеруде. Бүгін алған пеш немесе тігін машинасы ертең өндіріс талабына сай болмауы мүмкін. Ол үшін не істеу керек?

– Ол үшін уақыттан қалмай, әрдайым оқу орындарының материалдық-техникалық базасын заманға лайық жаңартып отыру керек. «Жас маман» жобасы осындай мүмкіндік берді. Енді бізде оқып шық­қан түлектер жұмыс орындарына соңғы үлгідегі техниканың сырын меңгеріп барады. Бұл кол­ледж үшін де үлкен бедел. Екіншіден, болашақ мамандарды даярлауда оқу процесін өндіріспен байланыс­тыру басты мәселе. Өйткені оқу орындары мен өндірістік кәсіпорындардағы байланыссыз білікті маман даярлау мүмкін емес. Болашақ мамандардың кәсіптік жарамдылығы өн­дірістік оқыту барысында бай­қалады. Олардың көбі өз­дерін жан-жақты көрсету барысында жұмысқа орналасуға жолдама алады. Осыған орай алдымызда бүгінгі қоғам қа­жеттілігіне сай мамандарды даяр­лау міндеті тұр. Әрі ол мамандарымыз бә­секеге қабілетті, қазіргі өн­ді­ріске бейімделе алатын тұлға болуы қажет.

– Бүгінде кәсіби білім беру баңғытын­дағы дуальды оқыту ұғымы қалыптасты. Сіз­дерде бұл жүйе қалай жү­зеге асырылды?

– Дуальды жүйе бойынша білімгер-түлектер білім алумен қатар, кәсіпорындарда жұмыс істеуді бастайды. Оқу­ды бітіргенде бұл білім­герлер сол кәсіпорынның жұ­мыс ерекшеліктерімен және қон­дырғы-құрылғыларымен то­лық танысып, жұмысқа орна­ласуға мүмкіндік алады. Талдықорған сервис және технология колледжінде дуальды жүйенің алғашқы тәжірибесі 2012 жылы «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» ма­мандығы бойынша басталды. Талдықорғандағы «Ажар» тігін фабрикасымен серіктестік туралы келісімшарт жасалып, бүгінгі таңда аталған мамандық бойынша білікті мамандар даяр­лануда. Колледждегі дуальды оқыту тәжірибесі дәстүрлі сабақ беруге қарағанда өзінің басымдылығын көрсетіп, тео­риялық пен практикалық даяр­лықты қатар алып жүруге жағ­дай жасады.

– Ләззат Тілеубайқызы, ұстаз үшін шәкірт­терімен мақтану жақсы дәстүр ғой. Сізді өз білімгерлеріңіз қалай қуантады?

– Бізді қуантатыны – әр талапкер колледжге оқуға келгенде бір мақсат қойып келетіні. Болашақта білікті маман болып, өз ісін ашамын деп сенеді. Көп жағдайда бұл арман-мақсаттар жүзеге асып жатады. Оған дәлел қаладағы үлкен мейрамханаларда, сән салондарында, жарнама орталықтарында, ательелерде еңбек етіп, абырой-беделге ие болып, жеке кәсібін де ашып отырған жастардың дені біз­дің түлектер. Жалпы, қазіргі жастардың кəсіптік білімге деген қызығушылықтарының арта бастағанын байқауға болады. Оның үстіне, елімізге кәсіби мамандар аса қажет. Осы орайда жастардың тегін кәсіптік білім алуына мейлінше жағдай жасалған. Олар бүгінде жұмыс таба алмай қаламын деген қорқыныштан да ада. Өйткені біз оқытқан орта кәсіби мамандар еңбек нарығында әрдайым сұранысқа ие.