Білім • 19 Мамыр, 2021

Алғашқы ұстаз ізімен

683 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ даласына білімнің шамшырағын жаққан алғашқы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің «Бізге жақсы мұғалім бәрінен қымбат. Өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», деген кемеңгер ойы өз мәнін жоғалтқан жоқ, уақыт көшіндегі жаңғыру мен жаһандануға апарар білім жолында өзгермес қағидаға айналды. Заман талабына сай, жаңашыл көзқарастағы кәсіби маман даярлап, оның құзыреттілігін қалыптастыруда оқытудың озық технологиялары мен педагогикалық іс-тәжірибелер жетістігін алға тартқанымызбен негізгі басымдықты ұлы ағартушы-педагог идеяларымен үндестікте, тікелей сабақтастықта жалғастырып келеміз.

Алғашқы ұстаз ізімен

Торғай аймағындағы білімнің қара шаңы­ра­ғы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педа­го­гикалық институты ҚазКСР Министрлер Ке­ңе­сінің қау­лы­сымен 1972 жылы ашылған бо­латын. Бастапқыда материалдық базасы да, ор­наласқан ғимараты да жоғары оқу орнына қойылатын талаптарға сай келе бермейтін. Алайда институтқа сол кездегі кеңестік одақтас республикалардан шақырылған профессор-оқытушылар құ­рамы жанкештілікпен еңбек етіп, институттың білікті білім ордасына ай­на­­луына зор ықпал жасады. Бұл күнде жар­ты ғасырлық кезеңді бастан өткерген білім ошағы аймақтың ғылыми, жаңашыл және әлеуметтік-мәдени орталығы болып қалыптасты.

Кез келген мемлекет үшін білім мен ғылымды дамыту аса маңызды. Қазақ­станда бұл саланы ілгерілету – мем­ле­кеттік саясаттың басты тетік­терінің бірі. Әсіресе педагог мамандар даяр­лау, олар­дың бәсекеге қабілеттілігіне күш салу – ауқымды қызмет. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Біз қазіргі заман­ның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек. Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. «Жеті түрлі ілім беретін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті», деп айқындаған білім беру сапасы жолында жан-жақты ізденістер мен тың өзгерістер жасалуда. Аталған міндеттер біздің жо­ға­ры оқу орнының стратегиялық ба­ғы­ты­мен сәйкес келеді.

Білім беру үдерісін материалдық-техникалық жабдықтауда жоғары оқу ор­нының қол жеткізген көрсеткіштері тұрақты даму кепілдігінің сипаты және сапаны қамтамасыз ету факторы болып табылады.
Қазіргі білім беру ортасы тек оқу үдерісі емес, білім беру ұйымының заманауи жабдықталған жүйесі, оқытудағы сандық ресурстарды қолда­ну­дың маңызы артуда. Институтта осы бағытта бірнеше кешен бар, соның ішінде робототехника кабинеті құрылған. Бұл студенттердің интеллектуалдық дамуын ғана емес, сондай-ақ мектеп оқушыларына робототехника курсы бойынша сапалы білім беру мақсатын да көздейді. Robotics кабинеті қазіргі заманғы Arduino аппараттық бағдарламалық құралымен және Fischertechnik Advanced конструкторымен жабдықталған.


Біздің базамызда психологиялық-педаго­гикалық кешен негізінде инклю­зив­­ті білім беру орталығы бар. Аталған орталық арқылы жоғары оқу орнына дейінгі дайындық және мүмкіндігі шектеулі талапкерлер мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарға кәсіп­тік бағдар беру жұмыстары, өңірдегі мек­теп мұғалімдерінің инклюзивті білім беру­ден біліктілікті арттыру курсынан өтуі қарастырылған.
Қоғамның даму динамикасы мен сапалық өзгерістеріне байланысты жо­ға­ры білім беру жүйесін трансформациялау үрдісі жүріп жатыр. Мұндай реформалар барысында мәселені бір жақты шешіп қоймай уақыт талап еткен мәсе­ле­лерге байланысты нақты әрекет ету, стра­те­гия­лық бағыт бойынша тиімді қа­дам жасау қажет.

