Қоғам • 18 Мамыр, 2021

Тегімізді жазуды қашан түзейміз?

1426 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Еліміздің өз тәуелсіздігінің 30 жылында қол жеткізген жетістіктері аз емес. Сонымен қатар кеңес заманында жол берілген кемшіліктің бәрін түзетіп болдық деп айтуға әлі ерте. Мәселен, ұлтымыздың ерекшелігін айқын білдіретін белгі – аты-жөнімізді жазуда бірізділік жоқ. Өкінішке қарай, «ов», «ев», «ин» деген жалғаудан әлі құтыла алмай жүрміз.

Тегімізді жазуды қашан түзейміз?

Қазақстан Республикасы Прези­дентінің 1996 жылғы 2 ақпандағы №2923 Жарлығы осы мәселені шешуге арналған болатын. Ұлты қазақ азаматтар тегі мен әкесінің атын атал­ған Жарлықта көрсетілген тәртіппен жаза бастады. Әр азаматтың әкесінің аты­на байланысты ешқандай мәселе туындаған жоқ. «Ович», «овна» деген аффикстердің орнына «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып бірге жазылатын болды. Мен өзім де «Исламович» деген әкемнің атын «Исламұлы» деп өзгерттім.

Сол кезде бұқаралық ақпарат құ­рал­­дары азаматтардың аты-жөн­дерін қазақыландыру үдерісін кеңінен жа­риялады. Тұңғыш Президенті­міз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жар­лықтың қолдану тәртібі туралы өз ойын көпшілікпен бөлісті және Мемлекет басшысы ретінде бүкіл әлем қоғамдастығына танымал бол­ған­дықтан, өз тегін өзгертуге болмайтынын түсіндіріп айтты.

Бірақ бұл жалпыұлттық мәселедегі белсенділік ұзаққа созылмай бәсеңдей бастады. Бүгінгі таңда тіпті іс-қимы­лы­мыз тығырыққа тірелгендей, мүл­дем тоқтап қалды деп айтуға болады. Аталған Жарлықтын орындалуын ешкім бақылап отырған жоқ. Ұлты қазақ азаматтардың көпшілігі сол баяғы «ов», «ев», «ин»-мен жүр.

Ұлттық мәселені жиі көтеретін «Egemen Qazaqstan» газетінен мен осы тақырыпта соңғы екі жылда екі мақала оқыдым. Бірі «Айтайын дегенім...» айдарымен заңгер-публи­цист Нақыпбек Сәдуақасовтың «Ата-тегімізді қазақи жазу – патриотизм нышаны» мақа­­ласы (2020 жылғы 30 маусым), екіншісі – Назар­баев Университеттің профес­соры, филология ғылымдарының кан­­ди­­­даты Жазира Ағабекқызының «Атау­­­лар мен есімдер – елдіктің бел­гісі» мақаласы (2019 жылғы 18 қазан).

Екі автор да, әсіресе, Жазира Ағабек­қызы, қазақи аты-жөніміз туралы терең талдау жасап, шет мемлекет­тердің тәжірибесін келтіріп, нақты ұсы­ныстар жасаған. Патриоттық сезім­ді оятуға да тырысқан. Ғалымдар мен мамандарды пікір алысуға шақыр­ған. Бірақ бұл авторлардың ұсыныс­тары шөл далада адасқан жалғыздың жанайқайы тәрізді ешкімнің құлағына жетпеген сияқты. Үн жоқ!

Жоғарыда аталған Жарлықта азаматтардың тегі мен әкесінің атын қазақша жазу тәжірибесін қазақ хал­қының қалыптасқан тарихи дәс­түр­­л­еріне сәйкес келтіру қажеттігі ай­тыл­ған. Бұл ретте ұлтымыздың ерек­­шелігі – көсемдігімен, ерлігімен, ше­шен­дігімен даңқы шыққан тарихи тұл­ға­­лардың бәрі де өз есімдерімен бел­­гілі екендігін ескергеніміз абзал. Сол дәс­түрдің жалғасы ретінде елі­міз­дің бас қаласы Назарбаев емес, Нұр-Сұлтан атануын айтуға болатын шығар.

