Қазақстан • 17 Мамыр, 2021

Табиғи энергия таусылмайды

3352 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселенің бірі – энергия тапшылығы. Дәстүрлі қуат көздері – көмір, мұнай, табиғи газ қоры жылдан-жылға сарқылып барады. Сондықтан дүниежүзінің көптеген елі энергияны табиғи көздерден, яғни күн, жел, биомасса, геотермалды жылудан және су ағынынан алуға көшіп жатыр. Қазақстан да 2009 жылы арнайы заң қабылдап, жасыл энергетика саласына ден қоя бастады. Бүгінде бүкіл қазақстандық тұтынатын электр қуатының 3%-ы – жаңғырмалы энергия көздерінен келіп отыр. Бұл – былтыр қол жеткізген көрсеткіш. Егер осы қарқынынан жаңылмаса, 2050 жылға қарай күн, жел, басқа да табиғи ресурстардан алынатын энергия үлесі 50%-ға жетпек. Дегенмен, бұл салада проблема да жоқ емес.

Табиғи энергия таусылмайды

Кезінде алпауыт елдердің өзін дүрбелеңге салып қой­ған «мұнай эмбаргосын» жұрт­шы­лық әлі ұмыта қойған жоқ. Мұнайдың мол қорын экс­портқа шығарып отырған араб мем­лекеттері ұйымы және Мысыр мен Сирия әлемдік на­рық­тан аяқ астынан мұнайды алып тастаған кезде қара алтын бағасы төрт есеге дейін қым­баттап, соның салдары­нан мұнайға тәуелді батыс экономикасы есеңгіреп қалған еді. Мұндай күрделі экономика­лық дағдарыстың соңы энерге­ти­калық дағдарысқа ұласты. Осыдан кейін-ақ дәстүрлі энергия көздеріне сеніп отыруға болмайтынын ұғынған мемлекеттер жанталасып, оның балама көздерін іздестіре бастады. Әсіресе батыс елдері бұл мәселеге шындап кірісті. Мы­салы, мұнайға тәуелділіктен ерекше зардап шеккен Фран­ция ядролық энергетиканы да­мытуға көшті. Бүгінде мұн­да атом энергетикасының дамы­ғаны соншалық, бұл сала электр энергиясының 80%-ын құрап отыр. Ал Германия дәстүрлі энер­гия көзін табиғи ресурстар­дан алуға кірісті. Қазіргі таңда күн мен жел энергетикасы са­ла­сындағы патенттелген тех­нологияның 40%-дан астамы – немістердің еншісінде. Қайбір жылы Германия жаңғырмалы энергия саласында рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, күн мен желден алатын энергия мөлшерін бірнеше сағаттың ішінде 87 %-ға жеткізгені бар. Соның нәтижесінде электр жарығының құны минусқа кетіп, тұтынушыларға төлейтін ештеңе қалмаған. Енді немістер 2050 жылға қарай жаңғырма­лы энергияға біржола көшу­ді жоспарлап отыр. Қазірдің өзін­де бұл елде күн мен желден алы­натын энергия үлесі 40% деңгейінде.

Дүниежүзі елдерінің табиғи энергияға деген ұмтылысынан Қазақстан да сырт қалған жоқ. Әрі біз – Париж келісіміне қол қойған елдердің біріміз. Бұл – жер шарындағы елдерді ғалам­дық климаттың өзгеруіне қарсы күресуге заңды түрде міндет­тейтін құжат. Ал климаттық өзгеруге қарсы күресу дегеніміз – экологияны сауықтыруға үлес қосу, қоршаған ортаға зиян кел­тіретін қалдықтарды азайту деген сөз. Соның бірегей жолы – жа­сыл экономикаға көшу, яғ­ни Қазақстан жаңғырмалы энер­­­гия көздерін дамыту арқы­лы Па­риж келісіміндегі міндет­те­ме­лерін де орындайтын болады.

