– Қазақ сахнасына Бопай ханым бейнесінің шығуының өзі жаңалық болғаны анық. Театр әлемінде түрен салынбаған бұл тақырыпқа келуіңізге не себеп болды? Басқаша айтсақ, «Бопай ханымға» қалай келдіңіз?
– «Бопай ханым» елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұсынысы болды. Театрдың директоры болып тұрғанында Асхат Маемиров ұсынған еді. Бірақ ол кезде бірден келіскен жоқпын. Ойлануға мұрсат сұрадым. Тахауи Ахтановтың «Анты», Әбіш Кекілбайдың «Елең-алаң» романы Әбілқайыр хан туралы болғандықтан, аталған шығармаларда Бопай бейнесінің болуы заңды еді. Екі-үш жыл бұрын Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында Гүлсина Мерғалиеваның режиссерлігімен Светқали Нұржанның «Хан кегі» пьесасы да қойылған екен. Бір қарасаңыз аз жазылмаған тақырып. Бірден келісе қоймауымының себебі де сол еді. Бірақ Тахаң да, Әбіш аға да бұл тақырыптарды кеңестік дәуірде жазды. Жазылған тарихтың шындығынан бұрын, жазылмаған тарихтың сырына үңілуге рұқсат жоқ кезеңде аталған шығармалар жазылды. Қазақтың ауызша тарихы мен шежіресіне күмәнмен қарайтын дәуірде туды. Ал Светқали досым екеуміз Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірінде, тарихтың қиянаты ашылған, өз тарихымызды өзіміз айта алатын, тарихшыларымыздың зерттеулеріне жүгіне алатын дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Светқалидың ақындық болмысы да Бопайды таңдапты. Ал Бопай ханымды жазуды маған тағдырдың өзі ұсынған болар.
– Драматургияда Сарра, Фариза сынды әйелдер бейнесінің тамаша галереясын жасадыңыз. Бұл пьесаңыздың аталған жұмыстардан басты ерекшелігі яки артықшылығы неде деп ойлайсыз? Бопай бейнесін кескіндеуде ең әуелі тұлғаның нендей қасиеттеріне басымдық бердіңіз?
– Сарра – адамзат анасы, кемеңгер әйел, Ибраһим пайғамбардың жары. Ұрпақ аманаты алдындағы ұлы қадамның, сезім төңкерісінің иесі. Фәнилік қызғанышқа бой алдырып алып, содан құтылудың азабына шырмалған, тор ішінен ақиқат нұрын іздеген ананың бейнесі. Фариза – ақындық болмыстың жұмбағы. Сонау көне дәуірдегі Ханса сынды, біздің дәуірдегі Ақан сері сынды өнер тудырғандардың заңды ізбасары. Фариза – трагедиясымен бақытты тұлға. Оның трагедиясы – жеке өз басының трагедиясы емес, ақын табиғатының трагедиясы. «Құран мұңмен жазылған, мұңмен оқылады» дейді хадисте. Фаризаның шығармасынан да, табиғатынан да осы тереңдік есіп тұрады. Ал Бопай ханымға келсек, Бопай – күрделі кейіпкер, тарихи тұлға. Ол – Әбілқайыр ханның серіктесі, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада қолына найза ұстап, ханмен бірге ат үстінде күн кешкен күрескер. Әбілқайырды жан тәнімен сүйген адал жар. Әбілқайыр хан мерт болғаннан кейін оның орындалмаған арманы мен аманаты үшін күреске бел буған Бопай. Кіші Орда хандығының әлсіреген тұсында ел бірлігі үшін, жер бүтіндігі үшін, тақ-таласқа жол бергізбей хандықты сақтап қалуға күш салған Бопай ханым. Бопай – күрескер, Кіші Орда саясатын жүргізген дана, білім – парасатымен, ақыл-айласымен шыңыраудан жол салып, халық арасында «Бара қатын» деген атқа ие болған. Бұлт ішінен күн шығаруға ұмтылып, дербес хандық жолында, азаттық жолында күрескен ЕЛ АНАСЫ. Сол дәуірде хан мен сұлтанның, халық пен биліктің арасына сына қағылды. Қазақ хандығына қатер төнді. Сыртқы күштердің саяси текетірес ойыны, сұлтандарды бір-біріне айдап салуы хандықты күйретуге бағытталды. Осы тұстағы оның ғажайып саясаткерлігі, даналығы таң қалдырады. Бүгінгі қазақ қоғамын терең ойландыратын тақырып.
– Актерлік құрам қалай таңдалды? Рөл бекітуде сіздің көзқарасыңыз ескерілді ме? Әлде аталған процесс толықтай режиссер шешімінің нәтижесінде жүзеге асты ма?