Біздің институт – Қазақстандағы ірі маман­дан­дырылған білім беру ұйымы. Педагогикалық кадрларды даярлаудың жеті бағытын қамтитын бакалавриаттың 29 білім беру бағдарламасы бойынша оқу процесін жүргізеді. Оқу орны орналасқан өңірдің білім беру жүйесін тұрақты дамыту мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға күш салу, шағын жинақты мектептерде педагог мамандардың жетіспеушілігін болдырмау мақсатында қосарланған білім беру бағ­дар­ла­малары іске асырылуда. Осындай бағытта қарас­тырылған тиімді жоба – дуалды оқыту бағдарламасы. Бүгінде дуалдық оқыту жүйесін қолдану тәжірибесі оқытудың дәстүрлі түрлері мен әдістерінің негізгі кемшілігін – тео­рия мен тәжірибенің арасындағы алшақтықты жояды. Студенттер жұмыс ор­нында қызметтік міндеттерді орындауда білім сапасы мен дағ­ды­ның тікелей байланыстылығын сезінсе, жұмыс беру­ші­лер өздеріне қажетті мамандарды қам­ту мәселесін шешеді.
Мұғалімнің кәсіптік құзыреттілігіне қойылар жаңа талаптарға сәйкесті педагогтарды даярлауды жетілдіруге бағыт­тал­ған «Биология», «Химия және биология», «Ағылшын тілі» көптілді білім бағ­дарламалары жүзеге асырылуда.

Ұлттық рейтингтерде біздің «Мек­теп­ке де­йінгі оқыту және тәрбиелеу», «Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі», «Математика», «Педагогика және психология» сияқты білім бағ­дар­ла­малары республикадағы педаго­ги­калық жоғары оқу орындары арасында бағалауға қатысқандар ішінен алғашқы үштіктер сапын түзейді.
Еңбек нарығындағы түлектерге деген сұра­ныс­тың болуы, жұмыс берушілердің қанағат­тану дәрежесі – мамандарды даярлау сапасының объективті көрсеткіші әрі институт қызметінің нәтижелілігін танытатын негізгі фактор. Біздің түлектеріміз тек Арқалық қаласы мен Қостанай облысы аумағында ғана емес, республиканың барлық аймақтарында жемісті еңбек етіп жүр.

Қазіргі заманғы білім беру ұйымының бәсе­кеге қабілеттілігінің маңызды шарты – жо­ғары білікті оқытушылар құра­мын қалып­тас­тыру. Институттың тұрақ­ты дамуының басты өлшемдерінің бірі ретінде кадрлардың білік­тілігін артты­руға ерекше назар аударылады. Қыз­мет­­керлердің кәсібилігі мен бәсекеге қабі­лет­тілігін жүйелі түрде жетілдіру тәжірибесі енгі­зілген.

Ұжымдағы профессор-оқытушылар құра­мы­ның әлеуметтік-тұрмыстық жағ­да­йын жақсарту – маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта өткен оқу жылында айлық жалақы екі мәрте көтерілді. Алдағы 1 қыркүйектен бастап профессор-оқытушылар құрамының ең төменгі айлық жалақысын 200 мың теңгеге дейін көтеру жос­парланып отыр. Бұл жұмыстар педагог ма­ман­дардың көңіл-күйіне, сапалы білім беруіне мүм­кін­дік жасайды.
Барлық мүмкіндіктерді қолдана отырып 2025 жылға қарай еліміздегі педа­го­гикалық білім берудің көш­бас­шы­сы, ел дамуының қуатты драйвері болуды көздейтін стратегиялық мақсаттарды қойып отырмыз. Ол үшін басқару жүйесін жаңғырту және кадрлық әлеуетті дамыту, педагогтарды даярлау жүйесін трансформациялау, жоғары оқу орнының имиджін ілгерілету, жалпы қаржылық құрылымда маркетингтік шешімдерден кірістерді ұлғайту, әлеуметтік және азаматтық жауап­кершілікті қалыптастыру үшін оңтай­лы жағдайларды дамыту, институт да­муының экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету тәрізді басымдықтарды жан-жақты зерделеудеміз.

Педагогикалық институттың аймақ­тық білім беру жүйесімен бірлескен даму бағ­дар­ла­ма­сының мақсаты айқын. Арқалық қаласының инновациялық үде­рісі мен әлеуметтік дамуына ай­тар­лықтай үлес қосып, қала, аймақ хал­қының руханиятына ғылыми-әдіс­те­мелік тұрғыдан қолдау көрсетуді жал­­ғастырады. Ағартушылық-мәдени бағыт­тағы іс-шараларды дамытып, оның ішінде институтқа есімі берілген алғашқы ұстаз Ы.Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына арналған кешенді жұ­мыс­тардың мазмұны мен маңызын насихаттау қарқынды жүргізіліп жатыр. Институттың елу жылдық мерейтойын тиісті деңгейде ұйымдастырып, оқу ордасының жарты ғасырлық тарихында қол жеткен табыстарды әлеуметпен бөлісіп, болашаққа жасалған қуатты жоспармен таныстырмақ ниеттеміз.

 

Сейтбек ҚУАНЫШБАЕВ,

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының басқарма төрағасы – ректоры