Ал Америка Құрама Штаттарының астанасы Вашингтон елдің тұңғыш Президентінің тегімен аталған, ал оның аты – Джордж. Ағылшындар, немістер, француздардың аттары мен тектері әртүрлі мағынаны білдіреді, сондықтан тектері жалғаусыз жазылады. Тектері жер-су атауынан, ата­ларының мамандықтарынан, қолөнер кәсібінен пайда болған – ұста, бақ­ташы, т.б. Мысалы, ағылшынша Смит, немісше Шмидт. Дегенмен, әлем­дегі ұлттардың көбі тектеріндегі жалғау­лармен ерекшеленеді. Армяндарда «ян», грузиндерде «дзе», «швили», литвалықтарда «скас»...

Жарлық шыққаннан бері кеңі­рек қолданып келе жатқан нұсқа – азамат­тың тегінің түбірлік негізін қалдырып, «ов», «ев», «ин» аффикс­терді алып тастау. Бірақ бұл нұсқа онша тарамады. Өйткені оның олқылығы білінді. Мысалы, Арман Мақсат, Ерлан Нұрлан, Марат Мұрат, Еркін Есен ... Аты қайсысы, тегі қайсысы екенін білмейсің.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Көпеев «Өмір иірімдері» кітабында ұлттық дәстүрге сүйене отырып, неге тегіміздегі «ов», «ев» деген­дерден арылмаймыз деп сауал қойған бастамашылардың бірі бол­ғанын жазады: «Жарлық шық­қан соң «Өзім осы бастаманы көтер­ген­діктен, артқа шегінуге жол жоқ қой, еліміздегі ең алғашқы азаматтардың бірі болып, «ев» - тен өз еркіммен бас тартып, жаңа паспорт алғанда фамилиямды «Көпей» деп жазғыздым. Мұның қызығын кейін көрдім. Қай жерге, қай тойға барсам да елдің бәрі: «Көпеке, Көпеке» деп, сөз беретін, амандасатын болды. «Жігіттер, Көпей – менің әкемнің әкесі. Менің атым – Мұхамбет» деп қанша ескертсем де болмайды. Тіпті екінші рет сай­лауға қатысқанымда «Мынау бұрын­ғы Көпеев пе, әлде, басқа ма?» деп жұрт­тың шатасып жатқанын да көрдім. Бәлкім, «ев» дегенді алдыртып тас­тағанда фамилияны «Көпей тегі» деп жаздырған дұрыс па еді? Мұндай шатасып жүргендер әлі аз емес. Сөйтіп, 5-6 жыл «Көпей» болып жүрдім де фамилиямды қайтадан «Көпеев» етіп өзгертуге мәжбүр болдым».

Нақыпбек Сәдуақасов та Мұхамбет айтқандай үлгіні ұсыныпты. Мысалға келтіргені – Асқар Сәрсенұлы Жұма­байтегі. Бірақ ол тегі деген сөз фа­милия екенін ұмытып отыр. Сәдуа­қасов­пен келіссек, мысалға келтірген аты-жөнді былай жазуымыз керек: Асқараты, Сәрсенәкесініңаты, Жұма­байтегі. Орыс тілінде: Аскаримя, Сәр­сенотчество, Жұмабайфамилия. Тавто­логияға жол бермеуіміз керек. Демек бұл нұсқа өміршең еместігін көрсетті.