Сарапшылардың айтуын­ша, елімізде бұл саланы ілгерілетуге арналған заңдық база да, энергияның балама көзін алуға арналған қажетті ре­сурстар да бар. Мысалы, оңтүс­тікте күн сәулесі көп болса, сол­түстік-орталық өңірлерде тү­ге­сіл­мейтін жел энергиясы бар. Энергетика министрлігінің мә­лі­метіне сүйенсек, былтыр жаң­ғырмалы энергия көздері жо­ба­ларын іске асыру бойынша елеулі жұмыстар атқарылып, қуаты 583 МВт болатын 25 нысан іске қосылған. Қазіргі уақытта республикада жалпы қуаты 1 685 МВт болатын 116 жаңғырмалы энергетика нысаны жұмыс істейді. Оның 29-ы – жел электр стансасы, 44-і – күн электр стансасы, 38-і – гидроэлектр стансасы болса, 5-еуі – биоэлектр стансасы.

Бүгінде ЖЭК үлесі жасыл экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамада айтылған межеге жетіп, 3%-ды немесе 3,24 млрд кВт сағатты құраған. Бұл – 2019 жылмен салыстырғанда 74%-ға артық көрсеткіш.

Әрине, қазақстандықтар тұ­тынып отырған барлық электр қуатының ішінде 3% деген түкке тұрмайтын мардымсыз көрсеткіштей көрінуі мүмкін. Әрі үйімізге келіп тұрған электр­дің қайсысы дәстүрлі ресурс­тардан, қайсысы күннен, желден алынғанын білу де мүмкін емес. Қандай көзден алынса да тұтынушыға жеткенде ол – жай ғана электр қуаты. Бұл жерде тек маманның сөзіне сенуге тура келеді. Стратегиялық бас­тамалар орталығының серіктесі, жаңғырмалы энергия көздері саласын зерттеп, стартап-жобалар дайындап жүрген Жәнібек Байдулла Қазақстанда ЖЭК үлесі 3%-дан асуы үлкен жетістік дейді. «Табиғи ресурс­тардан энергия алу – Қазақ­с­танда ғана емес, әлемде де ин­но­­вациялық жоба. Осы сала­ға бет бұрған мемлекеттер жаң­ғыр­­малы энергия саласын­да бірден үлкен көрсеткіш­тер­ге қол жеткізген жоқ. Оның үле­сін біртіндеп арттырды. Біз де осы жолмен келе жатыр­мыз. Былтыр жаңғырмалы қуат көздерінен 3,2 млрд кВт са­ғат өндіріліп шыққан. Бұл – Қызыл­орда, Ақтөбе секілді қа­ла­лар­дың жалпы энергияны тұ­тыну көлемімен тең көрсет­кіш», дейді ол.

Экологиялық таза энергия­ға көшу қоршаған ортаға ғана емес, инфрақұрылымдық же­лі­лер­ді жаңартуға да тиімді. Энер­­гетика министрлігінің ақ­па­ратына сүйенсек, бүгінде рес­­пуб­лика бойынша электр желі­лерінің 64%-ы тозған. Кейбір облыстарда 1970-1980 жыл­дардағы тоз-тозы шық­қан электр бағанасы әлі күнге дейін қолданыста бар. Электр желілері әбден ескірген өңір­лер­дің қатарында Шығыс Қазақ­стан (бұл өңірдегі электр желі­лерінің 81%-ы тозған), Батыс Қазақстан (80%), Қос­танай (74%), Маңғыстау (72%), Қара­ғанды (71%), Алматы (69%), Жамбыл (69%) және Қы­зыл­орда облыстары (66%) бар.

2020 жылдағы жағдай бо­йын­ша республикада иесіз қал­ған электр желілерінің ұзын­дығы 225 шақырым болса, транс­форматорлар саны – 98 дана. Ал 2021 жылдың басын­дағы мәлімет бойынша, 641 ша­қырым иесіз электр желісі және 273 трансформатор тір­кел­ген. Желілердің тозуы кей­бір өңір­лерде жарықтың жиі сөнуі­не әкелетіні анық. Ал Ж.Бай­дул­ланың айтуынша, кеңес зама­нынан келе жатқан ескі желі­лерді ауыстыруға қо­мақ­­­ты қара­жат керек. Егер та­би­ғи энер­гия көздерін өндіру қуа­­­ты арт­са, оны тұтынушыға жет­­кізе­тін жаңа желілер салына­ды. Бұл тозығы жеткен электр то­рап­­­тарын ауыстырғаннан гөрі әл­­де­­қайда арзанға түсетін көрінеді.

