Аймақтар • 18 Мамыр, 2021

Атырауда жасөспірімдер үйі ашылды

1087 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атыраудағы жасөспірімдер үйінің құрылысына Каспий құбыр консорциумы 241 млн теңге жұмсады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда жасөспірімдер үйі ашылды

Консорциумның бас директоры Николай Горбанның айтуынша, былтыр Атырау облысындағы қайырымдылық жобаларын іске асыруға 3 млн доллар бағытталыпты. Ал, соңғы бес жылда өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға шамамен 10 млн АҚШ доллары бөлінген екен.

Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаевтың мәлім етуінше, жаңа ғимарат өткен ғасырдың 60-жылдарындағы нысанның орнынан бой көтерді. Нысан 25 тәрбиеленушіге арналыпты. Жобаға сәйкес бірінші қабатта асүй, кір жуатын, демалыс бөлмелері, конференц-зал бар. Спорт залы көпфункциялы бірнеше спорттық құрал-жабдықпен қамтылған. Екінші қабаттағы жатын бөлмелер түрлі жиһазбен жабдықталған.

Жасөспірімдер үйі балалар ауылдарының тәрбиеленушілері мен балалар үйлерінің, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттардың түлектерін әлеуметтік бейімдеу үшін ашылып отыр. Мұнда 16-23 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар тұрады. Олар кейін жергілікті әкімдік беретін пәтерлерге көшеді.