Аймақтар • 21 Мамыр, 2021

Сырдария, саған не болды?

808 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Трансшекаралық суларды пайдалану соңғы жылдары Орталық Азиядағы түйінді проблемалардың біріне айналғаны белгілі. Тіпті осы мәселенің соңы қарулы қақтығысқа ұласуы мүмкін деген ертеректе айтылған болжамды жақында Қырғызстанның Баткеніндегі қырғыз-тәжік қақтығысы дәлелдеді.

Сырдария, саған не болды?

Ортақ судан үлес алсақ

Ортақ өзенді бірлесіп пайдалану бағытында жасалған келісімдер бар. Мысалы, 1998 жылы Қазақстан, Қыр­ғызстан және Өзбекстан арасында осындай келісім де қабылданды, оған кейінірек Тәжікстан мемлекеті де қосылған болатын. Алайда бұл құжат талаптары әлі күнге толық орындалған жоқ. Осының сал­дарынан сайын даланы көктей өтіп жат­қан Сырдың арыны тежеліп, жерден несібе терген жұрттың уайымын қалың­датып тұр.

Әрине, жұрттың бәрін тығырыққа тіреп отырған бүгінгі тапшылық бірден пайда бола қойған жоқ. Ең әуелі көршілес мемлекеттер өз аумақтарындағы су қоймаларын ирригациялық жүйеден энергетикалық мақсатқа бейімдей бастады. Одан бөлек, халықаралық заңдылықтарға қайшы болса да бір өзеннен үлес ала отырып, өз елдерінде бірнеше қойма салды. Су сағасында отырған ағайын бұл тарапта Қазақстанның келісімін де сұрауды артық көргенін тағы білеміз.

Екі мыңыншы жылы Шардара су қоймасынан Сырдария арнасына 12 149 млн текше метр су жі­бе­ріліпті. Содан кейінгі жылдары бұл көлем өсіп отырған, 2010 жылы тіпті 25 509 млн текше метрге жеткен. Соңғы 2-3 жылда көрсеткіш қайта төмендей бастапты. Былтыр Шардараның шарасынан бізге қарай босатылғаны 10 201 млн, оның облысқа жеткені 9 826 млн текше метр ғана.

Осы жылдары Қызылорда об­лысында егіс көлемі, әсіресе су­ды көп қажет ететін күріштіктер айтар­лықтай артқаны рас. Мысалы, осыдан 10 жыл бұрын Шиелі ауданы диқандары 8 400 гектарға күріш ексе, қазір 13 мың гектарға жуықтап отыр. Барлық ауданда да Сырдың брендіне айналған өнім егілген алқаптар ұлғайып барады.

Мемлекеттер арасындағы су бөлу келісімінің орындала бер­мей­тінін мынадан-ақ байқауға бола­ды. Мысалы, 2019 жылдың қара­шасында мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комис­сиясының Алматыда өткен 77-отырысында Шардараға түсетін су көлемі 12 млрд 375 млн текше метр болып белгіленгенімен, соның
9 млрд 963 млн текше метрі ғана келді. Келесі жылы өткен комис­сия басқосуында сәуір мен қыр­күйек аралығындағы бізге тиесілі су 6 млрд 441 млн текше метр бол­ғанымен, су қоймасына оның
49 пайызы ғана түскен.

Елбасының бастамасымен жү­зеге асқан «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңі­зінің солтүстік бөлігін сақтау» жо­ба­сының бірінші кезеңіндегі жұ­мыстар аясында Кіші Арал теңізі пайда болды. Алып айдын аймақ экожүйесінің жақсаруына әсер етіп, балық шаруашылығын да дамытуға серпін беріп отыр. Бірақ қазіргі су тапшылығы оның да келешегін көмескілендіріп тұрғанын жасырып қалуға болмайды. Осы Кіші Аралдың суы былтырғы тап­­шы­лық кезінде 5 млрд текше метрге азайған. Бұл – Шардара су қой­масындағы сумен бірдей көлем. Мамандар осылай жалғаса берсе, аз жылда теңіздің де табаны кө­рінетінін айтады.

