Медицина • 17 Мамыр, 2021

Еркін жүргің келсе, екпе салдыр

576 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Вакцина алғаннан кейін бетпердесіз жүре беруге бола ма? Аллергиясы бар адамдарға екпе алуға рұқсат етіле ме? Көпшілікті толғандырған осы және өзге де сауалдарға отандық ғалымдар жауап берді.

Еркін жүргің келсе, екпе салдыр

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, "EQ"

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының кли­никалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиева­ның айтуынша, вакцина – коронавирус індетінен қорғайтын бірден-бір жол. Бірақ екпе алған адамға ауру мүлдем жоламайды деген сөз емес. Сондықтан вакцина алғаннан кейін де сақтық шаралары қатаң сақталуы керек. Өйткені вакцинаның екі компонентін алған адам сақтық шараларына жүрдім-бардым қараса, өзі ауырмаған күннің өзінде өзгелерге инфекция жұқтыруы әбден мүмкін.

– Вакцина алған адам айналасын­дағылар үшін инфекция көзі болуы ықтимал. Яғни симптомсыз тасымалдаушы ретінде COVID-19-ды таратуы мүмкін. Екпе жұтқыншақта вирустың жоқтығына кепіл болмайды. Бірақ ауырмауға немесе аурудың жеңіл өтуіне септігін тигізеді, – деп түсіндірді ол.

Мұндай құбылыстың ғылыми негіз­демесін Қоғамдық денсаулық сақтау ұлт­т­ық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мони­торинг ғылыми-практикалық орта­лығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл түсіндіріп берді.

– Екі компонентпен егілген науқас біраз уақыт SARS-CoV-2 вирусының тасымалдаушысы болуы мүмкін деген ғылыми дәлелдер бар. Вирустың попу­ляцияда белсенді айналымы жү­ріп жатқан кезде инфекцияның кейін­нен таралуын болдырмау үшін вакциналау­дан кейін медициналық мас­ка тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқ­ты ұсыныстар осыған негізделген. SARS-CoV-2 вирусының айналымы неғұр­лым төмен болса, біз соғұрлым қалыпты өмірімізге тез ораламыз. Вирус айналымын төмендетуге халықты бел­сенді иммундау және індетке қарсы іс-ша­раларды сақтау әсер етеді, – дейді сарап­шы.

Тағы бір атап өтерлігі, аллергиялық аурул­ар өршіген кезде COVID-19-ға қарсы вакцина салдыруға болмайды.

– Аллергиялық аурулар өршіген кез­де немесе анамнезде қандай да бір препаратқа, мысалы, тауық эмбрионына немесе бұған дейін егілген екпеге реакция болса, вакцина салдыруға болмайды. Басқа аллергиялық реакциялар, соның ішінде көктемде болатын поллиноздар вакциналауға қарсы көрсетілім болып са­налмайды. Себебі вакциналардың құра­мында антибиотиктер де, аллергия тудыруы ықтимал препараттар да жоқ, – дейді Л.Ералиева.

Мәселен, аллергиясы бар адам COVID-19-ға қарсы вакцина салдырғысы ке­леді. Ол вакциналауға дейін екі күн бұрын және екпеден кейін екі күн бойы гис­таминге қарсы препараттар қабылдай алады.

Сарапшылардың сөзінше, COVID-19-ға қарсы вакциналар мутацияға ұшы­раған аурудың барлық түрінен қорғайды.

– Бүгінде әлемдегі маңдайалды ға­лымдар індеттің 50-ден астам салдарын және бірнеше жылға созылатын ұзақ мерзімді әсерлерін анықтады. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының ма­мандары COVID-19-ға қарсы вакци­налар мутацияға ұшыраған аурудың барлық түрінен қорғайтынын алға тартуда. Біздің міндетіміз – қалыпты өмірге ора­лу және бетпердесіз  еркін жүру. Им­мундаудың нәтижесінде ғана еркін өмір сүре аламыз, бізде популяциялық иммунитет қалыптасады, – дейді Л.Ералиева.

Бүгінде Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцинаның бірінші ком­по­нентімен 1 790 356 адам егілді, 722 504 адам екінші компонентті салдырды. Өңірлерде 798 мың дозадан астам вакцина бар. Қажеттілікті ескере отырып, егу пункттерінің саны артып келеді. М.Смағұлдың мәлімдеуінше, өңірлерде иммундау жұмыстары мыңнан астам вакциналау орталығында жүзеге асырылуда.

– Көпшілікті алаңдатқан мәселе – Спут­ник V вакцинасының уақыт аралығы. Бұл аралық Ұлт­тық эпиде­миологиялық және микробиологиялық ғылыми зерттеу орталығы директоры­ның ресми мәліметі бойынша 45 күн­ді құрайды. Сонымен қатар 2-ші ком­понентті 1-ші компонентті салдыр­ған­нан кейін 21 күннен 90 күнге дейін алуға болады. 1-ші және 2-ші компо­ненттер арасындағы аралықтың ұзаруы иммундық жауаптың күшіне әсер ет­пейтінін ескеруіміз қажет. Адамдар бо­йында COVID-19-ға қарсы вакциналар ауру тудырады деген қорқыныш әлі бар. Бірақ ұсынылған вакциналардың ешқайсысында COVID-19-ды тудыратын тірі вирус жоқ. Демек, вакцинадан кейін адам COVID-19 ауруымен ауыра алмайды, – дейді М.Смағұл.

Оның айтуынша, кез келген вакцина секілді COVID-19-ға қарсы вакциналар да жанама әсерлер тудыруы мүмкін. Олардың көбі жеңіл түрде бірнеше күннің ішінде өздігінен кетеді. Бүгінде жүргізіліп отырған мониторингке сәйкес, Қазақстанда күтілетін реакция­лар 0,3 пайызды құрайды. Оның ішінде 57 пайыз – жалпы реакциялар, 43 пайыз – жергілікті реакциялар.