Қоғам • 18 Мамыр, 2021

Nur Otan «Тұрғын үй» туралы заңға өзгеріс енгізуді ұсынды

481 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Nur Otan-да Тұрғын үй қатынастары туралы заңға толықтырулар енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Nur Otan «Тұрғын үй» туралы заңға өзгеріс енгізуді ұсынды

Бастапқы жарна мөлшерін өзгерту және көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жеңілдетілген ипотека беру. Осы және өзге де өзекті мәселелер Nur Otan партиясы жанындағы Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі жаңа республикалық қоғамдық кеңестің бірінші ұйымдастырушылық отырысында талқыланды.

Партияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Nur Otan-ның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы аясында биыл елімізде 17 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланса, оның 2,5 миллионы халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған. 2021 жылдың төрт айында 3,5 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 28,9 мың пәтер пайдалануға берілді.

Алайда, баспанаға мұқтаж адамдар саны күн сайын өсуде. Бүгінде тұрғын үй кезегінде 562 мың отбасы тұр, оның 185 мыңының табысы отбасының бір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, оларды тұрғын үймен жедел қамтамасыз ету үшін жеке тұрғын үй қорындағы жалдау ақысының бір бөлігін Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары үшін 31 АЕК, өзге өңірлер үшін 21 АЕК және ауылдық жерлер үшін 15 АЕК мөлшерінде субсидиялау ұсынылады. Сонымен қатар, вице-министр аз қамтылған отбасыларға арналған баспана құрылысына жаңа көзқарас туралы айтып берді.

«Әлеуметтік осал отбасылар үшін тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі жылына шамамен 10 мың пәтерді құрайды, мұндай жағдайда проблема тек 20 жылға жуық уақыттан кейін ғана шешіледі. Сондықтан қаражатты әкімдіктер салатын үйлердің құрылысына емес, жеке инвестицияларды тарту үшін коммерциялық компанияларды субсидиялауға бағыттады. Жыл сайын 37 мың пәтер тапсырамыз және 5 жыл ішінде барлық аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге тырысамыз», деді Қайырбек Өскенбаев.

Тағы бір маңызды мәселе – ерекше қажеттіліктері бар адамдарға баспана беру. Бұл бағыттағы пәрменді тетіктердің бірі ипотекалық несие беру болып табылады.

«Отбасы банкі» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, 2 мыңға жуық мүгедектігі бар тұлғалар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың банкте 19,6 млрд теңге сомасында несиелері бар. Мұндай отбасылардың жалпы сомасы 3,7 млрд теңгені құрайтын 10 мыңға жуық депозиті бар.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға 13,8 млрд теңге сомасында 1,3 мың займ берілді. Биыл осы бағдарлама бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары 27 мыңнан астам өтініш жолдады. Жартысынан көбі «толық емес отбасы» санатына жатады», деді Ләззат Ибрагимова.

Өз кезегінде Кеңес мүшесі Ирина Смирнова соңғы жылдары кезекте тұрғандардың саны артып, берілетін пәтерлер саны азайып бара жатқанын атап өтті.

«Кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету баяу жүріп жатыр, сондықтан жыл өткен сайын кезек көбеймесе азаймай тұр. Мысалы, өткен жылы кезек 23%-ға ұлғайса, ал тұрғын үй алғандар саны 3%-ға азайды. Мұндай қарқынмен, кезектің соңында тұрғандар 80 жылдан кейін ғана баспана алады. Сондықтан мүгедектігі бар адамдар үшін тұрғын үй қорын ұлғайту қажет», деді Ирина Смирнова.

Еске сала кетейік, Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 2025 жылға қарай 1 млн отбасы үшін 103 млн шаршы метр тұрғын үй беру міндеті тұр. Оның ішінде 284 мың көпбалалы және кедейлік шегіндегі отбасылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жетім балалар бар.

Отырыс қорытындысы бойынша Nur Otan партиясы атынан кеңес мүшелері «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.

Сонымен, олардың пікірінше, мүгедек бала 18 жасқа толған кезде оның тұрғын үй алу кезегінің сақталуын, әлеуметтік осал санаттар үшін тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтуды, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасында көзделген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шегін көтеруді ескерген жөн. Бұдан басқа, әлеуметтік осал отбасыларға сатып алу құқығынсыз бұрын жалға берілген тұрғын үйді олардың жекешелендіріп алуына мүмкіндік берілуі керек.