Тарих • 18 Мамыр, 2021

«Аштық туралы мәселе» бойынша сөз

985 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

1922 жылы 8 шілдеде кешкі сағат 18.30-да ҚазОАК төрағасы Сейітқали Меңдешев екінші сайланған Қазаткомның 3-сессиясын (сессия жұмысы 14 шілдеде аяқталды) ашық деп жариялап, сессияға қатысушылар ал­дында «Аштық туралы мәселе» бойынша кіріспе сөз сөйледі. Ашыққандарға көмектесетін Орталық Комиссияның (АКОК) төрағасы бол­ған С. Меңдешевтің 1921-1922 жылдардағы аштық пен оған қарсы жүргі­зілген жұмыстар туралы мол мәлімет беретін тарихи сөзін сессияның стено­графиялық есебінен қазақ тіліне аударып, оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

 

«Аштық туралы мәселе» бойынша сөз

Жолдастар! Осы сессияның күн тәр­тібіне қойылған іскерлік мәсе­лелерді талқылауға көшпес бұрын, мен осы кезең ішінде бәріміздің күш-жігерімізді өзіне аударған, бәріміз үшін жантүршігерлік болған бір мәсе­леге тоқталғым келіп тұр. Бұл – аштық туралы мәселе.

Қазір аштық апатының ең қиын кезеңінен өттік деп еркін айтуға болады. Дегенмен, аштық біз үшін өте ауыр зардаптарын қалдырды.

Аштық көптеген адамның өмірін қиды, аштық бір шаруашылықтарды күйретсе, басқа шаруашылықтарды құлдыратты, аштықтың салдарынан халықтың басым бөлігі кедейленді, көптеген адамдар ақырына дейін күйзеліске түсті.

Аштықтан зардап шегіп, бірақ тірі қалғандардың денсаулығы нашарлады, күйзеліс пен нашар тамақтану салдарынан әлсіреген бұл адамдар қазір қандай да бір ауыр жұмыстарды орындайтын жағдайда емес. Аштықтың кесірінен көптеген бала қорғансыз қалды.

Жалпы, Кеңестік Ресей Федера­циясы тұтастай және соның ішінде ҚКСР барлық күш-жігерін аштықпен күресу үшін жұмсағанын, Ресей Фе­дерациясы тұтастай және соның ішінде ҚКСР толығымен аштық апа­­тымен күресуге арналған лагерь сияқты елге ай­­налғанын айта кету керек.

Орталықтағы және жергілікті жер­лердегі Ашыққандарға көмек көр­сету комиссиялары ашыққан адамдарды құт­қару үшін ерекше күш-қайрат пен бастамаларын көрсетті.

Аштыққа қарсы күреске біздің мем­лекеттік ішкі мекемелер мен ұйым­­­дардан басқа халықаралық меке­ме­лер де қатысты, мысалы, ашық­қандарға көмектесетін халықаралық жұмысшы комитеті (1921 жылы шіл­деде Коминтерннің бастамасы бойынша Берлинде құрылған ко­ми­тет. Комитет өз алдына ашық­қан Ресей жұмысшыларына шетел­дік жұ­мысшылардың көмегін ұйым­дас­тыру мақсатымен құрылып, өз қыз­метінің алғашқы жылында-ақ бір миллиардтан астам герман маркасын және 700 мың пұттан астам әр­түрлі азық-түлік қорын жіберді – С.Ш.), Қызыл Крест қоғамы (ішінара халықаралық сипатқа ие), америкалық ашыққандарға көмек әкімшілігі (АРА («American Relief Administration» – Американ көмек әкімшілігі) ұйымын айтып отыр – С.Ш.) және Квакерлер (Квакерлер (ағылш. Quakers, сөзбе-сөз «дүр­сіл­дейді», яғни жан-жағына бейжай қарамайтындар деген мағынада; ағыл­шын тілінен оқығандағы анағұр­лым дұрыс фонетикалық транскрипция­сы – «квейкерлер») – Англия мен Уэльстегі ағылшын революциясы жыл­­дарында (XVII ғ. ортасы) пайда болып, өздерін «Достардың діни қоғамы» (ағылш. Religious Society of Friends) деп атаған протестанттық хрис­тиан қозғалысы. Квакеризмнің негізгі идея­сы – адамдарға ізгілік нұрын шашу, көмектесу болды. ХХ ғ. басында Ұлы­британия мен АҚШ-тан келген ква­керлер босқындармен, Бірін­ші дүниежүзілік соғыс құрбан­дарымен, Еділ аймағында (Бузулук) аш­тыққа қарсы жұмыс істеді. Ква­керлер та­мақ­тану орындарын, ауруханаларды, балалар үйлерін, мек­тептерді, қолөнер шеберханаларын ашты – С.Ш.) сияқты шетелдік қайы­рымдылық ұйымдары да ашық­қандарға көмек көрсетті. Бұл меке­мелердің барлығы ұйымдасқан түрде аштыққа қарсы күресті.