Жаңғырмалы энергия көз­­дерін пайдалану арқылы Қазақ­стан қауіпсіз, әрі тәуелсіз элек­тр қуатына ие бола алады. Бі­рақ бұл саланың да өзіндік қиын­­дықтары бар. Айталық, та­биғи ресурстардан алынған эне­р­гияның қуатын, жиілігін, бел­гілі бір уақытта қанша энергия өндіретінін алдын ала біліп, өлшеп отыру мүмкін емес. Ауа райының құбылмалылығына байланысты энергия біресе көбейіп, біресе азайып отырады. Айталық, жел қатты соққан кезде немесе күн ерекше түскен сәтте энергияны өндіру мен тұтыну арасында теңгерімсіздік туындайды. Бұл желілерге артық жүктеме түсіріп, апатты жағдайға алып келуі мүмкін. ЖЭК үлесі ұлғайған сайын желідегі операторға барлық торапты басқару, балансты сақтау, тең ұстап тұру қиынға түседі. Сондықтан бұл мәселені алдын ала шешіп алу қажет. Ж.Байдулланың ай­туынша, былтыр жылдың ая­ғында Пре­зидент Қасым-Жо­март Тоқаев өзгертулер мен то­лық­тырулар енгізілген «Электр энергетикасы туралы» заңға қол қойған. «Бұл құжатта маневрлік қуат генерациясын құруға және жаңа газ стансаларын салуға аук­циондар ұйымдастыру жө­нінде айтылған. Маневрлік қуат генерациясы пайда болса, онда жоғарыда айтқан тең­герімсіздік мәселесі оңынан шешіледі. Мұндай қуат көзі жүйеге қосылған электр станса­ларындағы резервтерді басқару есебінен жиілік пен энергияның мөлшерін автоматты түрде реттеп отырады, желіні қосымша энергия көзімен қамтамасыз етеді. Осылайша, жаңғырмалы энергия көздерінен келетін құ­былмалы тербеліс жойылатын болады», дейді ол.

Елімізде энергияның балама көзін дамытудың кешенді жоспары жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында ЖЭК нысандарының шағын тораптық аймақтарын жасақтау, өңірлік аймақтарын құру, газ электр стансаларын салу, 2022 жылдан бастап нақты уақыт режімінде теңгерімді нарықты іске асыру сынды міндеттер бар. Егер бұл ауқымды шаруа­лар жүзеге асырылса, онда елі­мізде жаңғырмалы энергия көз­дерін тұрақты дамытудың не­гізі қаланады деген сөз.

 

САРАПШЫ СӨЗІ 

Жәнібек БАЙДУЛЛА,

Стратегиялық бастамалар орталығының серіктесі:

– 2009 жыл – қаржы дағдарысынан кейінгі күрделі кезең болғаны мәлім. Экономикаға түскен ауыртпалық­тан кейін ТМД елдерінің жасыл экономикаға деген ықыласы болмады. Бірақ Қазақстан тәуекелге бел буып, осы саланы дамытуға күш салды. Осылайша, еліміз ЖЭК бойынша тренд құра білді. Мұны мен дер кезінде қабылданған шешім дер едім. Ал 2013 жылдан бастап, бұл сала Үкімет тарапынан жан-жақты қолдауға ие болып, жақсы ілгерілей бастады. Инвесторлар да көбейді. Мемлекет қолдауынан кейінгі 2014 жылы бізге жаңғырмалы энергияны дамытуға бағытталған көптеген жобалар келіп түсті. Бұл саламен айналысатын мамандар да бұрын тапшы еді. Қазір экологиялық таза энергия саласының қыр-сырын жетік меңгерген отандық энергетиктер қатары көбейді. Не десек те бұл өте тиімді жоба. Оның пайдалылығы, әсіресе пандемия кезінде анық байқалды. Коронавирус дағдарысы кезінде көптеген кәсіпкерлер, зауыттар жұмысын тоқтатқаны белгілі. Осыған сай электр энергиясын тұтыну күрт төмендеді. Компаниялар тығырыққа тірелді. Тек жаңғырмалы энергия саласы шығынға батқан жоқ, қайта өндіріс қуаты 5%-ға артты. Бұл сала жаһандық энергетикада лайықты орнын алды. Мұндай қарқын биыл да сақталады. Сондықтан ЖЭК саласын дамытуды бәсеңдетпеуіміз керек.