Әдебиет • 19 Мамыр, 2021

Адам жүрегі дегеніміз не нәрсе?

1114 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Гете биіктен қорқатын болған, бұл кәдімгі фобияға айналған, алайда жиырма төрт жасында жарық көріп, оған бүкіләлемдік даңқ сыйлаған, бір жылдың ішінде Еуропа халықтарының тілінен бөлек, теңіз асып, қытай тіліне де аударылып үлгерген, оны шығармашылық адамы ретінде сонша биікке көтерген «Жас Вертердің жан азабы» романының даңқы мен дақпырты оны қорқытқан жоқ, керісінше ойландырды. Ол шын мәнінде таңғалды. Неге бұлай? Жас Вертердің сезімі, құмарлығы, қайғысы мен қасіреті, азабы мен мехнаты, қорқынышы мен үрейі, бозбалаға тән болмашы босаңдығы мен тағдыршешті шешімі, күйгелектігі мен алаңғасарлығы адамдарды неге сонша толқытты, тебірентті, толғандырды, абыржытты?

Адам жүрегі дегеніміз  не нәрсе?

Неге бұл роман он сегізінші ғасырдағы Еуропада көптеген адамның өз-өзіне қол жұм­сауына себеп болды? Қазір пси­хология мен әлеуметтану ғы­лымында «Вертер эффектісі» аталатын синдром бар. Ол махаббат құрбанына айналған жас жігіттерге қатысты айтылады.

Гетенің өмір сүрген уақы­тында оны ешкім де оның ең ұлы шығармасы және әлем әдебиетіндегі негізгі он шығар­маның бірі атанған «Фаустың» авторы ретінде білген жоқ, та­ныған жоқ. Себебі бозбала ша­ғында басталып, алпыс жыл бойы жазылған «Фаустың» то­лық нұсқасы ақын өмірден өт­кеннен кейін ғана жарық көрді.
Ал жиырманың үстінде жа­зылған «жас Вертердің жан аза­бы» оған атақ та, абырой да, та­нымалдылық пен байлық та алып келді. Гетенің өзі оны «дер уағында жазылған шығарма» деп атады. Автобиографиясында ақын: «Менің бұл кітабымның әсері сұмдық болды, тіпті орасан зор ықпал етті, неге десеңіз, ол дер шағында жазылды. Тұтанған бір ғана білтенің үлкен жарылыс тудыратыны сияқты, оқырмандар арасында бұл шығармам дүмпу жасады, өйткені біздің мынау жас әлем өзінің тамырын өзі қаза бастаған еді» дейді.
Біздің тамыр деп атап отыр­ға­нымыз ортағасырдағы феодал­дық, дворяндық, монархиялық Еуропаның шайқала бастаған іргетасы еді.

Еуропа үлкен өзгерістерге іштей дайындала бастаған. Ре­во­люциялардың пісіп, жетіле бас­таған шағы. Гете осы кезде «Уақыт бір орында тұрмайды, өмір үздіксіз өркендей береді, адамдар арасындағы қарым-қатынастар да әрбір елу жыл сайын құбылып тұрады. 1880 жылы үлгілі көрінген тәртіп 1850 жылы құрдымға жіберуі әбден мүмкін» дейді. Гете жазу үстеліне отырған кезде алдына шіріген алма қойып қоятын болған. Ақынның бұл қылығы бір қарағанда түсініксіз болуы да мүмкін, алайда ас­тарына үңілсек, одан автор фео­­да­лизмнің, қартайған, қа­жы­ған ескіліктің бейнесін кө­ретінін де аңғарамыз. Мысалы, сүйгеніне қолы жетпей, өзіне өзі қол жұмсаған ақын Бернияз Күлеевтің қазасына жазған сө­зінде Мағжан Жұмабаев «сен өзіңді өлтірген жоқсың, сені біз өлтірдік» дейтіні бар еді ғой, жас Вертердің образына қарағанда да біз шеңберлер мен шаблондардан шыққысы келіп бұлқынған жас өмірдің рухын көреміз. Еуро­паны таң қалдырған да әрі есінен тандырған да осы Вертер образындағы жас өмірдің рухы еді. Оның жанқиярлығы мен жанкештілігі, әлсіздік болып көрінетін әсіре асқақ еркіндігі. Оның өз идеалы үшін өлімнен де қорықпауы еді.

