Қоғам • 21 Мамыр, 2021

Антикор 42 іске әкімшілік хаттама толтырды

892 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл 5 сәуірден бастап ӘҚБтК-не енгізілген өзгерістерге сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке Кодекстің кейіннен соттар қарайтын 15 бап бойынша хаттамалар жасау арқылы әкімшілік істерді қозғау құқығы берілді, деп хабарлайды Egemen.kz

Антикор 42 іске әкімшілік хаттама толтырды

Қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және ескерту ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметіндегі басымдықтардың бірі – әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жолын кесу болып табылады.

Оның ішінде 6 сыбайлас жемқорлық баптары (ӘҚБтК-нің 676-681-баптары), кәсіпкерлік қызмет саласындағы 2 құрам ((ӘҚБтК-нің 154, 173-баптары) және мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын сондай-ақ әкімшілік немесе қылмыстық процестерді жүргізу кезіндегі бұзушылықтарға байланысты 7 құқық бұзушылық (ӘҚБтК-нің 658-662, 665, 667-баптары) бар.

Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде биылғы жылдың 17 мамырындағы жағдай бойынша 42 әкімшілік хаттама толтырылды, оның ішінде 34 хаттама сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтармен байланысты.

Олардың арасында:

14 – 676 – бап бойынша «Жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі»;

10 – 681 – бап бойынша «Бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдау»;

4 – 677-бап бойынша «Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның немесе оған теңестірілген адамның заңсыз материалдық сыйақы алуы» және 680-бап «мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы»;

2 – 154 – бап бойынша «кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынған адамның осындай қызметпен айналысуы», 173 – бап «лауазымды адамдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы», 665 – бап «прокурорға, тергеушіге және анықтау органына, сот орындаушысына, сот приставына келмеу» және 678 - бап бойынша «мемлекеттік билік институтына қол сұғатын заңсыз материалдық сыйақы беру»;

1 – 658 – бап «Куәнің айғақ беруден бас тартуы немесе жалтаруы» және 660-бап бойынша «Әкімшілік құқық бұзушылықты жасыру және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелерді бұрмалау».

41 тұлға әкімшілік жауапқа тартылды, оның ішінде 5-еуі облыстық маңызы бар басшылар, 3 – еуі аудандық және 1-еуі – қалалық.

Көп жағдайда әкімшілік жауапқа жергілікті атқарушы органдардың - 19, сондай-ақ мемлекеттік органдардың – 6 және құқық қорғау органдарының – 1 қызметкері мен жұмыскерлері тартылды.

Мысалы, ӘҚБтК-нің 681-бабына сәйкес бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адамдарды жұмысқа қабылдау фактілері бойынша Батыс Қазақстан облысының спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Есендияров, Ақмола облысының туризм басқармасының басшысы Ғабдуллин, Ақтөбе облысы Хромтау ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Якен әкімшілік жауапқа тартылды.

Олардың барлығына 50-ден 100 АЕК-ке дейін әкімшілік жаза тағайындалды.

ӘҚБтК–нің 676-бабына сәйкес жеке тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы беру бойынша:

- Павлодар облысында тірек–қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалтудың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының бас бухгалтері Абельдиновадан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жоғары тұрған басшысы Алтыбаеваға 10 мың теңге көлемінде заңсыз материалдық сыйақы және жалпы құны 3 600 теңге болатын кәмпит қорабы мен шарап бөтелкесі түріндегі сыйлық бергені үшін 100 АЕК мөлшерінде (291,7 мың теңге).

- Атырау облысында «Атырау облыстық ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясының» басшысы Бисенғалиевтан Комитет төрағасының міндетін атқарушы Нұртазинаға құны 10 мың теңге болатын балық өнімдері түріндегі заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін 100 АЕК (291,7 мың теңге) көлемінде айыппұлдар өндіріп алынды.

Осыған ұқсас фактілер Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында бар.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік материалдары бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 159,2 млн теңгені құрады, 154,3 млн теңге өндірілді.

Соттар 9 әкімшілік іс жүргізуді қарады.