Сарапшылардың сөзінше, бұл – тек жаңа жылға дейін төленген келісімшарттар нәтижесінің көрсеткіштері. Ал 2021 жылдың астығы туралы қандай келісімдер жасалатыны жөнінде мәліметтер әлі жариялана қойған жоқ. Демек биыл қазақ ұнының дәмін қандай елдер көретіні әзірше белгісіз. Ауған нарығы Қазақстан ұнымен толықты да, пәкістандықтарды бұл нарықтан ығыстырып шығарғаны белгілі. Бірақ сарапшылар әлемдік нарықта ұн бағасы қымбаттаса, Пәкістанның экспорттаушылары қайтадан на-
рыққа кіріп, Қазақстан ұлғайтқан астық мөлшерін жоғалтуы мүмкін екенін айтып жатыр. Себебі экспорттаушы елдің бір ғана нарыққа тәуелді болуы құптарлық фактор емес.
Қазақстанның астық өңдеушілер одағының президенті Евгений Ганның айтуынша, ұн экспорты бірнеше жылдан бері тұрақты түрде төмендеп келеді. Салаға ең бірінші соққы астықты тасымалдау тарифінің көтерілуі болғанын айтқан сарапшы өз өнімін өткізудің өзге жолын өз бетінше іздестіруді және Орталық Азия нарығына ерекше назар аударуды ұсынады.
Орталық Азия осыған дейін де қазақстандық ұн экспортталып жүрген нарық екенін еске түсірген Е.Ган ұн мен астықтың бір-біріне бәсекелеске айналып шығуына осы фактор себеп болғанын айтады. 2018 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіш бойынша – 270,3 мың тонна, 2019 жылдың қаңтарында – 164,3 мың тонна, 2020 жылдың осы айында – 90,9 мың тонна, ал биылғы қаңтарда 68,4 мың тонна ұн экспортталған. Осы деректерден байқалғандай, 2016 жылдан бергі уақытта экспорттың көлемі 4 есеге азайған.
Е.Ганның айтуынша, бірнеше жыл бұрын экспорттық ұнның 75%-ы Өзбекстанға кететін. 2007 жылы Қазақстан Өзбекстанға 157 мың тонна астық және 732 мың тонна ұн экспорттасса, 2015 жылы 1 млн 405 мың тонна астық пен 818 мың тонна ұн жіберген. 2015 жылдан бастап, көрші елге бидай экспорты көлемі артып, ұн экспорты сәйкесінше кеміп кеткен. Сарапшылар бұл жағдайға Өзбекстанның тарифсіз шектеу шараларын кеңінен қолданғаны себеп болғанын айтып отыр. Таратып айтсақ, нақты өнім құнына 11% акцизді салық белгіленген. Тәжікстан да осы жолмен жүріп, ұн сатып алуды қысқартып, ал бидай импортын орташа есеппен жылына 50 мың тоннаға дейін ұлғайтып келеді. Тәжікстан да әртүрлі қосымша құн салығын белгіледі: ұнға – 18%, бидайға – 10%. Ал Қырғызстан импортталатын бидайға салынатын ҚҚС-ты мүлдем алып тастады.
Қазіргі кедергілерді өз күшімен еңсеруге кәсіпкерлердің шамасы келер емес. Себебі бидай-экспорттаушыларымыз сауда-саттыққа тарифтік емес шектеулер шараларын қолдана бастады. Бұл мәселелерді реттеу – мемлекеттік органдардың міндеті. Қазақстанның экспорттық саясатын дамытатын уақыт келгенін айтқан Е.Ган мемлекеттің экспортты қолдау және дамыту жүйесінде бидай, ұн экспорты ұстанымы барынша айқын көрсетілуі тиіс екенін ескертті. Осы тетіктер нақтыланбағандықтан, ұнды импорттаушылар тарифсіз реттеу шараларын да қолданып келді. Егер біз экспорттық саясатты сол елдердің саясатына қарай бейімдеп отырсақ, қолданып отырған қатал сауда шарттарына дәл солай жауап бере алады екенбіз.