Дәл сол кезде Францияның бір бұрышында жас Наполеон «Жас Вертердің жан азабын» жастығының астына қойып оқып жүрді. Тіпті кейін оны өзі­нің сәтсіз аяқталған Мысырға жорығында да жанынан тастаған жоқ. Ара­да жылдар өткенде алпыс жас­тағы ақынмен Бонапарттың кез­дескісі келеді. Әлемнің ессіз ер­кесіндей болып тұрған На­по­леон Бонапартпен әуелде ақын­ның кездесуге жүрексінгені де рас. 1808 жылдың қазан айын­­да ақыры екеуі кездеседі. Бо­напарт ақынды көрген бетте: «Адам деген осындай болуы керек!» деп айқай салған дейді. Сол жерде ол жас Вертерді жеті рет оқығанын, жаттап та ал­ғанын, оның көзқарастарының қа­лыптасуына да осы кітаптың белгілі бір дәрежеде әсер еткенін жасырмай айтады. Тіпті кейбір тұстары жөнінде автормен пікір­таласқа барады.

Бұл кезең Еуропа әдебиетінде сенти­ментализм әдісінің өр­кен жайған тұсы болатын. Ағар­тушылық дәуірінің бір бел­гі­сіндей болған сентиментализм адам – табиғат перзенті, сон­­дықтан сезімталдылық пен та­би­ғи құндылықтар оның негізгі болмысы деп таныған. Оқиғаны бірінші жақтан баяндау, оны хат арқылы жеткізу, сезімге басымдық беру, суық ақылға емес, жүрекке бағыну, кейіпкер әлсіздігін мықтылығы ретінде көрсету сентиментализм авторларына тән тәсіл еді.

Әлемнің қолына көз жасын сүртетін беторамал ұстат­қан, серілерді сергелдеңге тү­сіріп, сұлулардың сүрмесін сүрт­кізген бұл роман жастық рухының жойқын даусындай дүниенің құлағын ғасыр бойы шыңылдатып тұрғаны да өзінше қызық.

Қартайған шағында Гете «Мен адамдарды ақыл-естен тан­дырардай бұдан да асқан жаңа «Вертерді» жазар едім» дейді. Бірақ ол Вертерді емес, «Фаусты» жазды.
Гете бүкіл өмірінде «Вер­терді» екі рет қана оқығанын ай­­тады және шығармаларынан оқып беруін өтінген замандас­та­рына ешқашан «Вертерден» үзінді оқымаған екен.
Осы тұста сұрақ туады: неге ол бұл романынан сонша қаш­қақ­тайды, неге көңілі тол­маған сыңай танытады?
Мәселенің мәнісі мынада жат­қандай. Қартайған Гете «Вертер» жайлы айта келіп, «Вертер – бұл ерекше жаратылыс, бірқазан секілді оны өз жүрегімнің қаны­мен қоректендірдім», дейді. «Вертер» әрине, ақынның авто­био­графиялық романы емес, алайда Вертер образынан, іс-әрекетінен, мінез-құлқынан, та­лайы мен таңдауынан, оның өз сезімінен қашып, ел кезіп, қыз­мет қуып кетуінен Гетенің жас­тық шағын көреміз.

