Аймақтар • 18 Мамыр, 2021

Елордада 2023 жылға дейін 123 шақырым велосипед жолы салынады

279 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы 2023 жылға дейін 123 шақырым велосипед жолын салу жобасын жүзеге асырады. Жоба 3 кезеңге бөлінген, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елордада 2023 жылға дейін 123 шақырым велосипед жолы салынады

Жобаның бірінші кезеңі аясында 2021 жылы ұзындығы 46,4 км веложол және велосипед қоятын 22 орын (Bike Вело) қарастырылған.

Қазір Алматы ауданындағы Абылай хан, Ғ.Мұстафин, Ш. Құдайбердіұлы, Р. Қошқарбаев даңғылдарында (ұзындығы 4,5 км)жұмыстар басталды.

Одан әрі құрылыс жұмыстары мына учаскелерде жалғасады: №2 – Б.Момышұлы даңғылы, Қошқарбаев көшесі, Айнакөл көшесі; №3 – А. Байтұрсынов көшесі, Қалдаяқов көшесі, Тәуелсіздік даңғылы; №4 – Пушкин, Амман, А. Тоқпанов, Қажымұқан, Қ.Сәтпаев көшелері, Жұмабаев даңғылы.

2022 жылға арналған 2-кезеңде ұзындығы 35,908 км веложол және велосипед қоятын 18 орын (Bike Вело) қарастырылған.

2023 жылғы 3-кезеңде ұзындығы 39,4 км веложол және велосипед қоюға арналған 11 орын (Bike Вело) салу көзделген.

Айта кету керек, велосипед жолдарының бойында велосипедтерге арналған тұрақтар жобаланған. Әрбір 100 метрден кейін велосипедшілерге арналған қиғаш орнатылған қоқыс жәшігі қойылады.

Веложол бойында орындықтар, велосипедшілерге арналған 8 орындық тұрақ және қоқыс жәшігі көзделген. Сондай-ақ «Астана Bike» вело-sharing жүйесін жалға беру орындары да қойылады.

Сонымен қатар, кейбір тұстарда велосипедшінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қоршаулар салынады. Велосипед инфрақұрылымында жол белгілері, тағандар, таңбалар және дабыл бағаналары орнатылады.