«Ұн шығаратын кәсіпорындар көрші елдердің экспорттық өнімдеріне қатысты ұстанымына ықпал ете алмайды. Қазір осы сегментте тек Ауғанстан бағыты бойынша түсім түсіп жатыр. Ауғанстан Қазақстан үшін сенімді нарық емес екенін сарапшылардың бәрі айтады. Пәкістан да жоғары сұрыпты бидай өсіреді. Ауғанстанның ауыл шаруашылығы министрлігі елдің экпорттық әлеуетін арттыру және жүк айналымын ұлғайту үшін өз аумағында арнайы терминал салуды жоспарлап отыр. Соңғы жылдары Пәкістанның да бидай нарығындағы ұстанымы өзгерді. Өзбекстан да ұн өндірісіне ерекше назар аудара бастады. Мұның барлығы бізді бейқам отырудан сақтандыруы тиіс», деді Е.Ган.
Сондай-ақ ол «Агробизнес-2020» бағдарламасында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеп, экспортқа шығару туралы бір ауыз сөз жоқ екенін айтады. «Бізге бидай лоббилерінің экспорттық тәбетін шектеп, қайта өңдеу кәсіпорындарының санын көбейту керек. Ұн экспорты мәселесі бірінші орынға қойылуы тиіс. Бидайға және оны өңдеуге қатысты көп мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзіретіне кірмейді. Бізге экспортты үйлестіру орталығы қажет. Қазақстан экономикасының басым бөлігі шикізатты салаға бағытталған. Сондықтан мұндай орталықты құруды кешіктіруге болмайды», деді одақ жетекшісі.
Қазақстан әлемдік астық саудасы нарығында үздік елдердің қатарында болғанымен, ішкі пайда түсімі жағынан алда емес. Себебі әлемдік бидай нарығындағы жағдай Қазақстанның ұны мен бидайының бағасы егіннің бітік болуына байланысты болып тұрған жоқ. «Біз әлемдік деңгейдегі ойыншы емеспіз. Сондықтан бидай экспортын ұн экспортымен қатар жүргізу керек. Өзбектердің қазақ бидайына қатысты тарифті төмендетуін қазақ Үкіметі назарға алған жоқ», деді Е.Ган.
«Мутлу» ұн тарту компаниясының директоры Дос-Мұқасан Тәукебаев астықтың әрбір тоннасын өсіру үшін мемлекет қаншама дотация мен субсидия беретінін, жиынтығы миллиардтаған теңгеден асып кететінін еске түсірді. Бидай нарығы тұқымнан бастап ауыл шаруашылығы техникасын, химикаттарға дейін субсидияланады. Бірақ бидай қайта өңделмей, шикізат түрінде көрші елдерге экспортталады. Осыдан оншақты жыл бұрын ғана ішкі сұранысының 95 пайызын Қазақстанның ұнымен жабатын Тәжікстан да қазір қазақ бидайының күшімен ішкі нарықтағы ұнға деген қажеттілігін жауып отыр. Жұмсақ бидай мен қоспа бидай экспортын тежеп, орнына тек осыдан тартылған ұн ғана сататын болсақ, ұтатынымыз анық. Себебі Өзбекстан мен Тәжікстанда өсетін бидай қазақ бидайымен бәсекелес бола алмайды. Сондықтан сарапшылардың қазақ ұнының екі елге экспортталуын реттейтін мемлекетаралық арнайы заңнамалық құқығы бар келісімшарт керек деген пікірін қаперге алатын кез келді. «Әлемдік астық нарығы әлдеқашан бөліске түсіп қойғаны белгілі. Іргеміздегі өзбек экономикасы шикізаттық бағыттан бас тартып, дайын өнімдер экономикасына ден қойды. Мұны өзбек ұнымен көрші елдердің нарығына шыға бастағанынан байқаймыз. Өзбекстанның табиғаты жоғары сұрыпты бидай өсіруге қолайсыз. Демек, көрші елге қазақ бидайын экспорттаудан өзге жол жоқ. Халықаралық келісімдер бойынша бидай экспорттауды шектей алмаймыз. Егер бидай экспортына баж салығын көтерсек, жан-жағымыз бидайға емес, ұнымызға ден қояды. Алдағы уақытта бидай нарығында тағы да шикізат экспорттаушысына айналмаудың жалғыз жолы астық экспортына баж салығын көтеру», дейді сарапшы.