Оқымыстылар отбасында өмір­ге келген Гете әкесінің жұ­мыс бөлмесіне еңбектеп кірген сәтте екі мың кітаптың ортасы­на түседі. Оның балалық ша­ғы сол кітаптарды оқумен, бір­не­ше тіл үйренумен, әрбір үл­кен әулеттен шыққандар білуі тиіс өнер түрлерін меңгерумен өтеді. Әкесі жас Гетенің мойны­на өзі жете алмаған армандар мен мақсаттарды артады. Тіпті өлең жазуды да әкесі үйретеді. Гетені адвокаттың оқуына бе­реді. Ал жас күнінен алғыр, бі­рақ аурушаң, сезімтал әрі бай­қампаз, еркіндікке құштар болып өскен Гете он төрт жасында Гретхен есімді қызға ғашық болады. Мұны біліп қойған әкесі Гетені қатаң жазалайды, ғашық бозбала тіпті «өлемін» дегенге дейін барады. Бұл – ақынның алғашқы сәтсіз әрі аяулы махаббаты. Одан кейін Гете бірнеше сұлуға ғашық болады. Өзі сүйген сұлулардың барлығына арнап өлең жазады. Және бір ерекше айта кетерлік махаббат хикаясы – Фридерика Брион есімді қыз­ға деген сезімі. Қыз Гетені ессіз сүйеді, бірақ ақын артынша қызды тастап, өнер бастап, нақты айтқанда, қашып кетеді. Байғұс қыз содан кейін тұйықталып, еш­қашан тұрмысқа шықпай, ақы­ры кедейлікте, жалғыздықта көз жұмады. Гетенің ол қызға деген се­зімі жайлы «Фридерикаға» деген өлеңдерін оқуға болады. Заң­ды оқып, құқықты меңгеріп, іс-тәжірибеден өтіп жүрген Гете Вецлар қаласына келеді. Сол қалада Иерузалем есімді жігітпен танысады. Ол жігіт Лотта Буфф есімді бір қызға ессіз ғашық еді. Лоттаны Гете де ұнатып қалады. Тіпті ғашықтық сезімін білдіреді. Бірақ Лотта ақын сезімін жауап­сыз қалдырады. Оның үстіне Шарлотта Гетенің жақсы қарым-қа­тынастағы сыйлас әрі сырлас досы, қызметтегі Иоганн Кес­т­нердің қалыңдығы болатын. Әрі содан ұялған, намыстанған, әрі бұл сезімнің шырмауынан шық­қысы келген ақын қаладан бас­қа жаққа кетіп қалады. Кестнер Гетеге Шарлоттамен байласқан сертін достың көңілі үшін бұзуға даяр екенін де жеткізеді. Бірақ есесіне ақынға сол қаладан қыз­мет ұсынбақ болады. Өзінің шек­сіз еркіндігін мұндай жолмен бұғаулағысы келмеген ақын сезі­мінен де, достың ұсынысынан да бас тартады. Франкфуртқа кетіп қалады. Артынша-ақ екі жыл­дан соң ақынға Иерузалем деген жігіттің қайтыс болғаны жай­лы хабар жетеді. Ол махаббат құрбанына айналады. Осыны естіген ақын ерекше тебіренеді, қайғырады.
Осы тебіреніс пен қайғы әде­­биетке «Жас Вертердің жан азабын» алып келеді. Романды ақ­панда бастап, сол көктемде аяқ­тайды.

Міне, бұл романдағы Вертер­дің образының артында бір ғана Карл Вильгелм Иерузалем және өзінің, ал Шарлотта образының артында – Шарлотта Буфф бей­несі ғана тұрған жоқ, мұнда барлығы жиынтық образдар. Гетенің өзі де айтқандай, 1774 жыл­ға дейінгі өмірінде болған бұлқыныстар мен талпыныс­тар, ғашықтық хикаялары мен баянсыз махаббат оқиғалары, сезімнен қорқу мен сезімнен қашу, достық пен сатқындық, бай­лық пен кедейлік жайлары жатыр.

Кедей отбасынан шыққан Вертер, өз ізденістері мен білім­құ­марлығының, поэзия мен сурет өнеріне құштарлығының арқасында ел қатарына қосылып, өмір сүріп жатады. Бірақ бір күні кінәздік амтманның үлкен қызы Шарлоттаны көруі оның өмірін түбегейлі өзгертеді. Қағылез де елгезек, парасатты да көркем қыз Вертер жүрегін жаулап алады. Достық сезімнен басталған жүрек құштарлығы ұлы махаббатқа ұласады. Алайда Шарлоттаның атастырылып қойған жігіті бар еді. Бір күні Альберт қалаға ора­лады. Осы оқиғадан кейін Вер­­тер басқа қалаға кетіп, жаңа өмір бастамаққа ұмтылады. Бірақ жүрек құрғыр көнсін бе? Шар­лоттаға деген ынтызарлық ырық­сыз қайтадан алып келеді. Ақы­ры баянсыз махаббаттан Вертер өзіне қол жұмсайды. Романның қысқаша фабуласы осы.

Роман Вертердің досы Виль­гельмге қойған сұрағынан бас­талушы еді ғой: «Қымбатты досым, сен айтшы, адам жүрегі дегеніміз не нәрсе өзі?». Бүкіл романның өне бойында осы сұрақ тұрады.
Адам жүрегі дегеніміз не нәр­се? Неге ол ақылға бағынбайды? Неге ол күйіп тұрып тоңады, тоңып тұрып күйеді? Неге ол сүй­мейтін адамды сүйеді? Неге ол кеудеңнен бұлқынып шығып, өз өмірін сүргісі келеді? Неге ол тас емес? Неге ол құс емес? Неге ол ауырады?