Осыдан 21 жыл бұрын Аралға Сырдариядан 3 млрд 865 млн текше метр су барыпты. Одан кейінгі жылдары бұл көрсеткіштің еселеп өсе бергені байқалады. Бірақ өткен жылы күрт азайып, теңізге бар болғаны 1 млрд 659 млн текше метр су түскен.

Қазір облыстағы тиісті сала өкіл­дері дария арнасын бағып, су кө­лемін ұлғайтудың шарала­рын жа­сап-ақ жатыр. Арал-Сыр­да­­рия бассейндік инспекциясы, «Қаз­сушар» РМК облыстық филиалы, табиғи ресурстар және табиғат пай­далануды реттеу басқармасы өкіл­дері жағдайды ұдайы бақылап тұр.

– Сырдария өзенінің жоғар­ғы ағысында орналасқан су қойма­ларының энергетикалық режімге көшірілуіне байланысты Шардара су қоймасында қыс пен көктемде су молайып, жаз айларында межеден аз түсуі және соңғы жылдары келетін су көлемінің азаюы (2017 жылы – 23,1 млрд м3, 2018 жылы – 15,4 млрд м3, 2019 жылы – 14,6 млрд м3, 2020 жылы – 12,8 млрд м3) байқалады. Осының салдарынан өткен жылы Түркістан, Қызылорда облыстарының суар­малы егістігінде су жетпей, да­рияның төменгі ағысында орна­лас­қан көлдер жүйесіне, Арал теңізіне межеленген су түспей қал­ды. Бүгінде Шардара мен Көкса­рай су реттегішінде 5,8 млрд текше метр су жинақталып, вегетациялық кезеңде Түркістан, Қызылорда об­лыстарының суармалы егістігі және экологиялық қажеттіліктер үшін төменгі ағысқа секундына 590 текше метр су тасталуда, – дейді Арал-Сырдария бассейн­дік инспекциясының басшысы Сейіл­бек Нұрымбетов.

Су тапшылығына байланыс­ты инспекция тарапынан Су кодек­сінің 82-бабы талаптарына сәйкес экологиялық мұқтаждықты ескере отырып, бекітілген су пайдалану лимиттері қайта белгіленді. Жуырда ғана мемлекетаралық су ша­руашылығын үйлестіру комис­сиясының 80-ші отырысы өтіп, онда Орталық Азия елдерінің су жинау лимиттері және Нарын-Сыр­дария су қоймаларының вегета­циялық кезеңге арналған жұмыс режімдері бекітілді.

 

Күрішті қысқарту тығырықтан шығар жол емес

Жалпы, ауылшаруашылық өнім­­дерін әртараптандыру дүркін-дүр­кін көтеріліп, осы бағытта талай іс-шаралар ұйымдастырылғанын білеміз. Бірақ содан шыққан нәтиже шамалы болып тұр.

Тағы бір мәселе бар, осы күні тапшылықтан қиналмай шығудың бір жолы ретінде күріш алқаптарын қысқарту басталып кетті. Суды үнемдеуге септігі болады деген бұл бастаманың баянды боларына жергілікті ғалымдар да, ұзақ жыл шаруашылықта жұмыс істеген тәжірибелі мамандар да сенбейді.

– Осыдан 20-30 жыл бұрын күріш егілген алқаптардың біршама бөлігі бос қалған. Сол уақытта ин­женерлік жүйеге келтірілген көп­теген алқаптан айырылдық та қал­дық. Шеңгел мен жиде басып, соры бетіне шығып, жарамсыз жер­ге айналды. Қазір күріштен бас тарт­сақ, сол жағдай қайталанады. Біз осы өнім арқылы ғана жердің мелиоративтік жағдайын бір қа­лыпта ұстап тұрмыз, – дейді қоғам қайраткері Қожахмет Баймаханов. – Облыстың басты байлығы – ин­же­нерлік жүйеге келтірілген жері. Мұндай ауқымды алқап басқа бірде-бір облыста жоқ. Күрішті қыс­қар­ту – осы жерден айырылу деген сөз. Қазір облыстағы 120-дан астам ауыл­­дың күнкөріс көзі осы күрішке бай­­ланысты болып отырғандықтан, ор­тақ судан алар үлесімізді молайту жа­­ғын қарастыруымыз керек.

