Оқиға • 21 Мамыр, 2021

Сапасыз құрылысты сап тыймақ

374 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің тұрғын үй блогы қайта ұйымдастырылып, үш еншілес компанияның біріктірілгені белгілі.

Сапасыз құрылысты сап тыймақ

Осыдан кейін нарықта жаңа ойыншы – тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы – «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ пайда болды. Енді, міне, бірыңғай оператор құрылыс салушылардың жауапкершілігін арттыруға ниетті. Ол үшін заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізуді көздеп отыр.

Бірыңғай оператордың міндетіне құрылыс пен оны дамыту ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар бойынша іске асырылған тұрғын үйді одан әрі басқару да кіреді. Ал биыл жыл соңына дейін елімізде шамамен 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынуы керек.

Бүгінде Қазақстан тұрғын үй компаниясының қоржынында ел бойынша 395 нысанда 22 мыңнан астам пәтер бар. Қайта ұйымдастыру кезінде олардың бір бөлігі «Бәйтерек девелопмент» АҚ-тан берілген болатын. Бұлар – құрылысындағы ақауларға қатысты шағым жиі айтылған әрі инженерлік олқылықтары көп проблемалық нысандар. Үйлердің көбінің кепілдік мерзімі өтіп кеткен. Жекелеген нысандар бойынша құрылыс салушылар қаржылық тұрғыдан дәрменсіз деп танылды немесе сот процесінен өтуде. Клиенттерге көмектесу үшін компания проблемаларды өз есебінен шешеді.

– Жақында Өскеменде құрылыс технологиясының сақталмауынан деформациялық жіктердің жарылуы болды. Қарағандыда мемлекеттік бағдарлама бойынша пайдалануға берілген үйлердің бірінде шатырға қатысты проблемалар бар. Жақын арада бізге берілген нысандарға ауқымды техникалық тексеру жүргізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені бұларға тұрғындар тарапынан шағым көп түседі. Әрбір нысан бойынша жеке шешім қабылданып, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады, – дейді «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ техникалық мониторинг департаментінің директоры Әділжан Қабылдин.

Болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін Қазақстан тұрғын үй компаниясы заңнамаға бірқатар түзету енгізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ құрылыс процесіне қатысушылардың барлығының жауапкершілігін қатаңдатуға баса мән берілмек. Бұдан бөлек кепілдік міндеттемелерінің мерзімін ұлғайту да жоспарда бар.

Бүгінде тұрғын үй құрылысы нысандары бойынша тіреу және қоршау конструкцияларына 10 жыл кепілдік беріледі. Инженерлік жабдыққа берілетін кепілдік мерзімі 3 жылды құрайды. Ал қалғандарына нысан пайдалануға берілген сәттен бастап бар болғаны 2 жыл ғана кепілдік ұсынылады. Пәтерлердің бәрі бірдей сатылып кетпейді. Сондықтан клиенттер кепілдік мерзімі өтіп кеткен пәтерлерді де сатып алып жүр.

– Біз клиенттеріміздің мүддесін қорғаймыз. Олардың көпшілігі – халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдар. Оның үстіне олар бұл тұрғын үйді ұзақ жылдар күтті әрі көптеген жыл бойы жалдау ақысын төлейді. Сондықтан құрылыс салушылардың салынып жатқан үйлерге ғана емес, оның одан кейінгі сапасына да жауап беруі маңызды, – дейді мониторинг департаментінің директоры.