– Иә, тағы бір айта кететін жайт – театрдың белді актрисасы Лейло-Бекназар-Ханинга менің барлық драмалық шығармаларымда ойнаған еді. Сонау «Мәңгілік бала бейнеден» бастап, «Сарра», «Фаризада» кейіпкерлер сомдады. Осы жолы өзіне арнайы пьеса жазғанымды қалады. Осындай жан-жақты, толыққанды ұсыныстың арқасында «Бопай ханым» жазылды. Бұл театрдың ерекшелігі – спектакльде ойнаған актерлер құрамы шетінен өңшең дүлдүл. Олардың әрқайсысына терең образ қажет. Әбілқайыр (Ержан Нұрымбет), Барақ сұлтан (Қуандық Қыстықбаев), Нұрәлі хан (Жанат Оспанов), Жұмбақ (Нұркен Өтеуілов), Неплюев (Ақыш Омар), Баян (Айнұр Бермұхамбетова), Шыңғыс (Әнуар Бектас), Билер (Болат Ыбыраев, Асхат Сұлтан, Жәнібек Мұсаев, Аманжол Молдахмет, Боранбай Молдабаев, Қасымхан Бұғыбай және т.б). Әртістерге мүмкіндік туды, сахнада таланттарымен арбасты, шеберліктерімен тайталасты, Актерлік шеберлік көрерменнің түйсігіндегі ғарышты оятады. Бұлармен режиссерге де, драматургтерге де жұмыс істеу – бақыт! Қазақтың талантты режиссері, Мәскеуден режиссерлік білім алған Жұлдызбек Жұманбай арнайы шақырылды. Оның әр рөлге соншалық махаббатпен қарауы, әр кейіпкердің табиғатына ерекше мән беруінің арқасында толыққанды дүние өмірге келді. Драматург пен режиссер тандемі болмаса, спектакль шықпайды. Мені режиссердің ізденісі қызықтырды.
– Осы уақытқа дейін сахнаға шыққан қойылымдарыңыздың барлығы дерлік қолтаңбасы айрықша жаңашыл ойлы режиссерлерге (Болат Атабаев, Гүлсина Мерғалиева, Фархат Молдағали, Жұлдызбек Жұманбай т.б) сеніп тапсырылыпты. Бұл сіздің қалауыңыз ба, әлде кездейсоқтық па?
– Менің шығармаларыма қатысты театр үнемі режиссер іздей бастайды. Қ.Қуанышбаев театрындағы екі пьесама да режиссерлер сырттан шақырылды: «Сарра» – режиссері Г.Мерғалиева, «Бопай ханым» – Ж.Жұманбай. Бұл енді менің шығармашылығыма деген театр басшылығының, актерлердің құрметі болар.
– Режиссер Жұлдызбек Жұманбай драматург ретіндегі ойыңызды, көңіл түкпіріндегі толғанысыңызды толыққанды сахнаға шығара алды ма? Әлде автор ретінде іште кеткен әттеген-айларыңыз бар ма?
– Әр режиссердің қолтаңбасы әртүрлі. Мысалы, «Мәңгілік бала бейнені» Болат Атабаевтан кейін он шақты режиссер қойған болар. Соның ішінде Болат Атабаевтың режиссерлігі, ізденісі ерекше дер едім. Болат пьеса ұнаса ғана, көтеретін тақырыпқа өзі де дайын болса ғана барады. Ол драматургті таңдамайды, шығарманы таңдайды. Оған талай классик ағаларымыз шығармасын қойдырғысы да келді, бірақ Атабаевтың талғамына дөп келе бермеген шығармалар да болғанын білемін.
– Заманауи драматургияда не маңызды деп ойлайсыз: шұрайлы тіл ме әлде сюжет (әрекет) пе?
– Меніңше ең әуелі КЕЙІПКЕР керек. Бір-біріне ұқсамайтын, бірін-бірі қайталамайтын түрлі образдар керек. Солардың шиеленісі, әрекеті керек. Осы құбылыстың сырын ашатын, кесек ойды жеткізетін мәуелі тіл керек. Сұлу сөзді сапырып, суға айналдыратын тіл емес, ақпараттық, телеграфтық тіл де емес, драматургияның тілі, ышқынып шығатын, жаныңды жарып жіберетін монолог, диалогты беру тәсілі болады. Осы керек! Іркес-тіркес сөз, қайталанатын ой мезі етеді. Сахнада сөздің өзінен гөрі құдіреті, әрекеті ойналуы керек. Актерді тұлпардай жарататын, делебесін қоздыратын, аптығын асыратын тілдің құдіреті екенін ұмытпау керек. Сол құлақ құрышыңды қандыратын тілде сөйлегісі келетін, сол тілдің әуенін сүйетін, мазмұнын ұғатын ұрпақты қалыптастыруымыз керек. Өйткені ол – Абайдың тілі. Абайдың тілін ұқпаған ұрпақ Абайды қалай ұқсын. Ал режиссер – сахна суреткері. Сахна қойылымының авторы.