Осы ретте ДСҰ мүшесі ретінде шикізат экспортына тыйым салуға құқығымыз жоқ болса да, Ресейдің үлгісінде ЕАЭО-ға кірмейтін елдерге бидайға экспорттық баж салығын енгізуге құқымыз бар. Д.Тәукебаев баж салымы Ресей бюджетіне қаржы түсіріп жатқанын айтты. Мұндай тәсіл адал бәсекелестік тудырады. Сарапшы бізге де осындай қадамдарға бару қажеттігін, басқа жолдың қалмағанын қаперге салды. Себебі Өзбекстанның Қазақстанның өткізу нарығын өзіне тартып алуына жағдай туғызатын фактор жеткілікті. Айталық, электр энергиясының орташа киловаты Қазақстанда – 25 теңге, ал Өзбекстанда одан үш еседей арзан – 8 теңге. Қазақстанда 7 жылға берілетін несиенің жылдық мөлшерлемесі 14%-ды, Өзбекстанда – 15 жылға 4%-ды құрайды. Қазақстандағы ұн тарту кешендерінің көпшілігі елдің солтүстігінде немесе орталық бөлігінде орналасқан. Жылыту маусымы – 9 ай, бұл – үлкен коммуналдық шығын. «Ауғанстанға бидай жеткізу кезінде Өзбекстан аумағынан өтеміз, бір тонна ұн үшін 53 доллар төлейміз. Ал өзбек ұн өндірушілері ішкі тарифті пайдаланып 22 доллар төлейді. Біздің жеткізген ұнымыз өзбек ағайындармен салыстырған кезде қымбат болып шығады да, қазақ бидайынан дайындалған өзбек ұнының бәсі басым болып шыға келеді», деді Д.Тәукебаев.
Сарапшы осы ретте Өзбекстанда да, Ауғанстанда да ұн тартатын диірмендердің саны өсіп келе жатқанын жеткізді. 2018 жылы біздің ел көлемінде 350 ұн диірмені болса, қазір 260 диірмен қалған. Қалғандары өздерін банкрот деп жариялаған. Д.Тәукебаевтың пікірінше, бізді бұл тығырықтан бидай экспортына баж салығын салу ғана құтқаратын көрінеді. Мұндай жағдайда жұмысы тоқтап қалған диірмендер жұмыс істеп, қосымша жұмыс орындары ашылады. Барлық мемлекет ең алдымен отандық өнім өндірушілерге басымдық береді. Қазір 1 тонна астық – 215 доллар, ал ұнның тоннасы – 350 доллар. «Ұнды сату арқылы біз шетелге валюта түсімін шикізат саудасына қарағанда 1,5 есе көп қамтамасыз етеміз. Сонымен қатар, үш адам бір тонна астықты шетелге жөнелтуге жеткілікті. Ұнға келетін болсақ, тізбекте 150 адам жұмыс істейді. Нарықта ұн тарту кешендері көп болса, жемшөп базасы – астық қалдықтары да көбірек болады. Ет пен ферма қожалықтарының басқа да өнімдерінің бағасы осыған байланысты. Қазір 1 кило кебек – 66-67 теңге. Себебі ұн тарту компаниялары азайып кетті. Кәсіпорындардың 80%-ы тоқтап тұр», дейді Д.Тәукебаев.
Бірер жылдан бері қазақ ұнының Қытайға экспорттала бастағаны туралы ресми ақпараттар жариялана бастады. 2020 жылдың күзінде Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров 18 млн тонна астық жинау жоспарланғанын, оның 7-8 млн тоннасын шетелге шығару көзделгенін, әдеттегі экспорттаушы елдерден бөлек, Қытайға экспорт көлемі артатынын, экспорт бойынша негізгі серіктес елдер Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Иранмен бірге, Қытайға астық пен ұн экспорты көлемін арттыру жоспарланып отырғанын айтқан-ды.
