Парламент • 20 Мамыр, 2021

Әкімдерді халық сайлайтын болады

435 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық Заңы қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әкімдерді халық сайлайтын болады

«Мемлекет басшысының өткен жылғы 1 қыркүйектегі жолдауының тапсырмасын іске асыру барысында еліміздегі аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауын енгізу мәселелері бойынша заң жобасы әзірленді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес біліктілік талаптарына сай келген және 25 жасқа толған еліміздің кез келген азаматы сайлана алады. Саяси партиялар мүшелері және сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1%-ына қол жинаған кандидаттар сайлауға түсе алады. Сайлау 40 күн бұрын жарияланады, ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн бұрын өтеді. Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарылады», деді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Сайлау өткізілгеннен кейін жеті күн ішінде аумақтық сайлау комиссиясы сайланған әкімді тіркейді, содан кейін ол өз өкілеттігіне кіріседі. Сайлау әкімдердің өкілеттік мерзімінің аяқталуына қарай жергілікті бюджет есебінен өткізіледі.

«Бюджет заңнамасының нормаларын ескере отырып, 2021-2022 жылдары қаржыландыру республикалық бюджеттен нысаналы трансферттермен, ал кейіннен 2023 жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен жалпы сипаттағы трансферт арқылы жүзеге асырылатын болады. Биылдың II жартыжылдығында тікелей сайлауды енгізуге – 4,8 млрд теңге қажет болады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 15 қаңтарда VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында берген тапсырмасына сәйкес, Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегі 7%-дан 5%-ға дейін төмендейді, сондай-ақ барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «барлығына қарсымын деген» графа қосылады», деді министр.

Министрдің айтуынша, осы заң жобасы әкімдерді тікелей халықтың сайлауына мүмкіндік береді. Ауыл әкімінің халықтың қажеттіліктері мен проблемаларына ден қою жеделдігін арттыруға, сондай-ақ «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе Заң да қабылданды.