Аймақтар • 14 Мамыр, 2021

Көмір байыту фабрикасы іске қосылды

582 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағанды қаласында Qaz Carbon ЖШС жаңа көмір байыту фабрикасы іске қосылды. Кәсіпорынның ашылу рәсіміне Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр қатысты. Инновациялық кәсіпорын «Қазақстанның даму банкі» АҚ қаржылық қолдауымен салынды. Өндірісті толық автоматтандыру және жаңа әлемдік технологияларды қолдану арқылы жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізілді. Бүгінгі таңда фабриканың жылдық өндірістік қуаты 1 млн 800 мың тонна көмір концентратын құрайды.

Көмір байыту фабрикасы  іске қосылды

Қарағанды көмір байыту фабрикасының құрылысы былтыр қыркүйек айында басталса да, бүгінде Qaz Carbon ЖШС сағатына 300 тоннаға дейін жоғары сыныпты көмір концентратын өндіреді. Кәсіпорын шикізаттың жалпы тау-кен массасынан пайдалы қазбаны барынша шығаруды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірегей технологияның нәтижесінде кіріс күлі 15%-дан өзіндік күлі 2-3%-ға дейінгі көмірді байыта алады. Бүкіл процесс химиялық реагенттерді және суды тазарту бассейндері үшін үлкен алаңдарды қолданбастан жабық циклде жүреді. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаға кері әсерді төмендетіп, өндіріс уақыты мен шығындарын азайтады, нәтижесінде дайын өнімнің өзіндік құнына әсер етеді.

«Дайын өнімнің сапасы мен өндірістің технологиялылығын сақтауды бақылау толығымен автоматтандырылған және өндірісті басқару орталығының операторы арқылы жүзеге асырылады. Бұл бізге Қарағанды фабрикасы көмір концентратының барлық қол­даныстағы халықаралық стандарттарға сәйкестігі туралы нық сеніммен айтуға мүм­кіндік береді. Кәсіпорын нөлден бастап құрыл­ды. Бұл жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін ең аз ньюансты ескеруге мүмкіндік берді. Біздің концентрат сапалы, өзіндік құнының төмендігі және жылдам жеткізу арқылы органикалық энергия тасымалдаушылардың халықаралық нарығында бәсекеге қабілетті», деді Qaz Carbon ЖШС акционері Ерлан Нығматулин.

Жобаның жалпы құны, соның ішінде байы­ту фабрикасын салуға және іске қосуға, сон­дай-ақ қолданыстағы құю өндірісін жаң­ғыртуға байланысты құны 12 млрд теңгені, Қазақстанның даму банкінің қатысуы 9 млрд теңгені, қалған қаражат Qaz Carbon ЖШС-ның меншікті қатысуын құрады.

Шикізаттың негізгі жеткізушілері – жер­гілікті көмір кәсіпорындары. Дайын өнімнің не­гізгі тұтынушысы – YDD Corporation ЖШС Қара­ғанды ферроқорытпа зауыты. Алайда байыт­у фабрикасы өңірдің экспорттық географиясын белсенді түрде кеңейтуді жоспарлап отыр, яғни Қарағанды көмір концентратының едәуір бөлігі экспортқа жіберіледі.

«ҚДБ қарыз қаражаты Индустриялық-инно­вациялық дамудың мемлекеттік бағдар­ламасы шең­берінде берілді. Өйткені жоба экспорттық әлеуетті кеңейтуге, қазақ­стандық өңдеу секторын дамытуға және импорт­тың орнын басуға, сондай-ақ Қарағанды өңі­рінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын арт­ты­руға бағытталған. Qaz Carbon ЖШС – әлем­дегі тұрақсыз экономикалық және эпиде­миялық жағдайға қарамастан, фабрика­ны қысқа мер­зімде, яғни 7 ай ішінде іске қосып, өңірде 100-ден астам тұрақты жұмыс орнын құра алған маңызды серіктес. ҚДБ командасының атынан кәсіпорынды жұмыстың басталуымен құт­тықтаймын және табыс тілеймін», деді ҚДБ басқарма төрағасы Абай Сарқұлов.

Qaz Carbon ЖШС акционері Дэвид Кемертелидзенің айтуынша, көмір байыту зауытын салу жобасын жүзеге асыру кәсіпорын командасының үйлесімді жұмысының, сондай-ақ құрылтайшылардың Қазақстанда ірі инвестициялық жобаларды іске асырудағы мол тәжірибесінің нәтижесінде бір жылға жуық уақыт ішінде іске асырылды.

«Біз үшін бұл Қазақстандағы алғашқы жоба емес. Бұдан бұрын да осындай ауқым­дағы өнеркәсіптік объектілерді іске қостық және елдің қосылған құны жоғары өнімді жасау үшін үлкен шикізат базасына, бірегей инвестициялық ахуалға, ұлттық даму инсти­тут­тары атынан мемлекет тарапынан қолдауға көз жеткіздік. Осының бәрі Қарағандыда өңірді өндірістік көшбасшыларға шығара ала­тын тағы бір жоғары деңгейдегі зауыттың пайда болуына ықпал етті», деді кәсіпорын акционері.

Айта кетелік, ел бюджетіне құйылатын са­лықтың болжамды түсімі 300 млн теңгені, еңбек өнім­ділігі бір адамға 8 млн теңгені құрайды.