Тағы бір тек ретінде қолданып жүрген тәсіл – түбірлік негізге «ұлы», «қызы» деген жалғауларды қосып жазу. Бұл тәсілге байланысты Нақып­бек Сәдуақасовтың мақаласына кіріс­пе сөз ретінде келтірілген беделді маман Телқожа Жанұзақовтың «Қазақ есімдерінің тарихы. Лингвистика­лық және тарихи-этнографиялық талдау» кітабынан үзіндіні қайтадан естеріңізге салғанды дұрыс көріп отырмын: «Қазіргі қазақ фамилия­лары екі түрлі тұлғада кездеседі. Оның басым көпшілігі орыс тіліндегі фамилиялық жұрнақтар (-ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -ина) арқылы жазылып қалыптасқан. Ал екінші түрі «ұлы» сөзі­нің қосылуы арқылы жасалған. Бұл – өте өнімсіз тәсіл. Өйткені «ұлы» сөзі арқылы жасалған фамилиялар, бірін­шіден, өте санаулы, тым сирек кез­десетін болса, екіншіден, олар фор­масы жағынан фамилиядан гөрі әке аты­на бейім тұрады. Сондықтан бұлар «жар­тылай» фамилия қызметін атқарады».

Дәлірек айтқанда, Жарлықта айқын көрсетілген – әкенің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарап «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылады. Назар аударыңыздар: тегіне емес.

Әр азаматтың аты-жөні үш атау­дан құралады: аты, әкесінің аты, тегі. «Ұлы», «қызы» сөздерін түбір­лік негізге қосып тек ретінде қолдана­тындар отбасылық тарихтың қалып­тасуын қиындатады, үлкен аталары ұмытыла бастайды.

Қазақ елінің ХХ ғасырдағы ең даңқты батырларының және екін­ші дүниежүзілік соғыстағы дарынды қолбасшылардың бірі Бауыржан Момышұлының өмірі – бәрімізге өнеге. «Арпалыс (Волоколамск тас жолы)» кітабының авторы Александр Бек батырмен танысқан кезде түсін­бей қалып: «Ғафу етіңіз, фамилияңыз қалай жазылады?», деп сұраған. Оған Бауыржан Момышұлы: «Менің фамилиям жоқ» деп жауап берген. Кеңес армиясында генерал атағын алмаған жалғыз дивизия командирі Бауыржан Момышұлы шығар. Тегін Момышев деп жаздырған болса, ол атаққа жетер ме еді, кім білсін...

Сонымен, ұлты қазақ азаматтар­дың аты және әкесінің аты жөнінде ешқандай қиындық жоқ деп қорытын­дылауға болады. Шешілмей тұрған мәселе – ата-тегімізде. Менің көпші­лікке ұсынатын бірнеше нұсқам бар. Олар өзіміздің тарихи дәстүрімізге негізделген. Мұхамбет Көпеев есте­ліктерінде туған-туысқандары туралы айтқанда «Менің әкем атадан жалғыз болғанмен, анадан екеу еді. Өйткені Үртай әжем алғашында Боранбай­дың Еңсебайы деген кісіге тұрмысқа шығып, одан Ақназар есімді бала сүйген», деп жазады.

Ақын Әбдірашев Жарасқан өзін Әбдіраштың Жарасқаны деп айтатын. Бұл жағдайда «дың», «тің» деген жалғауларды көріп отырмыз.

Осы орайда жазушы Дулат Иса­бековтің бір сұхбатында айтқан сөздері еске түседі: «Мен әлі Иса­беков болып жүрмін. Аты-жөнімізді қазақыландырсақ , есімің мен ата-тегің бірдей болып кетеді. Көп адам нақ осы мәселеде шатасып жатыр. Одан бөлек, қазақтың кейбір есімдері жігітке де, қызға да ортақ болып келеді... «Ов»-тан арылып, ұлттық аты-жөнімізге ұлтымызды айқындайтын бір нәрсені жалғау қажеттігін мойындайтын кез келді».

Дегенмен, «дың», «тің» жалғау­лары «ұлы», «қызы» деген сөздердің баламасы, әкенің атын білдіреді. Боранбайдың Еңсебайы орнына Боранбайұлы Еңсебай, Әбдіраштің Жарасқаны орнына Әбдірашұлы Жарасқан десек, айырмашылығы жоқ.