– Бопай бейнесі арқылы бүгінгі қоғамға не айтқыңыз келді?
– Осыдан он шақты жыл бұрын сұхбаттарымда саяси тақырыптарға барғым келетінін талай айтып жүрдім. Алғаш рет Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Беласу» дипломатиялық очерктері қолыма түскенде қызығушылығым оянды. Ал «Нұр мен Көлеңкені» оқығанда үлкен саясаттың драмасын боямасыз көрдім. Әкім Таразидың: «Эпопея политических войн или энциклопедия дипломатических войн. Читается эта книга и как эпопея, и как энцикопедия. Чего стоит один только игрушечно-политический образ Березовского. Сарказм достойный Н.В.Гоголя» деген жазбасы бар. Дәл айтқан! Сол саяси драмалардың ұшқыны, қауіп пен қатерге тігілген аз ұлттардың алпауыт, айлакер ойыншылардан ұтылмау, құрбаны болмау, текетірестерден жол іздеу, елінің шебін қорғауда жанұшырған келіссөздер мен дипломатиялық шиеленістерді оқыдым. Ақыры Бопай ханымды жазуыма игі әсері болды деп ойлаймын. Мемлекет құру, оны мәңгілік сақтап қалу – жанкешті күрестен тұрады. Мен «Бопай ханым» арқылы бүгінгі күннің де өзекті мәселелерін қамтығым келді. Халық өткен тарихты көре отырып, бір сәт ойланып қалғандай болды. Менің де көздеген мақсатым осы еді.
– Сіздіңше, қазіргі қазақ әйелдері қандай болуы керек? Бопай ханымның қандай қасиеттерінен үлгі алса, адаспайды?
– Сізге бір қызық жайтты айта отырайын. Спектакль басталардан 10 минуттай ертерек келіп, көрермен залында отыр едім, соңымнан екі әйел ере кірді.
– Апа!-деді. Мен кеше де «Бопай ханымға» келгенмін. Спектакльден соң үйіме барып, күйеуіме дастарқан жайып, хош көніліммен қарсы алдым. Иығынан иіскеп, ұзақ өмір сүрші деп жалындым. Әрине ол таңырқады. «Бопай» спектаклін көргенімді айттым. Ол да бүгін спектакльді көруге келді. Балама ұрыспайтын болдым. «Қоя тұршы, бара тұршы!» деп тепсініп тұратын едім, оны да құшағыма қысып, мейірімге бөледім, әр сөзіне мән беріп, ұйып тыңдауға дағдыланамын», деп жатыр. Демек Бопай тек қана ханым емес, Нұрәлі, Ерәлі, Айшуақ сынды хандарға тәрбие берген ұлағатты ана. Спектакльдегі эпизодтар, штрихтердің өзі көрерменге ой салған екен.
Бопай – ұлы махаббат иесі. Сол махаббаты оны ел тілеуін бірге тілейтін, хандығының аманатын өз мойнына жүк етіп артқан, ел дербестігін аңсаған, білім мен пайымын сол жолға арнап баққан қазақтың ханымы. Ағайын арасынан жау іздеп, іріткі салғанды тыйып, билерінің даналығына арқа сүйеп, жол бастап, жөн сілтеген Бопай – әр қазақтың қызына үлгі болатын тұлға.
– Биыл еліміз үшін ұлық мейрам – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы. Ұлтымыз тарихтан қандай сабақ алуы керек? Келешектің мұраты не болуы тиіс?
– Президентіміз тарихымызды өзге ұлт жазып бермейтінін, өз тарихымызды өзіміз жазып, тарихи тұлғаларымыздың бейнесін өзіміз жасауымыз керектігін айтты. Демек қазақ тарихының әлі де ашыла қоймаған дерегі көп, тарихи тұлғаларға да әділ баға берілуі қажет екенін айтып отыр.
Тәуелсіздіктен асқан қымбат құндылығымыз жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деді. Бұл қанатты сөз әр қазақ баласының жүрегінен орын алуы керек әрі осы сезіммен тәуелсіз еліміздің ірге тасы нық болып қалана береді. Келешегіміздің бақыты да, мұраты да –Тәуелсіздігіміз.
Қ.Қуанышбаев театрының әсем ғимаратын тұрғызып, қазақ руханиятына көптен күткен сый жасаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысым шексіз. Ол кісі «Жаңа театр салынып жатыр, Алла қаласа, жақын күндері кіресіңдер. Жаңа шығармалар жазып, халыққа тарту жасаңдар», деген болатын. Сол күн Тәуелсіздігіміздің ұлықталатын 30 жылдығына тұспа-тұс келді. Театр «Бопай ханым» тарихи драмалық туындысын Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық мерекесіне тарту етті.
– Әңгімеңізге рахмет.