Елордадағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде Қазақстан Жастар конгресі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесіп қолға алған “Жастар – Қазақстан халқы бірлігі үшін” деген тақырыпта жалпыұлттық форум өз жұмысын бастады.
Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл шараның негізгі өзегі – жастардың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды мықтап сіңіру арқылы патриотизмді нығайту. Кеше, яғни форумның алғашқы күні “Ұрпақтар сабақтастығы” деген атпен жастардың еліміздің белді саясат және мәдениет қайраткерлерімен, зиялы қауым өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесуге көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Ғарифолла Есім мен Бекболат Тілеухан, Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков, профессор Рүстем Омаров қатысты.
Басқосу кезінде ұрпақтар сабақтастығын сақтау, рухани-адамгершілік құндылықтар, білім, өмірлік философия, қазақ халқының мәдени, тілдік ерекшеліктері төңірегінде пікір алмасылды. Мәселен, Ғарифолла Есім ұрпақтар сабақтастығы деген мәселенің айрықшы маңызға ие екендігіне тоқталды. “Біз – 20 ғасырдың адамдарымыз. Сол ғасырда өсіп, сол ғасырда тәрбиеленіп шықтық. Ал сендер 21 ғасырдың ұрпағысыңдар. Біз сендерге өз ғасырымыздың терезесінен қарап тұрмыз. Сондықтан, еліміздің, оның болашағының қандай болмағы, қандай арнаға түсетіні сендердің қолдарыңда. Бұл жерде ұрпақтар сабақтастығы деген де үлкен рөл атқарады. Егер, ұрпақтар сабақтастығы үзілсе, біз мүлде басқа арнаға кетіп қаламыз”, деген ойын жеткізді Сенат депутаты.
Бұл күні форумға қатысушылар “Құрылтай алаңы” деп аталған сұхбат алаңдарында да халықтың келешегімен біте қайнасатын күрделі мәселелер төңірегіндегі ойларымен бөлісуге мүмкіндік алды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.