Аштық өзінің шарықтау шегіне жеткен кезде, ашыққандардың саны             2 832 000 адамға жетті. Бұл наурыз және сәуір айларында байқалды. Комис­сия өз қызметін қарқынды түрде жүргізе бастаған соңғы мамыр және маусым айларында ашыққандардың саны азая бастады. Сонымен қатар жыл­дың жылы мезгілі – көктемнің келуімен бірге халық жеуге жарайтын әртүрлі маусымдық қоректік азықпен және азық алмастырушылармен, мысалы, тамырлармен, көкөністермен, балықпен, сүтпен және жұмыртқамен тамағын көбейтуге мүмкіндік алды.

Осының арқасында ашыққандар саны азайып, қазіргі уақытта АКОК бар­­лығы 777 192 адамды тамақтан­дыруда: оның 253 463-і ересек адам болса,  422 729-ы – балалар.

Міне, қазір АКОК-тан тамақ алатын адам­дардың саны осындай. Сонымен қатар ауыл шаруашылығымен айналысатын және зиянкестермен күрес жөніндегі жұмыстарды істейтін адамдарды жақсы тамақтандыруға ерекше назар аударылуда. Шөп шабу және астық жинау науқанының басталуына орай ашыққандарға көмектесетін комиссия ауылшаруашылық жұмыс­тарына тартылған адамдарды жақсы тамақтандыруға көңіл бөліп отыр.

Ашыққандарға көмектесетін ха­лықа­ралық жұмысшы комиссиясы (Жоғарыда айтылған комитетті ай­тып отыр – С.Ш.) 1 248 баланы және индустриялық өнеркәсіптің аса маңызды өндірістерінде ауыр ең­бекпен айналысатын 4 962 индус­трия жұмысшысын қоректендіреді. Ашық­қандарға көмектесетін халықаралық жұмысшы комитеті біздің қайта өр­кендеп жатқан өнеркәсіп пен еңбек өнім­ділігін арттыруға көмектесу мақ­­сатымен индустриялық өнеркәсіп жұмыс­шыларына қолдау жасайды. Әрі қарай Қызыл Крест қоғамының көмегіне тоқталайық. Ол 14 000 адам­ға дейін балалар мен ересектерді та­мақ­тандырады, сонымен қатар меди­циналық көмек көрсетеді.

Ашыққандарға көмектесуші аме­рикалық көмек әкімшілігі немесе «АРА» деп аталатын ұйым асхана­ларда балаларға қосымша тамақ беру арқылы көмектесуде, қазіргі уақытта мұндай көмек 1 846 рет ұйым­дастырылған. Осы асханалар қыз­мет көрсететін балалар саны – 304 912. Сондай-ақ «АРА» әлеуметтік жағ­­дайы мен нақты мұқ­таждығына қарамай 520 100 [азық үлесін] береді.

Бұл ұйымның принциптері біз­дің ашыққандарға көмектесетін ко­мис­сиялар мен Ашыққандарға кө­мектесетін халықаралық жұмысшы ко­митетінің принциптерінен біршама ерек­шеленеді. Сонымен қатар «АРА» дәрі-дәрмектермен және іш киім берумен көмек көрсетеді. Біздің осы ұйымдарға қатысты жұмысымыз – олар­ды үй-жайлармен, көлік құрал­дарымен, құрылғылармен, құрал-жаб­дықтар және жанармаймен жаб­дықтау, сондай-ақ жергілікті қаражат есебінен оларға телефон қызметін ұсыну. Ква­керлерге келетін болсақ, олар өз жұ­мысын Қостанай губерниясының аса мұқтаж және аштықтан зардап шек­кен үш ауданында бастады. Олар онда 60 вагон азық-түлік жеткізді. Міне, Мемлекеттік комиссиялар мен осы бағытта жұмыс істейтін әртүрлі ұйым­дардың ашыққандарды азық-түлік өнімдерімен жабдықтауы осындай жағдайда.

