Бас санитарлық дәрігердің Қаулысында азаматтардың өтініші бойынша 21-90 күн аралығында вакцина алуға болады деп көрсетілген.
Екінші дозаны бірінші вакцинация жүргізілген жерден алу қажет екенін атап өткен жөн.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаны жасаушылардан, РҒА академигі, Гамалея ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Александр Гинцбургтен дозалар аралықтың ұлғаюы иммундық жауаптың күшіне әсер етпейтінін және кейбір жағдайларда иммунитеттің жоғары белсенділігіне әкелетіні туралы ресми хат алғанын айтты.
Осыған байланысты «Спутник V» екінші компонентімен вакцинация мерзімі ұзартылды. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес екі дозаның арасындағы аралық 21-ден 45 күнге дейін ұлғайтылды, ал жалпы «Спутник V» екінші компонентімен 90 күн ішінде вакцинациялауға жол беріледі.
«Аралықты ұлғайту халықты иммундауды айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік береді, себебі қазіргі уақытта медицина қызметкерлерінің барлық күштері вакцинаның бірінші компонентімен қамтуға бағытталған. Вакцинаның бірінші компонентін енгізу 12-14 күннен кейін антиденелер шығаруды қамтамасыз етуге және 3 аптадан кейін иммунитетке ие боллуға мүмкіндік береді», деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Бұл ретте, қажет болған жағдайда, Қазақстан азаматтары вакцинаның бірінші компонентін алған жері бойынша өтініш бере алады және 21-ші күні екінші компонентті ала алады.
Естеріңізге сала кетейік, КВИ-ға қарсы вакцинация екі кезеңде жүргізіледі: алдымен I компонентпен 0,5 мл дозада, содан кейін 45 күннен кейін вакцинация күнін есептемегенде - II компонентпен 0,5 мл дозада; бұл ретте жекелеген жағдайларда вакцинацияланушының өтініші негізінде II «Гам-КОВИД-Вак» компонентімен 21 күннен 90 күнге дейінгі кезеңде вакцинация жүргізуге жол беріледі.
Қазіргі уақытта елдің медициналық ұйымдарында КВИ-ға қарсы вакцина жеткілікті. Бүгінгі таңда «Спутник V» вакцинасының қалдығы: бірінші компонент – шамамен 200 мың доза, екінші компонент – 220 мың дозадан астам. Бұдан басқа, халықты иммундау үшін 28 мыңнан астам доза отандық «QazVac» вакцинасы және 350 мыңға жуық доза «Hayat-Vax» вакцинасы бар.
Осы аптада 400 мың дана көлемінде екінші компоненттің вакциналары келеді деп күтілуде.
Коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналарды елге жеткізу кестеге сәйкес жүргізілуде және жеткілікті мөлшерде, тапшылық байқалмайтынын айта кету керек.