Аймақтар • 19 Мамыр, 2021

Атырауда 60 адамды алдаған алаяқ ұсталды

410 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Қызылорда облысының тұрғыны «Теңіз кенішіне жұмысқа орналастырамын» деп 60-қа жуық адамның ақшасын алдап алған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда 60 адамды алдаған алаяқ ұсталды

«Жұмыс іздеп, ақшасынан қағылған тұрғындар алғашқыда жалған келісімшарт жасағанын білмеген. Себебі, алаяқтық қылмыс егжей-тегжейлі ұйымдастырылған. Оның дәлелі – жасалған төлемдерге берілген түбіртектер. 39 жастағы алаяқ азаматтардың 50 миллионнан астам теңгесін қалтасына басқан. Алданғандардың арасында атыраулықтардан бөлек Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе облыстарының тұрғындары да бар», деді облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Оның айтуынша, алаяқтық әрекетке барған күдікті бастапқыда «Talapker & Company» ЖШС-і арқылы жұмыс іздеп келген азаматтарға лайықты кеңсе іздеген. Сөйтіп, Құлсары қаласының Орталық ықшам ауданынан кеңсені жалға алған. Осылайша, өзінің қылмыстық пиғылын жүзеге асыру үшін бірнеше қызметкерді ешқандай келісімшартсыз жұмысқа алып, оларға қолма-қол жалақы төлеп отырған.

«Азаматтармен тікелей қарым-қатынас орнату үшін 47 және 29 жастағы екі танысын  пайдаланған. Келісімшарт үлгілерін көрсетіп, екеуіне әр тапқан адамы үшін ақша беретіне сендірген. Жұмысқа орналасу ақысы 150 000-450 000 теңге аралығын құраған. «Тalapker&Company» ЖШС-нің атқарушы басшысы алаяқтық әрекеті үшін сот үкімімен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды», дейді Қамза Үмбетқалиев.