Қытай нарығы ұн экспорты үшін қосымша тыныс алуға мүмкіндік беретінін айтқан Д.Тәукебаев онда өзге елден келетін өнімге кедендік салық төлемі қымбат екенін де қаперге салды. Қытайда ұнға 65% кедендік баж салығы салынады. Сонымен қатар, Қытайда ҚҚС тағы бар, оның көлемі – 11% немесе 35 доллар. Жалпы, шекарада біздің қазақ ұны 563 долларға дейін көтеріледі. Бақылау органдарының қызметі үшін әр тоннасына 5 доллар қосылады. Түсіру-тиеу және басқа да қосымша шығындарды қоса есептегенде, біздің ұн шекарада екі есе қымбаттайды. Әрі қарай ішкі Қытай нарығына жету, логистикалық шығындар үшін кем дегенде тағы 100 доллар кетеді. Содан кейінгі басқа үстеме баға және соңғы сатып алушыға қазақстандық ұнның тоннасы 900 доллар тұрады.
Ұнды Қытайға экспорттаудағы кедергілер жойылса, онда жұмыс істемейтін диірмендер жұмыс істей бастайтынын айтқан сарапшы мұндай жағдайда Қазақстан қазіргідей 2-3 млн емес, жылына 10-15 млн тонна бидай өңдей алатынын айтты. Мысалы, Қытайға ұн тасымалдау Ауғанстанға жеткізумен салыстырғанда арзан. «Алайда Қытайдың сапа бойынша қатаң талаптары бар. Жоғары сұрыпты ұнның ақтығы кемінде 74% болуы тиіс. Біздің ешқайсымызда мұндай параметрлер жоқ, біз бірінші сұрыпты сатамыз, оның ақтығы – 69%» дейді, Д.Тәукебаев.
2020 жылы пандемияға байланысты тоқтап қалған ұн экспорты жыл соңында қайта жандана бастады. Бірақ бұл жолы Қытай жағы ұн экспортында барлық сақтық шарасын қолдануға мәжбүр болып отыр. Тарқатып айтқанда, ұнның қандай жағдайда тарттырылатынын, қапталатынын және вагондарға қалай тиелетінін бейнежазбаға түсіріп, Қытайға жіберуді міндеттеп отыр. Қазақ жерінде түсірілген бейнежазба комиссияның тексерісінен өткен соң ғана ішкі нарыққа жіберілетін көрінеді. Д.Тәукебаев қазақстандық ұн әлемдік нарықта сұранысқа ие екеніне сенімді. Себебі біздің ұнның құрамында ақуыз көп – 12,5%, желімтегі 23-30%-ға дейін барады. Гендік-моди-фикацияланған қоспалардан ада.
Нарықты барлау барысында Қытай бойынша талдау жасағанын айтқан сарапшы аталған ел тұрғындарының 20 пайызы өте ауқатты адамдар екенін, олар сау ұрпақ өсіргісі келетінін, сондықтан ГМО мен қоспалары бар тағамнан барынша бас тартуға тырысатынын айтты. Мұндай жағдайда бірінші кезекте гендік модификациядан таза қазақ ұнына басымдық берілері даусыз. Себебі Қытайда соңғы жылдары түрік дәмханалары көптеп ашыла бастады. «Біз бірнеше рет Үкіметке Қытай нарығындағы жағдайды шешуге көмектесу туралы өтініш білдірдік. Біз көрші елміз және Қытай бізге өз тауарларының үлкен көлемін әкеледі. Бірақ біз олардың тауарларына 65% көлемінде кедендік баж салығы салынады деп ойламаймыз. Қазақстандық бидайдың 1 килограмы да шикізат күйінде сыртқа шығарылғанын қаламаймыз. Ұн, макарон өнімдерін және басқа нарыққа қосымша құны жоғары дайын өнім түрлерін сату қажет», деп түйіндеді Д.Тәукебаев.