Үкімет • 20 Мамыр, 2021

Павлодардағы әкімдер «айқасы»

345 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Павлодар облысындағы әкімдер дауы ушығып тұр. Ақсу қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов «менің үстімнен заңсыз қызметтік тексеру жүргізді» және «берілген сөгіс негізсіз» деп өңір басшысы Әбілқайыр Сқақовтың үстінен сотқа арыз берген.

Павлодардағы әкімдер «айқасы»

Нұржан Әшімбетовтің Ақсу қаласының әкімі болып тағайындалғанына небәрі төрт ай ғана болғанымен, қызметіне кіріскелі бері басынан дау-дамай арылмай келеді. Себебі әкім болып тағайындалғалы бері сөгіс те алып үлгерген, үстінен қызметтік тексеріс те жүргізілген. Тіпті облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов өзіне бағынғысы келмеген қызметкердің ісін өңірдің Әдеп жөніндегі кеңесінің қарауына жіберген.

Жақында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшелері Ақсу қаласының әкімі Нұржан Әшімбетовті және оның үстінен ұжымдық шағым түсірген қоластындағы мемлекеттік қыз­ме­ткерлердің ой-пікірлерін тыңдады. Ұжым­дық шағымда қоластындағылар қала әкімінің дөрекі, әдепсіз мінез-құлқын сынға алып, оны мемлекеттік қызметшінің этикасын бұзды деп айыптаған.

Ақсу қаласы әкімінің үстінен түскен арыз-шағымдарды зерделей келе, кеңес мүшелерінің жетеуі әкімді қызметінен босатуға, үш адам тәртіптік жаза ре­тінде ескерту жасауға, тағы біреуі сөгіс беру жөнінде дауыс берген. Бұл жөнін­де өңірдің әлеуметтік желідегі ресми па­рақ­шасында Мемлекеттік қызмет іс­тері агенттігі Павлодар облысы бойын­ша департаментінің баспасөз хатшысы Айнұр Сәдуақасова хабарлады. Баспасөз қызметкерінің мәлімдеуінше, Әдеп жөніндегі кеңес отырысының қоры­тын­дысы бойынша қала әкімін қызметінен босату туралы ұсыныс жасалған.

Кеңес мүшелері Ақсу қаласының басшы­сына қатысты ұсыныстарын онлайн өткен жиында ортаға салған. Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Ерназар Баянғазин Нұржан Әшімбетовтің Ақсу қаласының әкімі лауазымын атқаруға моральдық тұрғыдан құқы жоқ деген пікірін білдірді.

«Қала әкімі деңгейіндегі басшының мұндай мінез-құлық белгілері болған кезде бұл лауазымды атқаруға моральдық құқығы жоқ. Бұл – менің жеке пікірім. Сол себепті атқаратын лауазымына сәйкестігі туралы мәселені қарауды ұсынар едім», деді Ернар Баянғазин.

Әдеп жөніндегі кеңестің төраға­сы, Мемлекеттік қызмет істері агент­тігі Павлодар облысы бойынша депар­таментінің басшысы Ержан Қарымсақов жиын барысында қала әкімі мен оның қол астындағы қызметкерлер арасында сындарлы диалогтың болмағанын атап өтті.

«Біз барлық жауап берушілердің арасында қайтадан сауалдама жүргізіп, тексеру жасадық. Өйткені Нұржан Кемерұлы облыс әкімдігі тексеру жүргізу кезінде кейбір мемлекеттік қызметшілердің пікірі назардан тыс қалғаны, тыңдалмағаны туралы айтқан болатын. Сол себепті біз барлығы ашық, әрі объективті болуы үшін барлық қызметкердің түсіндірмелерін ал­дық. Қызметкерлер іс жүзінде факт бол­ға­нын көрсетіп берді. Сол себепті Нұржан Әшім­бетовтің әкім қызметінде одан әрі болуы орын­сыз деп санаймын», деді          Е.Қа­рым­сақов.

Ал Нұржан Әшімбетов Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында өзіне облыс әкімі берген сөгісті негізсіз деп санайтындығын айтқан. Ол өзіне облыс әкімі берген сөгіс заңсыз деп, оның үстінен сотқа арыз берген. Ал қала басшысының «менің үстімнен заңсыз қызметтік тексеру жүргізілді» деген талап-арызы сотта қабылданбаған. Енді Ақсу қаласының әкіміне сөгістің заңды, не заңсыз берілгенін  сот анықтайтын болады.