Б. Момышұлы айтқандай, тексіз қалып жүрмейік. Жарлықта тегі мен әкесінің аты бөлек болғаны көзделген. «Ов» деген жалғаумен жазыл­ған тегіміз, мысалға, Жұмабеков, «кімнің?», «кімдікі?», «кімненсің?» деген сұрақтарға жауап береді. Қазақшаға аударғанда Жұмабеков Жұмабековтің, Жұмабековтікі. Немесе Наурызбайдың, Есжанның, Болаттың ...

Тегімізді «тің», «тікі», «дың», «ның» деген жалғаулармен жазуға болады. Бірақ Жұмабек менің атам, мен Жұмабектің немересімін, атамның ұрпағымын, ал Исламның ұлымын, Исламдікімін. Жұмабектікімін деуге де болады. Бірақ Исламдікі екенімді Исламұлы деп жазылғаным анық көрсетіп тұр.

«Бабалар сөзі» шежірелік жыр-аңыздарда, мысалы, мынадай өлең жолдары бар:

«Бөрібайдан Қыдырәлі бесеу туды,

Қыдырәлі Бөрібайдың жолын қуды...»

Біз жеті атамызды еске алғанда төмендегіше тізбектейміз. Мысалға өзім­ді келтірейін: Малқарадан Бай­мұрат, Баймұраттан Арғынбай, Арғынбайдан Жұмабек, Жұмабектен Ислам, Исламнан Оңалсын.

Ұлты қазақ азаматтардың тегін үлкен аталарының біреуінен алуы – қалыптасқан тәжірибе. Сондықтан менің аты-жөнім Оңалсын Исламұлы Жұмабектен деп жазылғаны дұрыс деп есептеймін. Басқа түбірлік негіздерді алсақ, «Наурызбайдан», «Сүлей­меннен», «Есжаннан», «Болаттан»...

Ұлты қазақ азаматтардың тегін «тен», «дан», «нан», «нен» деген жалғаулармен жазуды ұсынамын. Бұл жалғаулар «кімнің ұрпағы?», «кімнен тараған?», «тегі қандай?» деген сұрақтарға толығымен жауап беріп, ұлтымыз қазақ екенімізді айқын көрсетіп тұрады. Біз құтыла алмай жүрген «ов», «ев», «ин» аффикс­терінен еш жері кем емес. «Швили», мысалға, еке есе ұзын.

Ұлттық маңызы бар аты-жөніміз туралы мәселені отыз жыл бойы шеше алмай жүргеніміз – елдігімізге сын. Дулат Исабеков жоғарыда айтылған сұхбатын 2008 жылы мамыр айында, яғни осыдан 13 жыл бұрын берген. Бірақ Исабеков әлі Исабеков, Жұмабеков әлі Жұмабеков.

«Ештен кеш жақсы». Ұсынысымды қолдауға шақырамын. Құлағымыз үйренеді. Ұлты қазақ азаматтар­дың тегі мен әкесінің атын жазу мәселе­сін түбегейлі шешу үшін мынадай ұсы­нысым бар: мемлекеттік деңгейде арнайы жұмыс тобы құрылса, жұмыс тобы­ның құрамына ғалымдар, ақын-жазу­шылар, мемлекеттік, коғамдық орган­дардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері шақырылса. Жұмыс тобы ұлты қазақ азаматтардың тегін (өз аты және әкесінің аты сұрақ тудыр­майды) жазуға байланысты жаңа ресми құжаттың жобасын әзір­лесе. Сонымен қатар жұмыс тобы қол­­даныс­тағы заңнамаға өзгерістер, толық­тырулар мен қосымшалар әзір­леуге бастамашы болса.

Үніме құлақ асасыздар ма, ағайын, қоғам, мемлекет?

 

Оңалсын ЖҰМАБЕКОВ,

Мемлекет және қоғам қайраткері