Саясат жақсы жаққа өзгеріп жатқан жоқ. Бірқатар мемлекет әлеуметтік желіге қатысты ережелерді бекітіп жатыр. Мәселен, Үндістан үкіметі әлеуметтік желіде таңдау құқығына шектеу болмауы керек десе, Польша билігі Facebook әкімшілігін жазбаларды өшірмеуге шақырды. Ал Бразилияның президенті Джаир Болсонаро үкіметті әріптестері қабылдаған шараларды қайталаймын деп қорқытты. Олай деуіне Жоғарғы соттың президенттің әлеуметтік желідегі бірқатар жазбасын өшіру жөніндегі шешімі себеп болды.
Бұл тартысқа Бақылау кеңесі араласты. Құрылым Facebook-ке алдағы алты айдың ішінде Дональд Трамптың парақшасына қатысты шешім қабылдауды тапсырды. Бұрынғы президенттің желіге қайтып келуі немесе келмеуі – енді Facebook-тің құзырында. Дегенмен, Бақылау кеңесінің қаулысында саясаткерлер мен лауазымды тұлғалар әлеуметтік желіге жеңіл қарамауы керек деген ой білдірілді.
«Саяси көшбасшылар басқаларға қарағанда ойына келгенін бүкпесіз айту құқығына ие емес», деді Данияның бұрынғы үкімет басшысы, Бақылау кеңесінің төрағасы Хель Торнинг-Шмидт.
Ал шешім әлі қабылданбаса да, Facebook бірқатар мемлекетпен таласқа түсіп үлгерді. Әлем елдері саяси көшбасшылардың желідегі жауапкершілігін өздері ғана шектеуі керектігін алға тартады. Бақылау кеңесі саясаткерлердің керағар пікірлері мен көпшіліктің агрессиясын қоздыратын ойлары жаһандық платформадан өшірілуі тиіс деген ойда. Ал бұл талас Facebook пен әлемдік көшбасшылар арасындағы қатынасты нашарлатпаса, жақсартпасы анық.
Көбі америкалық технологиялық компанияның адам өмірінде алатын орны әсіреленіп, тым үлкен ауқымды иеленді деген пікірде. Сонымен қатар оның шешім қабылдаудағы әсері де сөз болды. Көшбасшылардың жақтастарымен тікелей байланыса алуы да көпшілік үшін қауіпті көрінеді. Түркия, Мексика сынды елдер кімнің не жазатынын әлеуметтік желі емес, саясаткерлер шешуі керек дейді.
Жалпы, бұл мәселенің көтерілгені кеше емес. Тек оның үлкен талқыға түсуіне Дональд Трамптың парақшасын бұғаттау түрткі болды. Бұл желіде кімнің қандай ой айтарын кім шешеді деген жанама сұрақ тудырды. Әлбетте, алпауыт елдер мұндай шешімді әлеуметтік желінің, нақты айтқанда, компаниялардың құзыретіне бергісі келмейді. Сондықтан да олар әлеуметтік платформаның жазбаларды өшіруіне қарсы. Кейбір әлеуметтанушылар мұндай реттеу болмаса, қоғамда агрессия пайда болады деген пікірін ортаға салады.
Құрамына адам құқықтары бойынша сарапшылар, ғалымдар мен бұрынғы саясаткерлер кіретін Бақылау кеңесі жақын арада әлемдік көшбасшылар мен олардың оқырмандарын жаңаша бақылайды деген болжам бар. Нақты айтқанда, енді ұйым саясаткерлердің оқырмандарына арнап жазғаны платформаның ережесін бұзып-бұзбайтынын жіті бақыламақ.
Британия үкімет басшысының бұрынғы орынбасары Ник Клегг сарапшылар ережелер дайындауда ешқандай тұжырымдамаға сүйенбей, негізге алуға тұрарлық ой айтпаған дейді. «Олар қабылдаған шешім жағдайды түзейді деп ойламаймын. Бір жағынан олар желідегі жазбаның саяси баяндамалардан бөлек нәрсе екенін түсінеді. Оның үстіне желі қолданушысы ретінде саясаткерлер басқалардан бөліп қаралмауы керек. Бұл әлі де зерттеуді қажет етеді», деді.
Бұл ақпараттық «соғыс» басқалардан бөлек болары анық. Өйткені Facebook державаларға қарсы келмек. Өткен аптада Ұлыбритания Парламенті әлеуметтік желіге қатысты заңды қарады. Ол заңда үлкен компаниялар желідегі заңсыз әрекеттерге қарсы шара қолданбаса, жауапқа тартылады деген жаңа норма бар. Сонымен қатар желіден жазбаның өшірілуіне қатысты оң пікір білдірді. Британдық саясаткерлер мұны демократия тұрғысынан дұрыс деп таныды.