Күрішке сұраныс жыл сайын артпаса, кемімейді. Мысалы, қазір әлем бойынша жылына 730 млн тонна күріш өндіреді, жер жүзі халқының жалпы тұтынатыны бұдан әлдеқайда көп. Сондықтан егіс алдындағы су жағдайына қарай күріш алқабын шектеген дұрыс. Ал оны азайту дегеніңіз, елдің несібесіне қол салумен бірдей.

Су тапшылығының Сырдың экономикасымен қатар экология­сына да қатері көп. Бұрынғы дәр­мені қалмаған дария қазір адам да, мал да кешіп өтетіндей күйге түсті. Соңғы жылдары облыс аума­ғындағы 17 көлдің табаны қу тақырға айналып, бұрынғы мың­даған айдыннан қалған 200 көл­дің тең жартысы жарым-жарты­лай ғана толып тұр. Қамбаш секіл­ді ірі айдын соңғы 2 жылда жа­ға­лауы­нан едәуір жырақтап кет­ті. Осы мәсе­леге байланысты жер­гілікті «Ар­дагерлер дауысы» қоғамд­ық ұйымы Мемлекет басшы­сына хат жолдап отыр.

1993 жылы Қызылорда қала­сында Қазақстан, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан мен Түрік­мен­стан мемлекеттері басшыларының қа­­тысуымен өткен кездесуде қа­был­­данған трансшекаралық су қор­­ларын пайдаланудың мөлшері туралы келісім әлі күнге өз күшін жойған жоқ. Соған қарамастан, ортақ суды пайдалануда ұтылып отыр­ған тұсымыз көп.

Ардагерлер осыған байланыс­ты елімізде су ресустарының қауіп­сіздігін қалыптастыратын арнайы комиссия құрып, трансшекара­лық суды бөлу жөніндегі 1993 жылғы келісім талаптарының орын­­далуы­на күш салу қажеттігін ұсы­­нады. Сонымен қатар өзеннің жоғарғы арнасында Қазақстан­ның келісімінсіз су қоймаларын салу­ға жол бермеуге, «Сырдария өзе­ні­нің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін жеделдете жүзеге асыруға қол жеткізіп, Алматы қаласындағы Аралды құт­қарудың халықаралық қорын Арал қаласына көшіру керек.

– Дарияның суы да, мұңы да ортақ мемлекеттер өкілдерінен топ жасақтап, өзен бойын жаға­лап, ондағы қоймалар мен электр энергиясын өндіру мақсатында салынған құрылыстарды тексеру керек. Өзеннің төменгі сағасында қалыптасып отырған қазіргі жағ­дайды да көрсетуіміз қажет, – дейді шаруашылықта тәжірибе жинап, аудан, қала басқарған Қожахмет Мәдібайұлы. – Қазір егілген кү­рішті суға бастыратын кезең. Дәл осы кезде су ала алмасақ, онда ер­тең өнім болады деп үміттенудің жөні жоқ. Тым болмаса, осы кезде керекті көлемді алуға күш салуымыз керек еді. Орталық Азиядағы басқа мемлекеттерде осы салада арнайы министрлік құрылған, ал бізде олармен тең дәрежеде келіссөз жүргізе алатын қауқарлы құрылым жоқ.

Сонымен қыста толып, жазда солып ағатын Сырдарияның биыл­ғы ахуалы адам аярлықтай. Қайыры көрініп жатқан қайран өзеннің осы қалпында Аралға тамшысы барады деуге сену қиын. Ел арасында «бұл Сырдарияға не болды?» деген таңданыс аралас сауал көп. Аймақтың күретамыры саналатын өзеннің осындай күйін көзбен көрген жұрттың көңілінде алаң барын да жасырудың жөні жоқ.

Ал солықтап жатқан дарияға бір сәт тіл бітсе, «ей, адамдар, ары­нымды қолдан тежейтіндей сен­дерге мен не жаздым?» деп сұрай­тындай...

 

Қызылорда облысы