Сонымен қатар жер өңдеумен ай­налысатын халықты күздік және жаз­дық егіске қажетті тұқыммен қам­тамасыз етуде Кеңес өкіметінің үлкен жұмыс атқарғанын айтуымыз керек.

Біздің республикамызға барлығы 457 783 пұт күздік тұқым мен 4 467 718 пұт жаздық тұқым жеткізілді және тұрғындарға бөлініп, 76 172 де­сятина күздік егін және 881 052 десятина жаздық егін себілді. Әрине, бұл шы­ғыстағы Семей мен Ақмоланы қоспағанда, тек батыстағы ашыққан 5 губернияға қатысты болды. Бұл қиын жұмыс Главпосевком (Егістікті ұл­ғайту және жер өңдеуді жақсарту жөніндегі комитет – С.Ш.) органдары, тұқым бестігі және олардың жергілікті органдары тарапынан кәсіподақ және партия қызметкерлерінің жұмыла ықпал етуі арқылы орындалды. Аштықтың ауыр кезеңінде осы жұмысқа тартылған қызметкерлердің бір бөлігі (60-қа жуық адам) өздерінің қызмет орындарында қайтыс болға­нын атап өту керек. Тұқым себу нау­қаны үшін Орталық 185 миллиард рубль жіберді. Бұл ақша біздің ашық­қан губернияларға таратылды. Сон­дай-ақ аштықтың бас кезінде халық­тың ауа көшуін реттеу бойынша шаралар қабылданғанын атап өткен жөн.

Құрал-саймандарды сақтау және жем-шөптің жоқтығынан қырылу қаупі туған жұмыс малын сатып алу бойынша шаралар қабылданды. Олар жем-шөп қоры бар қолайлы аудандарға жөнелтілді. Көшіп-қону кезінде қа­лалар мен темір жол стансаларына жиналып қалған босқын халықтың бір бөлігі (59 029 адам) ұйымдастырылған түрде жіберілсе, бір бөлігі олар үшін бөлінген ғимараттарға орналас­тырылды, онда олар тамақ алып, киім-кешекпен қамтамасыз етіл­ді. Қараусыз қалған балаларға Бала­лар­дың өмірі мен тұрмысын жақ­сарту жөніндегі орталық комиссия көмек көрсетті. Бұл комиссия ҚазОАК жанындағы Ашыққандарға көмек­тесетін комиссияның балалар арасындағы аштықпен күрес жө­ніндегі ерекше секциясы түрінде бекі­тілді. Бұл Комиссия 575 балалар үйі мен балаларды қабылдайтын 9 пункт ұйымдастырды. Балалар онда киім мен тамақ алды. Үй-жайлар мен азық-түліктің жеткіліксіздігі салдарынан барлық баланы ашыққан аймақтарда қамтамасыз ету мүмкін болмады, сондықтан балаларды біздің Қырғыз Республикасының да, жалпы Федерацияның да анағұрлым қолайлы аудандарына жіберу қажет­тілігі туын­дады. Барлығы 18 496 бала Феде­­рацияның әртүрлі губернияларына эвакуацияланды. Бұл бала­лар әс­кери-санитарлық 16 пойыз­бен жөнелтілген болатын. Қал­ған балалар – балалар үйлеріне ор­на­лас­ты­­рылды. Қазіргі уақытта ба­ла­­лар­ кеңестік шаруашылықтарда, ауыл­шаруашылық балалар коммуналарында және т.б. қамқорлыққа алынған. Осы операциялардың барлығы үшін, аш­тықпен күресу үшін жұмсалған қаражатқа келетін болсақ, олар Ор­талықтан, ҚазОАК-тан және губер­ниялардан, әртүрлі губерниялық са­лықтар мен ерікті аударымдардан және қайырымдылықтан алынды. Сонымен қатар ҚазОАК жанындағы АКОК ашыққандарға көмектесетін комиссиялардың қорына айтарлықтай ақша құйған 1-ші Республикалық Аштық Лотереясын ұйымдастырды. Осы тұста Орталықтың, сондай-ақ Курск, Рязань, Мәскеу және т.б. бекі­тілген губерниялардың, Қы­зыл Армияның, жұмысшылар мен қыз­мет­керлердің ерекше қатты көмек­тескенін атап өткен орынды болады. Азық-түлік қорын ұлғайту үшін Кеңес өкіметі шіркеу құндылықтарын алуды жүзеге асырды, бірақ біздің республикамыздың аумағында бұл шіркеу құндылықтары айтарлықтай көмек бере алмады.

Бұл істі ҚазОАК жанындағы АКОК біріктірді және осының есебі­нен біздің республикамыз шіркеу құн­дылық­тарынан түскен қаражатқа 27 вагон ұн сатып алды. Азық-түліктің бұл мөл­шері губернияларымызға таратылды.

Осындай мақсатпен бір реттік аза­маттық салық енгізілді, бірақ, шынын айтқанда, ол біздің респуб­ликада азын-аулақ нәтиже берді. ҚазОАК жанындағы АКОК қолөнер мен өнеркәсіптік жұмыстарды ұл­ғайту үшін бір миллиард рубль және кедей тұрғындардан жүн жинау үшін Кустпромға (ҚАКСР Қолөнер мен ұсақ өндіріс ісі жөніндегі бас бас­қармасы – С.Ш.) 8 вагон нан бөл­ді. Бұл дайындық ашыққандардан құрал­ған артельдерге тапсырыс беру ар­қылы жүргізілді.

Одан әрі қарай жер өңдеумен айналысатын халықтың шаруашылығын жақсарту үшін Орталық 225 миллиард рубль және 20 вагон нан босатты, олар губернияларға таратылды және жер өңдеумен айналысатын тұрғындарға белгілі бір жағдайларда несие ретінде берілетін болады.

Қырғыз АКОК-сы барлық гу­бер­­ния­лық комиссияларға қыр­ғыз отба­сы­­ларының қираған шаруашы­лық­­тарын қалпына келтіру үшін қа­жетті малды жағдайы жақсы губер­ниялардың тұрғындары арасынан ерік­­ті қайырымдылық жолымен жи­нау­ды ұсынды.

Бізде Семей губерниясы мен Адай уезінен келген мәліметтерге қа­рағанда, Семей губерниясында қазірге дейін 1500 бас мал жиналды, ал Адай уезінде қанша екенін қазір айта алмаймын, бірақ белгілі бір саны бар. Бұл малды орталық комиссия аштыққа ұшыраған жерлердегі мал бағатын қырғыз тұр­ғындары арасында бөлетін болады.

Малды бөлу жоспарын әзірлеу Жер-су халкоматына тапсырылды.

Бұдан әрі қарай ҚазОАК жанын­дағы АКОК Жер-су халкоматының Главпосевкомына осы жылдың күзіне күздік егіс науқанын дайындау және өткізу бойынша жұмыстарды бастау­ды тапсырғанын айта кетуім керек.

Күздік тұқымға, тірі және өлі күш құрал-саймандарға өтініштер жасалды.

Астық пен шөптен күтіліп отырған жақсы өнімге қарамастан, әсіресе, өз жеріне егін егуге мүмкіндігі жоқ қи­раған шаруашылықтардың көптігін, сонымен қатар аштық кезінде бар малынан мүлдем айырылған кедей қырғыз малшыларының едәуір санын және аштық кезінде ата-анасыз қалған балалар санының көптігін ескере отырып, Орталық Комиссия барлық халықты тамақтандыру үшін егістік алқабының аздығы салдарынан астықтың жеткіліксіз болатынын да есептеп отырғанын айта кету керек.

Осыған байланысты АКОК халық­қа кем дегенде 1923 жылдың жазына дейін көмек көрсету керек деп санай­ды.

Қазіргі уақытта ҚазОАК жанын­да­ғы АКОК әрі қарайғы жұмыс бағдар­­ламасын әзірлеуді күрделі жағдайда жүргізуде және аштық апатының бар­лық зардабын түпкілікті жою мен халық шаруашылығын қалпына кел­тіру үшін осы бағдарламаның негізіне өндірістік көмек ұстанымын қояды.

Жалпы алғанда, айтылған жайттарды осы сессияда Сіздерге жеткізуді қажет деп санаймын.

 

Мәтінді аударып, алғы сөзі мен түсініктерін жазған Сәбит ШІЛДЕБАЙ